Өңірлер көктемгі су тасқыны қаупін азайтуға кірісті.
Еліміздің өңірлерінде 2026 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ТЖМ.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында өзен арналары тазартылып, жағалаулар нығайтылып, инженерлік қорғаныс құрылыстарының жағдайына тексеру жүргізіліп жатыр.
"Шымкент қаласында Бадам өзенінің бойында ұзындығы 6,8 шақырымды құрайтын жағалау нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Ақмола облысының Сандықтау ауданында Жабай өзенінің арнасын тереңдету және кеңейту жұмыстары атқарылып жатыр. Жамбыл облысында Қордай ауданындағы бөгеттер мен су арналар тексеріліп, Ырғайты өзенінің жағалауы тазартылды. Қостанай облысында Тобыл өзенінің арнасын тазалау, автомобиль жолдарындағы су өткізгіш құбырларды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шығыс Қазақстан облысында Үлбі, Бұқтырма, Нарын, Қалжыр және өзге де өзендерде арнаны түзету және тазалау шаралары атқарылуда. Сонымен қатар арықтар мен су өткізгіш арналарды жасау, жағалауларды нығайту жұмыстары ұйымдастырылған", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Ақмола облысында су тасқынына қарсы шараларға бөлінген қаражатты ұрлағандар сотталды
Министрліктің мәліметінше, барлық жұмыс жоспарға сәйкес атқарылып, тұрақты бақылауда тұр. Бұл шаралар көктемгі су тасқыны кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарын қорғауға мүмкіндік береді.