Илон Маск 12 қыркүйекте Tesla компаниясының 2 миллионнан астам акциясын сатып алып, құнды қағаздарға шамамен 1 миллиард доллар жұмсады.
Бұл жөнінде АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржа жөніндегі комиссиясына (SEC) тапсырылған құжаттарға сілтеме жасап Интерфакс хабарлады.
Акциялардың бір данасы 371-396 доллар бағасымен сатып алынған. Осылайша, Масктың меншігіндегі Tesla акцияларының саны 413 миллионға жетті.
Бұл жаңалық жарияланғаннан кейін компания акцияларының бағасы премаркетте 7,3%-ға өсті. Егер бұл өсу тұрақты сақталса, сәуір айының басынан бері 45%-ға дейін төмендеген баға қайта өсу траекториясына түсуі мүмкін.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Маск соңғы рет ашық нарықтан Tesla акцияларын 2020 жылдың ақпанында сатып алған. Ал 2022 жылы Twitter-ді сатып алу кезінде ол Tesla акцияларын 20 млрд доллардан астам сомаға сатқан болатын.
Бұл жолғы сатып алу – Масктың компания болашағына сенімді екенін көрсетеді. Айта кетейік, 2025 жылдың бірінші жартысында Tesla-ның ғаламдық жеткізілімі 13%-ға төмендеген болатын.
Сонымен қатар, бұған дейін Tesla Маскқа 1 трлн долларлық өтемақы келісімін ұсынған. Бұл үшін компанияның нарықтық капитализациясы 8,5 трлн долларға жетуі тиіс.