"Банктер туралы" жаңа заң 9 бөлімнен тұрады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжілісте банктер және банк қызметі туралы заң жобасының ілеспе түзетулерін таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қолданыстағы Банктер туралы заң 1995 жылы басқа экономикалық жағдайларда қабылданды. Отыз жыл ішінде оған 140-тан астам рет өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, оның құрылымы мен терминологиясы ескірді және ол банк секторының қазіргі даму үрдістерін, атап айтқанда қаржылық-технологиялық бағытының және қаржылық экожүйелердің қарқынды дамуын көрсетпейді. Банктер туралы заң жобасында банк қызметін реттеудің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету", – деді Мәдина Әбілқасымова.

Жаңа заңда банк қызметін реттеудің бес міндеті көзделген:

1) банк жүйесінің жұмыс істеуі үшін құқықтық негіздерді белгілеу;

2) банк қызметіне қатысты реттеу, бақылау және қадағалау;

3) депозиторлардың, өзге де кредиторлар мен клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;

4) банктік қызметтер нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге ықпал ету;

5) қаржылық сауаттылық деңгейін және халық үшін банк қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға ықпал ету.

"Банктер туралы" жаңа заң 9 бөлімнен, 23 тараудан, 135 баптан тұрады. Оның құрылымы банктің құрылуы мен лицензия алуынан бастап, реттеу мен таратуға дейінгі қызмет ету циклына сәйкес құрылған. Ілеспе заң жобасында 7 кодекске, 35 заңға түзетулер енгізіледі.

Мәдина Әбілқасымова заң жобалары шеңберінде бірқатар негізгі салаларда жаңа ережелер көзделіп отырғанын баса айтты.

"Бірінші – бәсекелестікті артыру және банк нарығына қолжетімділікті жеңілдету. Шоғырландыруды төмендету және бәсекелестікті дамыту үшін базалық және әмбебап лицензияларды енгізу арқылы банк қызметінің лицензиялауға қойылатын талаптарды ырықтандыру көзделеді. Екінші – инновацияларды қолдау және қаржылық технологиялық бағытты дамыту", – деді агенттік төрағасы.