Оның айтуынша, базалық сценарий бойынша алдағы үш жылда ЖІӨ-нің нақты орташа өсімі 5,3 пайызды құрайды.
AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және үш жылдық республикалық бюджет жобасын мақұлдап, Парламентке енгізгенін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Номиналды ЖІӨ 2026 жылғы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге (425,6 млрд доллар) жетпек. Бюджет тапшылығы 2026 жылы ЖІӨ-нің 2,5 пайызын құраса, 2027–2028 жылдары тиісінше 1,7 және 0,9 пайызға дейін төмендейді.
Салық реформасының арқасында экономиканы ынталандыратын шығыстардың үлесі 10,9 пайыздан 16,1 пайызға дейін өседі. "Бұл бизнестің дамуына инфрақұрылымдық әрі қаржылық қолдау көрсетіп, әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің сөзінше, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдың бірінші тоқсанында 6,6 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,2 пайызға көп. Инвестиция негізінен көмір және мұнай химиясы, астықты терең өңдеу мен жабдықтар өндірісіне бағытталуда.
2024 жылы ғана шетелдік капиталдың қатысуымен құны 1,3 млрд доллар болатын 45 жоба іске қосылып, 6 мың жұмыс орны ашылды. Жалпыұлттық пулда құны 144 млрд долларды құрайтын 1100-ден астам жоба бар.
Сондай-ақ өнеркәсіп өндірісінің индексі 6,9 пайызға өсті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 6,1 пайыз. Машина жасау, азық-түлік, мұнай өнімдері мен химия салалары негізгі өсімге үлес қосқан. Биылғы жеті айда өңдеу өнеркәсібінің көлемі 16,2 трлн теңгеге жетіп, жалпы өнеркәсіптегі үлесі 47,3 пайыз болды.
2025 жылы өңдеу саласында құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жобаны іске қосу жоспарланған. Соның нәтижесінде 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, өндіріс көлемі 2,2 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде.
Соңғы үш жылда елде полипропилен, ферросилиций, арнайы кокс, тұрмыстық техника, автомобиль шиналары, жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшектер өндірісі іске қосылды. Сонымен қатар тыңайтқыштар, құрылыс материалдары, мұнай-газ жабдықтары мен дәрілік заттардың жаңа түрлері шығарыла бастады.
Бұдан бөлек, жоғары деңгейде өңделген өнім өндіруге бағытталған 17 ірі жоба жүзеге асырылуда. Олар аясында отандық шикізат тиімді пайдаланылып, қосалқы өндірістер дамытылады.