Келер жылы әлеуметтік салаларға бөлінетін қаржы қайта қаралып, оңтайландырылады.

Себебі мемлекеттік қолдау шаралары тек шын мұқтаждарға берілуі тиіс. «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деді. Қаражатты теңгерімді жұмсау мақсатында мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасы әзірленді. Олжас Бектенов Үкімет Президенттің стратегиялық бастамаларын орындау мақсатында дәйекті жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. Жалпыұлттық жоспар шеңберінде елдің тұрақты дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар іске асырылуда.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қаражатты теңгерімді жұмсау мақсатында мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасы әзірленді. Негізгі мақсат ресурстарды шын мәнінде көмекке мұқтаж жандардың пайдасына қайта бөлу. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз масылдық психологияға тосқауыл қоюымыз керек. Цифрландырудың арқасында біз табыс жоғары отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын тоқтатып, бұл қаражатты қиын жағдайға тап болған адамдарға бағыттауды жоспарлап отырмыз.