5 қыркүйекте Алматыда кәсіпқой бокс кеші өтеді. Сол жарыстың басты бәсекесінде Қазақстанның танымал былғары қолғап шебері Әли Ахмедов Танзанияның өкілі Джозеф Майгвисиямен (14-4, 10 КО) жұдырықтасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бастапқы кардта біз Достанбек Мамұтов, Бауыржан Бекмұрзаев, Фарух Тоқтасынов, Қанат Сангил, Виктор Теміров, Нұржан Серікбаев, Ынтымақ Дәуіт және Ролан Огай сынды жерлестеріміздің өнерін тамашалаймыз.

Негізгі кардты Балауса Муздиман (8-0, 6 КО) бастайды. Спорттық мансабын әуесқойлар арасында бастаған қазақ қызы қазіргі кезде кәсіпқой рингте өзінің мықтылығын мойындатуда. Бұл жолы Балауса үндістандық Мамта Сингхпен (7-2-1, 4 КО) сайысқа түседі.

Көптен бері көрінбей кеткен Жанқош Тұраров (28-0, 20 КО) филиппиндік Әли Канегамен (12-2-1, 8 КО) айқасады. Ал ең соңғы жекпе-жекте Әли Ахмедов (23-2, 17 КО) пен Джозеф Майгвисия (14-4, 10 КО) күш сынасады.