Көпір 2-3 ай ішінде қайта іске қосылуы мүмкін .
Өскеменде 600 млн теңгеге жөнделген Шнайдер көпірінің бір бөлігі опырылып түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жергілікті әкімдік төтенше жағдай режимі енгізілгенін хабарлады. Арнайы бөлімшелер апат салдарын жоюмен айналысып жатыр.
Осы жайдайға байланысты қала әкімі Алмат Ақышев пікір білдірді. Айтуынша, соңғы үш тәулік бойы шаһарда толассыз жаңбыр жауған. Облыс орталығының басшысы көпір 2-3 ай ішінде қалпына келеді деп отыр.
"Біз Алматыдан мамандарды шақырдық. Екі жыл бойы жөндеу жүргізіліп, 600 миллион теңге игерілгеніне қарамастан, осындай жағдайдың орын алғаны өкінішті. Тексеріс жүргіземіз, мердігер ұйымдар осында жүр, кепілдік міндеттемелері бар. Соған сәйкес, олар көпірді қалпына келтіретін болады", – деді әкім.