Қазақстанда жол апаттарының құрбаны болған балалардың саны азаяр емес. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылғы алты айдың ішінде 175 бала қаза тапты. Оның жартысынан көбі көліктегі жолаушылар болса, қалғандары — жаяу жүргіншілер, велосипед мінгендер, самокат айдағандар мен мопед жүргізгендер, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, қайғылы жағдайдың басты себебі — ересектердің немқұрайлылығы мен жол ережесін елемеуі.

«Көп жағдайда ата-аналар балаларды қауіпсіздік белдігінсіз отырғызады. Балалар жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтеді, кейде қызыл шамға шығып кетеді. Артына қарамайды, көлікті байқамайды. Сондықтан біз оларды үнемі сақ болуға, алдымен жүргізуші жол бергеніне көз жеткізуге үйретуіміз керек», — деді ол.

Тек жаз айының өзінде Қазақстанда балаларға қатысты бірнеше резонанстық апат тіркелді. Астанада мектеп оқушысы Алуа Бекен автобус жүргізушісінің салғырттығынан екі аяғынан айырылды. Ал тамызда Шығыс Қазақстандағы Бестерек ауылында эпилепсия дерті бар жүргізуші алты баланы қағып, олардың үшеуі оқиға орнында көз жұмды.