Еліміздің әуежайларында тексеру барысында тәркіленген, тасымалдауға тыйым салынған заттар енді сақталмайды.
Бұл туралы Tengrinews агенттігіне ҚР Көлік министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, бұл өзгеріс халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және жолаушыларға қызмет көрсету үдерістерін оңтайландыру мақсатында енгізіліп жатыр.
– Әуе көлігімен тасымалдауға тыйым салынған заттардың тізімімен алдын ала танысу ұсынылады. Толық ақпарат әуекомпаниялар мен әуежайлардың ресми сайттарында, сондай-ақ тіркеу сөрелерінде және тексеру бекеттерінде орналастырылған. Мысалы, қол жүгінде көлемі 100 миллилитрден асатын сұйықтықтар, аэрозольдер мен гельдерді, сондай-ақ, өзге де қауіпті заттарды алып өтуге тыйым салынады, – делінген министрлік хабарламасында.
Авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес, зауыттық қаптамасы жоқ өнімдерді бал, тосап, сүт өнімдері және үйде дайындалған тағамдарды әуе кемесіне алып кіруге болмайды. Мұндай заттар тексеру кезінде тәркіленіп, жойылады.
– Азаматтық әуе кемелерінде жолаушыларға тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар мен бұйымдардың толық тізімімен сілтеме арқылы танысуға болады, – деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ, Көлік министрлігі жолаушыларға қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін заттарды өздерін шығарып салуға келген адамдарға тапсыру мүмкін екенін еске салды.
Жаңа ереже 2025 жылғы 27 тамыздан бастап күшіне енеді.