Ақордада Қытай елшісімен кездесу өтті.

Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинді қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасайтын алдағы сапарына дайындық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Тяньцзинде өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және "ШЫҰ плюс" отырысына қатысу бағдарламасы пысықталды.

Президент еліміздің Қытаймен жан-жақты стратегиялық серіктестікті тереңдетуге баса мән беретінін атап өтті.

Мемлекет басшысы ШЫҰ саммиті табысты өтіп, Ұйым тарихының жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді. Бұл өңірлік сан қырлы байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал етеді.


Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің шақыруымен Қытайға барады


Елші қазақ-қытай қарым-қатынасын барлық салада нығайтуға тың серпін беретін Бейжің мен Тяньцзиндегі іс-шараларды нәтижелі өткізуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Сонымен қатар кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты дамыту перспективасы қарастырылды.