Батыс Қазақстан облысында 13 жастағы қыз баланы құтқарып, өзі суға батып кеткен мұғалімнің ерлігі ескерілуі керек. Марқұмның досы осылай дейді. Оқиға қырық күн бұрын Ақжайық ауылының тұсындағы Жайық өзені жағасында болған. Жағалауға отбасымен демалуға барған Қанат Шайхиденов кенет қыз баланың жанұшырып суға батып бара жатқанын көреді. Ойланбастан өзенге бас қояды. Қыздың әкесімен бірге 25 жастағы тағы бір мұғалім де көмектесуге ұмтылады. Бәрі жабылып, баланы жағаға шығарғанымен, екінші мұғалім суға батып кетеді. Басқалар сол кісіге алаңдап жатқанда, қатты ағыс Қанатты алып кетеді. Ол Абай ауылдық мектебінде ағылшын тілінен сабақ берген еді. 37 жастағы Қанат Шайхиденовтің артында бес баласы мен жары қалды. Қайғылы жағдай марқұм отбасының көз алдында болған. Несиеге алған үйде тұрып жатқан оларға қандай да бір көмек керек-ақ.

Бекзат Сәбитов, марқұмның досы:

Үлкен ұлы 14 жаста. Оған аутист деген диагноз қойылған. Ол бар, жалпы бес баланы бағып отырған үлкен жанұя. Ең кішісі — 4 айлық. Артық етпейді, әрине, көмектесемін деген меценаттар, кәсіпкерлер болса. Төтенше жағдайлардан «ерлікпен адам құтқарды» деген марапаттар бар ғой. Сондай бір марапат болса, балалары үшін.

Қыз баланы құтқарып, өзі суға батып кеткен екінші мұғалім — Астанадағы Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектебі физика пәнінің мұғалімі Бекарыс Әминов болатын. Ауылына демалысқа барып, осы тамызда үйленейін деп жатқан бойы екен. Айта кетерлігі, судың жағасында ешқандай тыйым салынған белгілер болмаған. Арнайы белгі қайғылы оқиғадан кейін қойылды.

Ардақ Мұратқызы