Мәжіліс депутаттары Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы бюджеттің орындалуы туралы есебін тыңдады. Сын көп айтылғанымен, көпшілік "қолдау" көрсетті. Нәтижесінде құжатты енді Сенат депутаттары қарайтын болады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Есепті қарауға депутаттар үш сағат уақыт жұмсады. Палата спикері Ерлан Қошановтың айтуынша, 91 депутат қатысқан, олардың 72-сі "қолдады", 17-сі "қарсы", 2 депутат "қалыс қалды".

"Бүгін біз Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін жан-жақты талқыладық. Үкімет өз жұмысында ерекше назар аударуы тиіс көптеген сындарлы сын мен ұсыныстар айтылды. Бұл – бүгінгі дауыс беру нәтижесінде де көрініс тапты. Қайталанбай-ақ қояйын, бір ғана ерекшелікті атап өтемін – бұрын бюджет шығыстары көбірек сұрақ тудырса, биыл, өкінішке қарай, бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау мен орындау мәселелері алаңдатып отыр. Соның салдары – Ұлттық қордан алынатын қаражаттың күрт өсуі мен сыртқы қарыз көлемінің артуы. Бұл ретте депутаттардың алаңдаушылығы орынды деп есептеймін. Тиісті мемлекеттік органдар бұл мәселеден қорытынды шығаруы қажет", – деді палата спикері.

Сонымен бірге ол 2025 жылы оң өзгерістер бар екенін атап өтті.

"Біз ЖІӨ өсімінің біртіндеп үдей түскенін байқаймыз. Биылғы жылдың бес айында ЖІӨ өсімі 6%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 18%-ға артты. Барлық әлеуметтік маңызды міндеттемелер толық көлемде орындалуда. Бұл – Мемлекет басшысының экономика мен бизнесті қолдауға қатысты нақты тапсырмаларының нәтижелі орындалып жатқанын көрсетеді. Ендігі мақсат – ЖІӨ өсімін бюджет кірісінің нақты өсіміне айналдыру, инфляция мен бағаның төмендеуіне оң әсер ету. Өзгерістер жай ғана "қағаздағы сандар" күйінде қалмай, олардың оң нәтижесін әрбір адам, әрбір отбасы нақты сезінуі тиіс", – деді Ерлан Қошанов.

Осы ретте ҚХП фракциясының депутаттары Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебін қолдамады.

"Өкінішке қарай, 2024 жыл Қазақстан үшін қаржы-экономикалық тұрғыдан шынайы серпінді жыл бола алмады. Елдегі көпжылдық мәселелер – экономиканың жеткіліксіз әртараптандырылуы, оның әлемдік энергетикалық ресурс бағасына тәуелділігі, бюджеттің кіріс бөлігі шығыстарды толық жаба алмауы, Ұлттық қор активтерінің төмендеуі, салықтар бойынша берешек, нақты инфляция деңгейінің жоспарланғаннан асып кетуі", – деді Магеррам Магеррамов.

Оның айтуынша, 2030 жылға дейінгі Қазақстанның мемлекеттік қаржысын басқару тұжырымдамасында мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында салық-бюджет саясаты мұнайға жатпайтын тапшылықты ЖІӨ-ге шаққанда 2025 жылға қарай 6%-ға дейін біртіндеп төмендетуге негізделуі керек. Ал нақтысында 2024 жылы бұл көрсеткіш 8%-дан асты.

Осыдан депутат: "Қазақстан бюджеті әлі де әлемдік энергетика нарығындағы бағаға тәуелді, ал тұжырымдама керісінше болуын талап етеді", – деген қорытынды жасады.

Сол себепті "Ақ жол" демократиялық партиясы да Үкіметтің 2024 жылғы бюджеттің орындалуы туралы есебін қолдамады және "қарсы" дауыс берді.

"2023 жылғы 1 қарашада 2024–2026 жылдарға арналған бюджет жобасын бекіту кезінде Үкімет Ұлттық қордан мақсатты трансферттерді 2024 жылдан бастап қысқартып, ал 2025 жылдан бастап мүлде бас тартатынын мәлімдеді. Ол кезде Мәжіліс бұл тәсілді қолдаған болатын. Алайда 2024 жылдың күзіне қарай бұл шешім қайта қаралып, Ұлттық қордың бюджеттегі рөлі қысқарады деген үміт ақталмады. Мәселен, 2023 жылы мұнайға жатпайтын кірістер бюджет шығыстарының 53,8%-ын қамтамасыз етсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 45,9%-ға дейін төмендеді. Ал Ұлттық қордан алынатын трансферттердің үлесі 54,1%-ға дейін өсті. Яғни, Ұлттық қорға тәуелділік айтарлықтай артып отыр", – деді депутат Азат Перуашев.

Оның айтуынша, қайтарымсыз әлеуметтік шығындардың өсуі мен нақты секторға бағытталған қайтарымды инвестициялардың қысқаруы арасындағы алшақтық жалғасуда.

"Әлеуметтік салаға қаржыландыру соңғы 10 жылда үш есе өсті, тек өткен жылдың өзінде 12%-ға – 8,5 трлн теңгеден 9,6 трлн теңгеге дейін артты. Ал нақты секторға инвестициялар 3,6 трлн теңгеден 2,9 трлн теңгеге дейін, яғни бірден 20%-ға қысқарды. Бұл ұзақмерзімді перспективада теңгерімсіз саясаттың белгісі", – деп атап өтті ол.

ЖСДП фракциясының депутаттары Жоғары аудиторлық палатаның есебін қолдағанымен, Үкімет есебіне қарсы дауыс берді. Бұл ретте депутат Асхат Рахимжанов бірқатар сәйкессіздіктерге тоқталды.

"Миллиардтар жұмсалып, алма бақтары отырғызылды, алайда дүкен сөрелерінде – поляк пен қытай алмалары. Қазақстандық алмалар болса да, бағасы импорттық өнімдерден әлдеқайда жоғары. Алмаларды айтпағанда, біз тіпті картоппен де өзімізді қамтамасыз ете алмай отырмыз – дүкендерде Қытайда өсірілген картоп сатылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын төмендету саясатын қайта қарау қажет. 29 негізгі өнім баршаға арзандатылады, бұл ретте супермаркеттерге барлық әлеуметтік топтар барады. Бірақ біз нарықтық механизмдерді енгізіп жатқанымызды ескерсек, іс жүзінде бағаны ұстап тұру мүмкін болмай отыр. Нәтижесінде шын мұқтаж жандар айтарлықтай қолдаусыз қалуда", – деді ол.

Депутат өмір сүру минимумын, ең төменгі жалақыны, тұтыну себетін минимализмнен базалық әлеуметтік стандарттарға көшіруді тағы бір мәрте ұсынды.

"Біздің азық-түлік себетіміз халықаралық стандарттарға, сондай-ақ халқымыздың дәстүрлі тамақтану мәдениетіне сай келмейді және азаматтарымыздың денсаулығына қауіп төндіреді. Біз дамыған елдерге ұқсауымыз керек. Мәселен, Францияда ең төменгі себетке 500-ден астам тауар мен қызмет кіреді, тіпті мейрамханаға бару да есепке алынады. Ал қазақстандыққа бұл арман ғана. ЖСДП партиясы ай сайын Үкімет бекіткен негізгі азық-түлік бағаларын республика бойынша бақылап отырады. Сол өнімдерді сатып алу үшін орташа қазақстандық отбасыға кем дегенде 70 мың теңге қажет. Сондықтан ең төменгі күнкөріс деңгейі 115 710 теңге болуы керек", – деді депутат.

Respublica партиясының фракциясы Үкіметтің 2024 жылғы бюджеттің орындалуы туралы есебін "қолдады".

"Қазақстанда капитал тапшылығы жоқ – ережелерге деген сенім тапшылығы бар. Өткен жылы бюджет 12 рет түзетілді. Бұл бизнес пен өңірлер үшін болжап болмайтын ахуал тудырады. Мұндай жағдайда ұзақ мерзімді инвестициялық жоспарлау өте қиын. Мысал ретінде Жамбыл облысындағы қант саласын алуға болады. 35 млрд теңге инвестиция салынғанымен, өнім өңделмеді, 3,5 млрд теңгеге дейін шығын келді – бұл үйлестірудің толық сәтсіздігі. Елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төніп тұр", – деді фракция жетекшісі Айдарбек Ходжаназаров.

Оның айтуынша, осындай жағдай әлеуметтік салада да бар.

"Қостанай облысында онкологиялық ауруларға шалдыққандарды қоса алғанда, жеңілдігі бар пациенттер саны артқанына қарамастан, дәрі-дәрмек сатып алуға арналған шығындар 8,1 млрд теңгеден 7,4 млрд теңгеге дейін қысқарды. Нәтижесінде кейбір пациенттер өмірлік маңызы бар дәрілерді өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болды. Сондай-ақ Қостанай облысында электронды мониторинг жүйесін енгізу 2,5 жылдан астам уақытқа кешігуде", – деді ол.

Фракция бизнесті мемлекеттік қолдау мен салалық субсидиялардың тиімділігін бағалау жүйесін міндетті түрде енгізуді, бұл бағалаудың нәтижелерін ашық жариялап, тиімсіз шараларды шынайы қайта қарау қажеттігін ұсынады. Сонымен қатар көлеңкелі экономика мен салықтық алшақтықты бағалауды толыққанды жүзеге асыру керек – тек есептерде ғана емес, нақты көрсеткіштермен, ашық есептілікпен, көлеңкелі экономиканы азайтудың нақты мақсаттарымен бірге.

"Amanat" партиясы фракциясының депутаттары да Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін қолдады. Алайда депутат Елнұр Бейсенбаев бірқатар мәселелерге назар аударды.

"Бірнеше түзетулерден кейін Еңбек министрлігінің бюджеті 96 млрд теңгеге қысқарды. Бұл қаражат мүгедектік бойынша жәрдемақыларды кем дегенде 20%-ға арттыруға немесе басқа да әлеуметтік жобаларға бағытталуы мүмкін еді. Мысалы, ерекше қажеттіліктері бар 100 мың балаға аса қажет оңалту орталықтарын салуға жұмсауға болар еді. Бірақ министрлік бұл қаражатты еш қарсылықсыз, депутаттарға ескертпестен, игермей қойды. Сонымен қатар Жоғары білім министрлігі де шамамен 52 млрд теңгені қысқартты. Бұл қаражат бастапқыда депутаттар тарапынан ғылымды тікелей дамыту мақсатында мақұлданған болатын. Алайда бұл талап орындалмады, нәтижесінде ғылым маңызды инвестициялардан қағылды", – деді ол.

Оның бағалауынша, бұл сәтсіздік сапасыз талдау мен болжаудың салдары. Депутат сондай-ақ мемлекеттік қарыз жағдайына да тоқталды.

"Қазіргі таңда мемлекеттік қарыз ел бюджетінің көлемінен 6,2 трлн теңгеге асып, 32 трлн теңгені құрап отыр. Бұл қарызды жыл сайын өтеуге 2 трлн теңге жұмсалады, бірақ бұл соманың өзі қарызды азайтуға еш әсер етпейді. Біз фискалдық қателіктер мен қарыздардың өсуі ел бюджетіне қауіп төндіріп тұрғанын көріп отырмыз. Мысалы, Ұлттық қорға және республикалық бюджетке 1,3 трлн теңге көлемінде кірістер түспеді, Ұлттық қор активтері ЖІӨ-нің 20%-ына дейін қысқарды, квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы тағы 1 трлн теңгеге артты. 2025 жылдың басында сыртқы қарыз 1,5 млрд долларға өсіп, шамамен 168 млрд долларды немесе 86 трлн теңгені құрады", – деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.

Бұған дейін 18 маусымда биржада доллар бағамы өсуін жалғастыруда екенін жазған болатынбыз.