Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өндірісте жазатайым жағдайлардың алдын алу, еңбек адамдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбек саласын цифрландыру мәселесі қаралды. Сонымен қатар туристердің еліміздегі демалысын жайлы ету жайы да сөз болды.

Премьер-министр Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмыс­шы мамандықтары жылы» деп жариялап, еңбек адамының беде­лін арттыруға қатысты нақты міндеттер қойғанын атап өте келе, өндірісте еңбекті қорғау мәселесі басты назарда екеніне тоқталды.

Ал Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Светлана Жақыпова қабылданып жатқан іс-шаралардың нәтиже­сінде елімізде өндірісте болатын жазатайым оқиғалардың саны азайғаны туралы баяндады. Мәселен, 2025 жылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кәсіпорындарда жарақат алу жағдайы 16,9%-ға төмендеген.

Осы орайда Премьер-министр еңбекті қорғау мәселелерін заманауи тәсілдерге негіздеуді тапсырды.

«Адам өмірі мен денсаулығы – ең басты құндылық. Сондықтан еңбекті қорғау жүйесі жұмыс орнында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдеріне негіз­делуі керек. Мемлекет басшы­сы кәсіпорындарда еңбек қауіп­сіздігі мәселелерін шешуді нақты тапсырды. Ерте ескерту және хабарлау жүйелері апат қаупі туын­даған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жазатайым оқиғаларды азайту үшін жұ­мыс берушілер жарақаттануға, әсіресе адам өліміне алып келетін жағдайларды болдырмайтын еңбек қауіпсіздігін, автоматтандыру мен цифрландыруды қамтамасыз етуге міндетті», деп атап өтті О.Бектенов.

Премьер-министр еңбек­ті қорғау шараларын ұйымдас­тырудың бірыңғай тәсілін әзірлеу қажеттігін және бұл барлық мем­ле­кеттік органдардың, әкімдік­тер мен кәсіпорындардың бірле­сіп атқаратын ауқымды жұмысы­на айналуға тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар Еңбек заң­намасының бұзылуы­на қатыс­ты, оның ішінде Кәсіпорын­дардың цифрлық картасын пайдалана отырып мониторинг жүргізуді күшейтуге баса назар аударылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін еңбекті қорғау саласындағы біртұтас цифрлық экожүйені құруды қамтамасыз ету тапсырылды.

«Еңбекті қорғау мәселесінде жұмыс берушілердің өздерінің рөлі мен қатысуы өте маңызды. Жұмыс берушілердің жұмыскер­лермен жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасуын қамтамасыз ету қажет. Жалпы, кәсіпорындар­да жарақаттануға мүлдем төзбеушілік қағидатын, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес келетін кәсіби тәуекелдерді бағалау мен басқару жүйесін белсенді түрде енгізу керек», деді Премьер-министр.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін жұмыс берушілердің өндірісте жарақат алу фактілерін жасыруына жол бермеу бөлігінде заңнамалық түзетулер әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жұмыс берушілермен бірлесіп, жыл соңына дейін өнеркәсіп орындары мен құрылыс секторында өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға арналған арнайы жабдықтарды міндетті түрде орнатуды қамтамасыз ету жүктелді. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі осы жылдың соңына дейін кәсіпорындарға өнеркәсіп­тік қауіпсіздік нормаларына сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізуге тиіс.

Сонымен қатар Үкімет отырысында елімізде туристердің жайлы және қауіпсіз болуын қам­тамасыз ету мәселесі қара­лып, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақ­станның туристік саласы жыл сайын дамып, өз әлеуетін арттырып келе жатқанын баяндады. Мәселен, 2024 жылы ішкі туристер саны 10,5 млн адамды, шетелдік келушілер 15,3 млн-ды құраған. Бүгінде 87 ел үшін визасыз режім қарастырылған, 107 шет мемлекеттің азаматтары визаны электронды түрде рәсімдеуге мүмкіндігі бар.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов ведомство тарапынан туристер үшін қолайлы жағдай жасау бойынша барлық қажетті жұмыс жүргізіліп жат­қа­нын хабарлады. Атап айт­қанда, саяхаттаушылардың біздің елге кіру және болу рәсімдері жеңіл­детілген. Бүгінгі таңда шетелдіктер тіркелу үшін полицияға барудан босатылды, қабылдаушы тарап бұл рәсімдеуді онлайн жүзеге асыра алады. Шетелдік қонақтар үшін қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде қажетті және пайдалы ақпаратты қамтитын арнайы мобильді сайт ашылды. Өңірлерде туристердің қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету үшін шет тіл­дерін меңгерген туристік поли­ция қызметкерлері жұмыс істейді. Туристік орындарда бейнебақы­лау жүйесі орнатылған, жеке тасымалдаумен айналысатын адамдармен профилактикалық жұмыс жүргізіледі, транзиттік көлік жүргізушілеріне көмек көрсетіледі.

«Мемлекет басшысы туризм индустриясы экономикалық өсім­нің маңызды драйвері екенін бірнеше рет атап өтті. Біз Қазақ­станның шетелдік туристерге дос­тық пейілі бар, емін-еркін дем­алу­ға қолайлы ел ретінде тар­­тым­дылығын арттыру үшін қа­жет­ті жағдай жасауымыз керек. Бұл бағытта ауқымды жұмыс ат­қарылып жатыр. Халықаралық әуе қаты­н­астарының, теміржол және авто­көлік бағыттарының география­сы кеңейтіліп жатыр. Шетелдік азаматтар үшін көші-қон рәсімдерін жеңіл­­дету қолға алынды. Келген қонақ­тардың емін-еркін әрі қауіпсіз демалысына ерекше көңіл бөлініп отыр», деп атап өтті О.Бектенов.

Премьер-министр Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында көршілес елдерден келген туристерді қабылдау жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Бұл тәжірибені кеңінен тарату қажет.

«Туристік өнімдерді нақты туристік топтардың, әсіресе шекаралас өңірлердегі туристерге бейімдеген жөн. Мұның шағын және орта бизнестің қызметіне ғана емес, сондай-ақ бағдарламалық-цифрлық өнімдерге де қатысы бар. Туристік локацияларда сапалы ұялы байланыс пен интернет болуға тиіс. Қонақүйлер мен турис­­тер жиі баратын басқа да орындарда қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздік деңгейіне, сондай-ақ баға саясатының қолайлы болуы­на назар аудару керек. Турис­тер үшін келген сәттен бастап, бүкіл сапар маршруты бойынша және ел­ден кеткенге дейін қолай­лы жағ­дай­ларды қамтамасыз ету қажет», деп атап өтті Үкімет басшысы.

Отырыс барысында Премьер-министр сала басшыларына бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, Туризм және спорт министрлігі Цифрлық даму, ин­нова­циялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігімен бірле­сіп, ұлттық туристік порталдың, eQonaq көші-қон сервисінің, такси қызметтерінің және туристерге арналған басқа да пайдалы ресурстардың функционалын кеңейту жұмысын жүргізуді тапсырды. Ал Ішкі істер, Төтенше жағ­­дайлар, Денсаулық сақтау министр­­ліктері туристердің қауіпсіз­­дік шараларын күшейтіп, шетел аза­­маттары үшін көптілді жедел же­ліні енгізу мәселесін пысық­­тауы қажет. Сондай-ақ Туризм ми­нистрлігіне мүдделі мемле­кет­тік органдармен және әкімдік­­тер­мен бірлесіп, бір ай мерзімде шетелдік туристердің Қазақ­станда жайлы әрі қауіпсіз болуын қам­тамасыз ету бойынша іс-шара­лар кешенін әзірлеу жүктелді.