2017 жылы мемлекет банк жүйесін құтқаруға 1,4 триллион теңге бөлді . Бұл қаражат 15 жылға, бар болғаны 4 пайыздық мөлшерлемемен берілді. Ресми түрде бұл – несие. Ал іс жүзінде ол банктерді банкрот болудан аман алып қалуға бағытталған тікелей көмек еді. Сол кезде билік қаржы нарығындағы дүрбелеңді тоқтатып, халықтың салымдарын сақтап қалуға тырысты. Бірақ жеті жылдан кейін бұл шешімнің салдары мүлде басқаша болып шықты.

Мемлекеттік көмек алған банктердің көбі сол ақшаны толық қайтарған жоқ. Тек ЦентрКредит Банкі ғана қарызын жапты. Ал RBK бар болғаны 30 миллиард теңге қайтарды. Еуразиялық банк пен Нұрбанк мүлде өтемеген. Мемлекеттік көмек алғандардың арасында ең көп қаражат Jusan Bank-ке бағытталды. Цеснабанк пен АТФ банк осы қаржы ұйымына қосылғаннан кейін мемлекет оған тағы бір триллион теңгеден астам қолдау көрсетті. Сарапшылар бұл ақшаның қайтпайтынын ашық айтып жүр. Оның үстіне банк қазір 859 миллиард теңге көлеміндегі ресурсты 2045 жылға дейін еркін пайдалана алады.

Бірақ сұрақ біреу-ақ: осының бәрі халыққа қандай пайда әкелді? Экономистердің айтуынша, қысқа мерзімде нәтиже болды. Банктер банкрот болмады, депозиттер жоғалған жоқ, қаржы жүйесі күйремеді. Бірақ ұзақ мерзімде бұл шешім әділетсіз болды. Себебі банктер арзан қаржы алса да, несиенің пайызын төмендетпеді. Қайта, халықтың мойнындағы қарыз көлемі арта түсті. Соңғы бір жылда жеке тұлғалардың несие жүктемесі 23,8 пайызға өсіп, бүгінгі таңда ел азаматтарының банк алдындағы берешегі шамамен 25 триллион теңгеге жетті.

Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов бұны тұтынушылық несиелеудің шамадан тыс өсуімен түсіндіреді. Оның айтуынша, соңғы бес жылда азаматтардың тұтынушылық несие алуы 30 пайызға артқан. Бұл халық табысының өсу қарқынынан әлдеқайда жоғары. «Біз тұтынушылық несиелеудің шектен тыс өсуін бақылап отырмыз. Бұл экономикалық тепе-теңдікке қауіп төндіреді», – дейді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл тақырыпқа бірнеше рет тоқталған. «Банктерге мемлекет тарапынан үлкен көмек көрсетілді. Бірақ енді олар да өз жауапкершілігін сезінуі керек. Мемлекет қиын кезде қол ұшын берді, енді қоғамға қайтарым болуы тиіс», – деген еді Президент 2024 жылғы экономикалық форумдардың бірінде.

Экономист Бауыржан Ысқақов бұл жағдайды былай түсіндіреді: «Банк секторы сол кезде құлаған экономиканы ұстап қалды. Бірақ сол құтқару ақшасы нақты секторға жеткен жоқ. Ол халыққа берілетін арзан несиеге айналған жоқ. Қаражаттың көбі банктердің өз балансын түзетуге, ескі қарыздарын жабуға кетті».

Қаржы нарығын зерттеуші Айгүл Мырзабаева да бұл пікірмен келіседі. Оның айтуынша, «2017 жылғы бағдарлама банктердің балансын сауықтыруға бағытталды, ал банктер болса әлеуметтік жауапкершілік танытпады. Мысалы, сол жылдары арзан ресурстарды алған банктер жеке тұлғаларға 18–20 пайыздық мөлшерлемемен несие беруді жалғастырды».

Мәжіліс депутаттары болса, мұны «қаржылық әділетсіздік» деп атайды. «Мемлекет банктерді құтқару үшін триллиондар бөлді, ал қарапайым халық сол банктерден әлі де қымбат несие алуға мәжбүр. Кейбір банктер мемлекеттен алған қаражатты қайтармай тұрып акционерлеріне дивиденд төлеп отыр. Бұл – ақылға сыймайтын жағдай», – дейді депутат.

Fitch Ratings агенттігі өз есебінде Қазақстанның банк жүйесі соңғы жылдары тұрақтылыққа қол жеткізгенімен, құрылымдық тәуекелдер әлі де жоғары екенін атап өтті. «Бір борышкерге тәуелділік, валюталық тәуекел және ашықтықтың төмендігі – бұл факторлар банктердің ұзақмерзімді сенімділігін әлсіретеді», – делінген агенттік есебінде.

Экономистердің есептеуінше, соңғы он бес жылда Қазақстан банктерін құтқаруға бірнеше рет араласқан. Әрбір бағдарламаның орташа құны шамамен 200 миллиард теңге болған. Бұл қазынаға ауыр салмақ түсірді. Бірақ қоғамға нақты қайтарым аз болды. Банктер арзан несиені өз капиталын көбейтуге, активтерін қорғауға жұмсап, экономиканы несиелеу қарқынын айтарлықтай арттырған жоқ.

Бүгінгі таңда Үкімет жаңа заң жобасын дайындап отыр. Құжатқа сәйкес, бұдан былай банктерге бюджет есебінен көмек көрсетілмейді. Тек жүйелік маңызы бар қаржы институттары ғана қолдау ала алады. Бірақ бұл жолы жаңа талап енгізілмек: мемлекеттен көмек алған банк акционерлеріне қарыз толық өтелмейінше дивиденд төлеуге және топ-менеджерлерге сыйақы беруге тыйым салынады.

Бұл бастаманы экономист Алмас Чукин құптап отыр. Оның айтуынша, «егер бұрынғыдай банктерге көмек беріліп, олар ештеңе қайтармай кете берсе, бұл моральдық тәуекел тудырады. Яғни банктер өз тәуекелін сезінбейді. Ал жаңа заң жобасы осыны шектеуге бағытталған».

Қаржы сарапшысы Динара Бекенова болса, мәселенің тағы бір қырын атап өтеді: «Бұл жерде тек банктерді кінәлау дұрыс емес. Халықтың өз қаржылық сауаттылығы да төмен. Көп адам несиенің шарттарын түсінбей, табысына сай емес қарыз алады. Соның салдарынан қарыз жүктемесі жыл сайын артып келеді».

Расында, Ұлттық банк деректері бұл пікірді растайды. 2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда берілген барлық несиенің 53 пайызы жеке тұлғалардың үлесінде. Яғни экономиканың жартысынан көбі тұтынушылық несиемен айналып отыр. Бұл – ел экономикасы үшін қауіпті белгі.

Банк секторына жасалған мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде қаржы жүйесі бір сәтке тыныштық тапқанымен, ұзақ мерзімді тұрғыда әділетсіздік қалыптасты. Банктер арзан ресурстардың пайдасын көрді, ал халық қымбат несиеге тәуелді болып қалды. Енді Үкімет жаңа ережелермен жағдайды түзеуге тырысуда. Бірақ сарапшылар бұл реформалардың тиімділігі нақты бақылауға байланысты дейді. Егер мемлекет бұрынғы қателіктерден сабақ алып, банктердің жауапкершілігін күшейтсе, онда бұл шешімнің қоғам үшін пайдасы болуы мүмкін. Ал егер бәрі қағаз жүзінде қалып қойса, банктерге құйылған триллиондар тағы да ел қазынасына қайтпай, қарапайым халық қарыздың астында қала береді.