Ақмола облысында жылу маусымына дайындық қарқынды жүріп жатыр.

Биыл жылу нысандарын жөндеу үшін республикалық бюджеттен 31 млрд теңге бөлінді. Жұмыстың басым бөлігі — Көкшетау және Степногорскте жүріп жатыр. Биыл Көкшетаутағы жылу көздерін жөндеуге Үкімет резервінен бір миллиардтан астам теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары сәуір айында басталды. Қазір №1 аудандық қазандығы толық жөнделді.

Жылыту маусымында негізгі жүктеме №2 аудандық қазандыққа түседі. Сол себепті жөндеу жұмыстарының басым бөлігі дәл осы жерде жүргізілуде. Қазіргі таңда мамандар үш ірі қазандықты және қосымша құрылғыларды жөндеп жатыр.

№2 аудандық қазандықтағы жөндеу жұмыстары тамыздың соңына дейін толық аяқталады. Сонымен қатар қосалқы жабдықтар да жаңартылады.

Сергей Чайкин, мердігер ұйымның бас инженері:

- Қазір қыздыру беттерінің блоктарын шешіп, қайта орнату жұмыстары жасалды. Ең ауқымды жұмыс №9 қазандықта атқарылды. Оны аяқтап, жаңадан 17 блок орнаттық. Жөндеу жұмыстарының жартысынан астамы орындалды. Нысанда 40-тан астам адам жұмылдырылған.

Қалада жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. Тозығы жеткен екі учаскеде магистральді желілер ауыстырылу үстінде. Осының нәтижесінде тозу деңгейі 1,5 пайызға қысқартылмақ.

Руслан Мәкішев «Көкшетау жылу» кәсіпорнының бас директоры:

- Осы жылы екі магистралдік құбырымыз бар. Ол екі жылға жалғасады. Осы жылы 200 метрден артық құбыр айырбасталынады. Келесі жылы қалған жұмыстардың бәрін өткіземіз. Енді ол жұмыстарымыз «Тариф в обмен на инвестиции», сонымен әрі қарай жалғастырылып жатыр. Келесі жылыту маусымына 20 қыркүйекке бәрін дайындап, бітіреміз деп белгілеп отырмыз.

Сонымен бірге ауқымды жөндеу жұмыстары Степногорск жылу электр орталығында қамтыды. Биыл жергілікті қазандықтарды жаңғыртуға 7 млрдтан астам теңге жеке инвестиция бөлінді. Мұнда 10 шақырымға жуық жылу желісі жөнделді.

Аслан Әбутәліпов, Жеңіс Егінбаев, Көкшетау, 24KZ