Тыныс — ұлттың үні
Бөлімдер
Қосшы

Каспийдегі қайғылы оқиға: қаза тапқандардың арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегері бар

Каспийдегі қайғылы оқиға: қаза тапқандардың арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегері бар

Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегері Сержан Аяпберген болған, деп хабарлайды "Жас Батыр" мектебіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқандардың арасында Маңғыстау облысы "Жас Батыр" спорт мектебінің спортшысы Аяпберген Сержан Талғатұлы да болғаны хабарланды.

"Сержан жастайынан спортпен шұғылданып, самбо, дзюдо спорт түрлерінен облыс, республика және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, Маңғыстау спортының абыройын асқақтатқан дарынды спортшы еді", – делінген хабарламада.

Ол:

  • самбо күресінен кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері;
  • самбодан студенттер арасында ТМД ойындарының күміс жүлдегері;
  • дзюдодан халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпазы, сондай-ақ спорт шеберлігіне кандидат болған.

"Спорттағы жарқын жетістіктерімен қатар, Сержан ел алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанып, Отан қорғау жолында қаза тапты.

Аяпберген Сержан Талғатұлының мезгілсіз қазасына байланысты отбасына, туған-туыстарына, жақындарына және барша әріптестері мен спортшылар қауымына қайғырып көңіл айтамыз", – делінген хабарламада.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Жас Батыр Актау (@zhas_batyr_aktau)

Естеріңізге сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының кенеттен әрі күрт нашарлап, жел екпінінің күшеюі салдарынан ашық теңізге 17 әскери қызметшіні алып кеткен болатын.

Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде үш әскери қызметші құтқарылды. Өкінішке қарай, 12 әскери қызметші қаза тапты.

Бүгін Қорғаныс министрлігі тағы екі әскери қызметшінің денесі табылғанын және іздестіру-құтқару операциясының аяқталғанын мәлімдеді.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалды. Тергеушілер 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алған, күдіктілер анықталды.

Бүгін – Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні.

Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз

Дереккөз: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева