Қазіргі таңда мұражайдың "ұлттық" мәртебесі тек атауында ғана, ол ресми бекітілмеген.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова Ұлттық мұражайға "ұлттық" мәртебесін ресми түрде беруді сұрап, үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына сауал жолдады.
"Ұлықтанбаған Ұлттық мұражай! Қазақтың тарихы, құндылығы мен мәдениетінің көрінісі жиналған Еліміздің келбеті Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы тек атауында, ресми түрде мәртебесі бекітілмеген. Бұл киелі шаңыраққа деген қиянат", – деді Екатерина Смолякова.
Депутаттың мәліметінше, Қазақстанда 275-тен астам мұражай жұмыс істейді, олардың қорында 4 миллионнан астам экспонат бар, оның ішінде 360 мың жәдігер ұлттық мәдени мұра нысандары болып табылады. Бұл – палеолит дәуірінің, Тұранның, Ұлы Жібек жолының, Қарлаг тарихының және Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының құнды ескерткіштері.
"Дегенмен, әлемге паш еткен Елордамызда Өлкетану мұражайы жоқ. "Түбін білмеген түгін білмейді" дейді дана қазақ. Әр келген турист "Астана қалай пайда болды?", "Тарихы бар ма?" деген сұрақтарды жиі қояды. Тағы бір мәселе – мұражайлардың маркетинг, цифрландыру және коммерцияландыру мүмкіндігінің шектеулілігі. Қазақстанда мұражайларды туристер үшін тартымды нысандар ретінде жүйелі түрде насихаттау жұмысы жолға қойылмаған. Мысалы, 2024 жылы елге келген 15 млн шетелдік туристің ішінде мұражайларды қаншасы аралағаны белгісіз", – деді депутаты.
Екатерина Смолякова осы ретте Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайына "Ұлттық мұражай" ресми мәртебесін беруді, сондай-ақ мұражайларды заманауи техникамен жабдықтау – аудиогидтер, мультимедиялық жүйелер, жасанды интеллект элементтері, LED-экрандар мен интерактивті панельдермен жабдықтауды және кәсіби мамандар легін тұрақтандыру үшін мұражай қызметкерлерінің жалақысын арттыруды сұрады.
Оқи отырыңыз:
Алматыда жаңа өнер мұражайы бой көтерді. Ол қашан ашылады және билет қанша тұрады
Абай облысының оқушысы қазақ тарихын зерттейтін 3D мұражай жасады