Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Эстон кітабының 500 жылдығына арналған көрменің және Эстон әдебиеті бұрышының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Эстония президенті Алар Карис мырза қатысып, жүрекжарды лебізін білдірді.
– Биыл біз эстон жазба тілінің 500 жылдығын атап өтудеміз. Осы маңызды мерейтой барысында 2025 жылды «Эстон кітабы жылы» деп жарияладық. Жыл бойы әртүрлі бастама арқылы кітап оқудың маңызын ерекшелеп көрсеттік. Бүгін біз осы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Эстон кітабы – 500» көрмесін және шағын, бірақ мәні зор Эстон әдебиетінің бұрышын ашып отырғанымызға қуаныштымыз. Қазақстанды эстон әдебиетімен таныстыруға, сондай-ақ кітаптың адамдарды байланыстырып, халықтарды табыстыратын қуатын атап өтуге тиістімін. Қазақстан да, Эстония да өз әдебиетінің негізін бай ауыз әдебиетінен алатыны – көңіл аудартатын ортақ қасиет. Айтыс секілді дәстүрлі халық әндері әдебиет пен жазба тілдің дамуына берік негіз болды. Бір кезде баспа ісінің пайда болуы әлемді түбегейлі өзгерткен еді, бүгінде жасанды интеллект те сондай ауқымды өзгерістер әкеліп жатыр. Алайда даму жолында өткеннің құндылықтарын сақтау да маңызды. Бүгін біз қазақ тіліне аударылған екі эстон кітабын да алып келдік. Осы үлкен кітапханадан оларды тауып, қызығушылықпен оқисыздар деп үміттенемін. Эстонияның жаңа кітап бұрышы достық пен қызықты оқиғаларға толы болсын деп тілеймін.
Екі елдің байланысы кітап пен әдебиет арқасында одан әрі нығая берсін, – деді Эстония Президенті.
Бұдан соң сөз алған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева екі елдің мәдени байланысының нығайып келе жатқанын тілге тиек етті.
– Бүгін біз Қазақстан мен Эстония арасындағы терең рәміздік мәнге ие маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Баршаңызды Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Эстон әдебиеті бұрышының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – сөздің, руханияттың күші арқылы елдер мен халықтарды жақындастыратын ұзақ мерзімді әрі маңызды бастаманың бір бөлігі. Өздеріңіз табалдырығын аттап отырған Ұлттық академиялық кітапханада эстон әдебиеті мен эстон қаламгерлері туралы 100-ден астам құнды басылым сақталған. Олардың қатарында эстон әдебиетінің көрнекті өкілдері – Юхан Смуул, Пауль Куусберг, Яан Кросс сынды қаламгерлердің шығармалары да бар.
Біз бүгін Эстонияның бай әдеби дәстүрімен жақынырақ танысу мүмкіндігі туып отырғанына қуаныштымыз. Бұл дәстүрдің бастауында ұлттық эпос «Калевипоэгтің» авторы, эстон жазба мәдениетінің негізін қалаушылардың бірі – Фридрих Рейхольд Крейцвальд тұр. Шығарма эстон халқының оянуы мен мәдени қайта жаңғыруының рәмізіне айналды. Өз кезегінде қазақ әдебиетінің інжу-маржандары да эстон тіліне аударылып, эстон оқырмандарына жол тартты. Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Мағжан Жұмабаевтың шығармаларымен қатар, Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Олжас Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев және басқа да қазақ қаламгерлерінің туындылары эстон тіліне тәржімеленіп, қос халықтың рухани жақындасуына дәнекер болды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан ресми сапармен қазақ еліне ат басын тіреген, осындай келелі жобаның іске асуына қолдау білдірген Эстония Республикасының Президенті, жоғары мәртебелі Алар Карис мырзаға, сондай-ақ кітап арқылы мәдени бірлікті насихаттап жүрген барша әріптестерге шынайы алғысымды білдіремін, – деді министр.
Қос тараптың лебізінен соң арнайы лента қиылып, Эстон кітабының 500 жылдығына арналған көрме мен Эстон әдебиеті бұрышының ашылуы өтті. Қонақтар көрмеден жаңа кітаптар мен мәдени қазынаны тамашалады. Сонымен қатар Эстониядан арнайы келген қонақтар болашақта қос елдің рухани достығы бұдан да биікке өрлейтініне сенім білдірді.