Шығармашылық әлем – күрделі де қызық құбылыс. Әр қаламгердің шығармасы қандай ерекше болса, оны жазу үдерісі де сондай ерекше. Айталық, Бальзак пен Достаевский түнде жазса, Толстой таңғы уақытты құп көрген. Хемингуэй шығармашылық жұмыспен тізе бүкпей, түрегеп тұрып айналысса, біздің ақын Ғалым Жайлыбай өлеңдерін етпетінен жатып жазғанды ұнатады. Мұндай ерекшелік жазушы Әзілхан Нұршайықовта жетерлік. Үшбу мақаламызда қаламгердің хаттары мен естеліктеріне сүйеніп, оның көркемдік кеңістігіне ұмтылдық. «Оның қаламгер болуына не әсер етті?», «кейіпкерлердің образын қайдан алды?», «оларды қандай жағдайда қағазға түсірді ?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Өлеңші бала
«Өмірі мазмұнды кісінің шығармашылығы да мазмұнды» деген Ибсен сөзін тиянақ қылсақ, Нұршайықов шығармашылығының ауқымы кең, мазмұны терең болуының себебі оның жүріп өткен қиыр да шиыр жолдарына байланысты. Жарма ауданына қарасты шағын ғана ауыл «Келінсүйегі» деген жерде туып-өсіп, Алматыдағы тау-кен институтының жұмысшы факультетіне түседі. Кейін Семейдегі Абай атындағы қазақ педагогикалық училищесіне ауысып кетеді. Онысы жай емес, алғашқы махаббатын тауып аламын деп әдейі ауысады. Бұл жағын соңыра әдіптеп айтатын боламыз. Содан кейін, бәрімізге белгілі, соғыс өрті шарпып, Әзілхан майданға араласады. Аман-есен оралған соң тілші қызметін әрі қарай жалғастырып, еңбегінің нәтижесінде іргелі басылымдарда басшылық етеді. Әдеби үдеріске белсене қатысады. Сол аралықта жазушының қолтаңбасын айшықтаған көркем шығармалар дүниеге келеді. Кітаптары мыңдаған тиражбен басылып, одақ көлемінде тарады. Әйтсе де, өзінің мұншалықты танымал жазушы болатын Жармадағы «өлеңші бала» білді деймісің?
Талант табиғаты бесіктен белгі береді. Өнерге бейімі бар жас Әзілхан эпостық жырлар мен шығыс дастандарын сүйіп тыңдайтын-ды. «Мың бір түн», «Жүсіп-Зылиқа», «Рүстем-Зораб», «Сейпілмәлік», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Тәуке батыр», «Түсіпхан» секілді аңыз-әңгіме, жыр-қиссаларды жадына тоқып, жақын-жуық туысқандарға айтып отырған. Көпшіліктің көңілін көтеретін Әзілхан туған ауылында «өлеңші бала» атанып кетеді. Әрі қарай қаламгердің өзі еске алады: «Жұрт «өлеңші» дегеннен кейін мен өзімді ақын болып кеткен екенмін деп ойладым. Ақын өз жанынан өлең шығаруға тиіс. Мен де сөйттім. Сондағы алғашқы өлеңім мынау еді. Ол кезде біздің жақта «Түсіпхан» деген бір ескі қисса болатын. Ол былай басталатын.
Қолымда ұстағаным күміс қалам,
Әуелi өзiң сақта Хақ тағалам!
Осы өлеңнің үлгісін мен дәптерімнің бірінші бетіне былай деп жаздым:
Қолымда ұстағаным темір қалам.
Бұлай дейтінім – біздің бала күнімізде екі басты темір қаламдар болатын. Оның бір жағына қаламсап, екінші басына қарындаштың тұқылы сұғылатын. «Түсіпханды» жазған ақын «Қолымда ұстағаным күміс қалам» десе, менің «Қолымда ұстағаным темір қалам» деуге әбден хақым бар емес пе? Оның үстіне, менің ұстағаным расында да темір қалам. Өмір шындығының өзі осы. Ал қиссаның мысалы діни сөздерден тұратындықтан, мен оны мүлде өзгертіп жібердім. Үшінші, тәрбиелік жолдарын да сөйттім. Сонда ол мынадай болып шықты:
Қолымда ұстағаным темір қалам,
Көңілім оқу десе болар алаң.
Оқуды жақсы оқып, білім алсам
Кеңеске керекті бір адам болам.
«Кеңес» деп ол кезде «совет» деген сөзді айтатын. Ендеше менің айтайын деген ойым айдан анық: оқуды жақсы оқып, білімді азамат болып өссем. Отаныма керекті адам боламын дегенім бұл. Енді бір кемшілігі – бұл өлеңге ат қоюым керек. Өйткені ақындардың өлеңдерінің бәрінің жеке-жеке аттары болады. Ары ойлап, бері ойлап, оны да таптым: «Оқушы ойы» деп қойдым да, артынан «Шәкірт ойы» деп түзеттім. Осыдан кейін мен ауылда «Ақын бала» атандым. Бір саты өстім. Бұрынғы «өлеңші бала» деген ескі атым далада қалды». Осылайша, өлең-жырға құмартқан бала Әзілхан, үлкен қаламгер болуды армандайды.
Әзілхан шығармаларын оқып отырып, автордың нарраторлық шеберлігі анық аңғарылады. Яғни оқиғаны баяндау машығы өте керемет. Бұған бірден бір әсер еткен дүние – әрине, жыр-дастандар. «Алпамыс Тайшық ханға шаба берсін, біз Гүлбаршынның жағдайын білейік» деп келетін батырлық жырларға тән ауысымдар Нұршайықов шығармаларында қаламгерлік әдіс ретінде сәтті қолданылады.
Алғашқы махаббат немесе Алматыға ауысу
«Махаббат, қызық мол жылдар» сынды романмен адам сезімінің нәзік қатпарларын ақтарған қаламгердің махаббат машақатын ерте сезінуі заңды. Әзілхан бұған 14 жасында тап болды. Ол кезде колхоз бригадирінің көмекшісі болып, каникулда жұмыс істеп жүрген кезі. Тапсырмадан басқа ешқандай уайымы жоқ бозбала алаңсыз табель толтырып тұр. Бір кезде екі арбаның үстінде келе жатқан бір топ қыздар көзіне түседі.
«Табельді лақтырып тастадым да, қыздарға қарай жүгірдім. Жүдә жүйріктігімнің арқасында зымырап жетіп бардым. Детдомның қыздары екен. Шаштарын желкеден қиып тастаған. Шетінен бәрі әдемі. Соның ішінде аппақ қыз көзіме оттай басылды. Аппақ болғанда, жұмыртқадай. Сол қызға бірден ғашық бола бастадым». Көрдіңіз бе, жазушының баяндау стилі де өзгеше. «Қарсы болмаса осы қызға мен ғашық болайын деп ойладым». Еріксіз езу тартасың. Бұл Әзілханның газетке алғашқы мақаласы шыққан кезі. Қыз мұның мектебіне ауысып келген екен. Аты – Орынкеш. Ол бесінші, Әзілхан алтыншы сыныпта оқып жүреді. Жиірек жолығып, әңгімелесіп тұрады. Бір күні болашақ жазушы сүйгеніне хат жолдайды:
«Орынкеш!
Мен сені жақсы көрем.
Екеуміз кейін қосылайықшы. Жарай ма?»
Қыздан жауап келмей қалады. Бозбаланың ғашық көңілі алабұртып, уайымдай бастайды. Біраз күн өтіп кетеді. Орынкеш не дер екен деп жүргенде қыздан тілдей хат келеді. Әзілханның жүрегі жарылып кете жаздайды. Хатта бір-ақ ауыз сөз: «Жарайды». Осыдан кейін екеуі бір-бірін сүйіп өтуге серт береді. Мектепті аяқтаған соң Әзілхан Алматыға, Орынкеш Семейге оқуға түседі. Бір жылдай хат алмасып жүреді. Бір күні қыздан хат келмей қояды. Көңілі алай-дүлей болып уайымға салынған Әзілхан барлығын тастап, Семейге, сүйгенінің оқу орнына ауысып кетеді. Жатақханасының алдына барып, бейтаныс қыздан Орынкеш деген қызды сұрайды. Қызық болғанда әлгі қыз сүйгенімен бір топта оқитын болып шығады. «Қазір, шақырып келемін» деп жатақханаға кіріп кетеді. Шықпай қояды. Бір кезде әлгі қыз құрбысымен емес, өзі жалғыз аяғына тас байланғандай ауыр басып Әзілханға келеді.
– Келе ме?
– Жоқ, келмейді. «Мені бұдан былай іздемесін. Көрмесін. Менен аулақ жүрсін», деп айтты.
Сол жағдайды қалай сезінгенін Әзілханның өзі айтсын. «Баламын ғой. Көтере алмай жылап жібердім. Мен жылап тұрғанда әлгі қыз менімен қоса жылап тұр екен. Көріп күлкім келіп кетті. «Сен неге жылап тұрсың?» дедім. «Сені аяп тұрмын» деді. Міне, дәл сол сәтте осы қызға ғашық болдым. Қосылдық. Бұл жарым – Халима еді».
Махаббат жолындағы осы секілді бейнетті белестер қаламгердің бірқатар шығармасына арқау болып, оны өміршең ете түсті.
«Махаббат, қызық мол жылдар» қалай жазылды?
Бір топ жазушы-ғалымдар «Горный гигант» аталатын ауданда үй жалдап тұратын Әйтім Әбдірахманов деген ғалымның үйінде қонақ болады. Қонақтар ішінде Тұрсынбек Кәкішев, Мырзабек Дүйсенов, Рахманқұл Бердібаев, Ғафу Қайырбековтер әйелдерімен келген. Ішінде, әрине, Әзілхан Нұршайықов жары Халимамен бірге отыр.
Ғафу ән шырқап, Рахманқұл мен Мырзабек қатарласа күй тартады. Әңгіменің қызған тұсында жиылған қауым Әзілханның ауызша айтатын әңгімелерінің бірі «Қызыл көрпені» айтып беруін қолқалайды. Кейін бұл «Махаббат, қызық мол жылдарға» енген еді. Осы отырыстың өзін ықтиятты Әз-ағаң күнделігіне түсіріп қойған:
«Мен ол әңгімені барлық детальдарымен мәнерлеп, жарты сағатқа жуық айттым. Отырғандар ұйып тыңдады. Әңгімем аяқталғанда бәрі мәз бола күліп, тегіс алақан соқты. Бірінші рет естіген ол әңгімені Ғафу қызара беріп, бар ынтасын салып тыңдады. Екі көзі оттай жайнап, маған ықыластана қарап отырды.
– Әзірге, бұл әңгімеңіз қағазға түскен бе? – деді ол алақан соғу тоқтағаннан кейін.
– Жоқ, – дедім мен.
– Жазасыз ба?
– Жазсам деген ойым бар.
– Ендеше, тез жазыңыз. Әйтпесе, бұл әңгімеңізді мен екі күнде поэма етіп жазып тастаймын. Дайын тұрған поэма ғой мынау!
– Жазайын онда, Ғафужан.
– Әкеліңіз, қолды. Мынадай әңгімені қағазға түсірмеу – әдебиетке обал».
Келесі күні Әзілхан еңбек демалысына өтініш жазып бір ай бойы тапжылмай жазады. Аяқтай алмайды. Сол кездегі басшысы Мұхаметжан Қаратаевтан сұранып келесі жылдың еңбек демалысын алады. Сөйтіп, бар болғаны екі-ақ айда тұтас роман дайын болады. 1970 жылдың 19 қаңтарында, күндізгі сағат 14-те соңғы нүкте қойылады. Кейін Әз-ағаң Ғафу Қайырбеков жақсы шығарманы жазуға қамшылағаны үшін алғыс айтады. Ал ол болса қазақ әдебиетіне осындай олжа сыйлаған Әз-ағаңа рахметін жаудырады.
Шығармашылық үдеріс
Әзілхан Нұршайықов шығармашылығын ғылыми айналымға алғаш енгізген ғалымдардың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек. Ол жазушының ізінен іні болып еріп жүріп, оның шығармашылық зертханасы хақында бірқатар іргелі еңбек жазды. Ғалыммен өмірдегі байланысы, оған деген құрметі Әз-ағаңның күнделігінде де көрініс тапқан.
«7 ақпан. Профессор Рақымжан Тұрысбеков телефон соқты. Менің күнделіктеріме қатысты кандидаттық тақырып бекітпек екен. Ертең келетін болды» немесе «23 сәуір. Менің орден алуыммен бүгін бірнеше адам телефон соғып, құттықтады. Профессор Рақымжан Тұрысбек құттықтап, шапан жапты. Бұл құттықтау барлық құттықтаулардан өзгеше, ғажап болды» деген сияқты жазбалар аға мен іні арасындағы ілтипат-құрметті айғақтайды. Рақымжан Тұрысбектің еңбектерінің ішінде «Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылық мұрасы» атты монографиясының жөні бөлек. Онда жазушының көзқарасы мен қолтаңба мәнері, шеберхана сырлары мен қаламгерлік мұраты зерделенген. Ерекше атап өтетін жайт – мұнда шығарманы жазбастан бұрынғы жазушының дайындығы туралы сұхбат жарияланған. Сол сұхбатты негізге ала отырып, Әз-ағаңның жазу машығын қызықтап көрдік.
Рас, жазу үстеліне өзіңді қаңтарып қою – қиынның қиыны. Жазушының сабыры мен шыдамы сыналатын тұс – осы. Көп қаламгер осы азаптан басын ала қашады. Сәйкесінше, көлемді шығармалар сол күйі қобырап жазылмай қалады. Ал Әзілхан Нұршайықов бұл тұрғыда еңбекке еті үйренген. «Кейде жұмыс істеп отырған орныңнан тұрып кетсең, ерқашты болған жылқы сияқты орындықтан қашқалақтай бересің. Қайта отырғың келмей қалады. Өзіңді-өзің зорлап, әрең отырасың. Ал отырып жаза бастасаң, тұрғың келмей қалады. Ондай сәтте асқа шақырылсаң «қазір, қазір» деп ұзағырақ отырып қалғаныңды аңғармайсың. Бастаған ойыңды тиянақтап қағазға түсіріп болған соң ғана орныңнан тұрасың. Көңілің көтеріліп, мадақ сезімге бөленесің. Еңбек рахатын сезінесің», дейді жазушының өзі.
Қапияда келген ойлардан айырылып қалмау үшін өзімен үнемі қойын дәптер ұстап жүреді. Ал тамаша ойлар ұйықтар алдында немесе таң алдында келіп қалса, Әз-ағаң оның да жолын тапқан. Ол көлемі 30*23 см болатын, жұқа тақтайдан жасалған үстелше жасатқан. Орайлы тұста үстелшені кеудесіне қояды да, жаза береді.
«Жаңа кітапқа жоспар құрасыз ба? Тақырып, идея, кейіпкер, сюжет қалай жүзеге асады?» деген сұраққа қаламгер былай деп жауап береді:
«Жоспар жасамаймын. Сюжет ойламаймын. Характер сомдамаймын. Соның бәрі жазу үстелінде өзінен-өзі келеді. Шығармам біткеннен кейін осыным керемет болды-ау деп ойлаймын. Бірақ жаман болып шықпағанын ішім сезеді», дейді өзі.
Алайда мұнда бір кілтипан бар сияқты. Анадай көлемді дүниені жазар алдында автор қалайша жоспар құрмайды? Қалай харектер сомдамайды? Біздіңше, бұл жазушының айтқысы келмеген құпиясы. Баяғыда күйші түскен үйге ауылдың тыңдармандары мен құймақұлақ жас таланттары жапа-тармағай барады. Қарапайым халық күйді жан рақатымен тыңдай береді. Ал өнерге қабілеті барлар күйшінің саусақтары мен қағысын қалт жібермей қарап отырады. Онысы әйдік күйдің әдісін меңгеру. Оны білетін күйші әдейілеп жеңі кең шапан киіп алатын көрінеді. Бірақ ізденген жанға тұсау бола ма? Кей әккі жігіттер керегенің сыртымен өрлеп, күйшінің қағысын шаңырақтың төбесінен қарап алады екен.
Нұршайықовтың «жоспар құрмаймын» деген сөзі де осы мысалдың кебі. Бірақ мына жайтты да ескеруіміз керек. Әзілхан Нұршайықов жазушылықты журналистикамен қатар алғанын, оның қалыптасуына баспасөздің әсері ерекше болғанын мақтанышпен айтады. «Менің негізім – журналист қой. Ал журналист көргенін ғана жазады» дейді өзі. Олай болса, Нұршайықов өзінің көріп-білгенін көркем шығармаға айналдырғаннан кейін, оған күрделі жоспар құрудың расында, қажеті болмай қалады.
Мақаламыздың басында айтқан Ибсеннің «өмірі мазмұнды адамның шығармасы да мазмұнды» деген сөзі осы тұста жандана түседі. Сондықтан қаламгеріміз жазу үстеліне отырғанда жоспар құрмауының себебін өмірлік тәжірибесінің онсыз да драмаға толуы болумен байланыстыра аламыз. Әйтсе де, бағанағы күйші секілді қаламгердің бір бармағы бүгулі осы жерде. Бірақ бұл үшін Нұршайықовты айыптай алмаймыз. Өйткені бұл оның ішкі зертханасы болғаннан кейін, барлық сырын ашпауға қақысы бар ғой?