Сеулде ерекше премьера өтті, деп хабарлайды 24KZ. Көрермен Қазақстан, Оңтүстік Корея және Ресей театрларының спектаклін тамашалады. «Париждегі екі әйел» қойылымы Оңтүстік Кореяның ұлттық мерекесіне – елдің азаттық алғанына 80 жыл толуына арналды. Бұл мейрам 15 тамызда аталып өтеді.
«Париждегі екі әйел» спектаклі барысында қазақ әндері қосылып тұрды. Режиссёр На Чжин Хван бұл арқылы ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Қиыр Шығыстан күштеп көшірілген корейлерді құшақ жая қарсы алған қазақ халқының кеңпейілдігін көрсеткісі келген.
На Чжин Хван, режиссёр:
- Приморьеде тұрған корейлер кеңес дәуірінде күшпен жер аударылып, сол жақтағы халықтың көмегінің арқасында тірі қалды. Меніңше, Корея осындай адамдардың арқасында тәуелсіздікке қол жеткізді. Егер Еуразия мен Орталық Азия халықтары бір-бірін қолдап, тату өмірді жалғастыра берсе, біз достығымызды нығайтып, мәдениетімізді дамыта аламыз. Сол мақсатпен біз екі елдің театрларын бір сахнада біріктірдік.
«Париждегі екі әйел» спектаклінде екі кейіпкердің диалогы арқылы Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен жандардың тарихы баяндалады. Әртістердің сөздері қазақ, орыс және корей тілдерінде экранға шығарылып тұрды. Қазақстан атынан бұл халықаралық жобаға Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының әртістері қатысты.
Асылбек Қапаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- Режиссёр қазақтардың кеңдігін көрсеткісі келеді. Қазақта «бауырға алады» дейді. Бұл жерде біз жатырқамай, бауырымызға алып, нанымызды бөлісіп, киіз үйімізді бөлісіп тұрмыз. Бұл адамның тіршілік заңы ғой.
Ақмарал Танабаева, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:
- Білесіздер, кәріс халқы Қызылордаға көп жер аударған болатын. Сонымен қатар қазақ халқы көп елді өзінің жеріне сыйдырды ғой. Соның бір үлкен көрінісі осы спектакльде де көрсетілейін деп жатыр. Сондықтан да жалпы үш елдің де осы үлкен бір ауыр кезеңді білетіндігі ол шынымен де осы спектакльді түсінуге мүмкіндік береді.
Көрермендер спектакль Қазақстан, Оңтүстік Корея және Ресей тарихын жақынырақ танып білуге көмектескенін айтады.
Сон Чон У, Корея театрлар қауымдастығының төрағасы:
- Ресейде тұрған корейлер Орталық Азияға, оның ішінде қатаң климаттағы суық аймақтарға күштеп көшірілді. Олар көп қиындықты бастан кешті. Бірақ тек корейлер ғана емес, қазақтар да Кеңес Одағы кезінде саяси қуғын-сүргіннен қатты зардап шекті. Сол кезеңдегі тарихтың театр арқылы жеткізілуі қойылымға ерекше мағына береді. Оны терең түсінуге көмектеседі.
«Париждегі екі әйел» спектаклінің режиссёрі Қазақстан театрымен ынтымақтастықты жалғастырмақ. На Чжин Хван Францияда жұмыс істейді және Орталық Азия мен Батыс Еуропа әртістерін бір сахнада біріктіруді жоспарлап отыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян