Жұмыс күшін технология жаулаған құбылмалы кезеңде бір ғана мамандықпен шектеле алмайсың. Адамға екінші бір мамандықты меңгеруге дипломдағы кәсібінің қазірге қажет болмай қалуы мәжбүрлейді. Енді бір жағдайда кей мамандарға сұраныстың, қолдаудың артуы себеп болуы мүмкін, бұған кейінгі жылдары мұғалімдікке бет бұрғандардың көбейгенін мысал етуге болады. Іздене келе жаңа мамандық алудың екі жолы шығады, мұның бірі – екінші жоғары білім алу, екіншісі – магистратура. Осы тұста талапкер екеуінің қайсысы тиімді екенін білмей дағдаратыны бар.
Екінші мамандық неге керек?
Марат Ержанұлы – инженер-конструктор. Өз мамандығы бойынша құрылыс материалдарымен айналысатын компанияда жұмыс істейді. Құрылыс материалының қандай да бір жетіспей тұрған бөлшегін қолдан құйып немесе иіп жасауы үшін әрбір миллиметрін өлшеп, 3D моделін жасайды. Былайша айтқанда, сұранысқа ие маман, өз ісінің шебері. Бірақ ол кейінгі кезде өзін мүлдем басқа салада көргісі келеді.
– Мен 3D бағдарламаларын мықты меңгерген маманмын. Қазіргі таңда техникалық салада құралдардың қажетті бөлшегін сызумен, 3D моделін жасаумен шұғылданамын. Ал бос уақытымда анимациялық кейіпкерлердің 3D моделін сызамын, ол маған ерекше ұнайды. Тіпті ізденіп 3D аниматорлардың жұмысын да жіті қарап, зерттеп, бағдарламаларын меңгердім. Бір байқағаным – істеген жұмыстарым бірнеше кәсіби аниматордың көңілінен шықты, демек бұл саланы меңгере аламын. Кенжелеп қалған отандық анимацияға кішігірім болса да үлесімді қоссам деймін. Десе де кәсіби білімнің орны бөлек. Сондықтан жаңа мамандыққа оқығым келеді. Әзірге қаржы жағын реттеуім керек, өйткені екінші жоғары білім алуға грант жоқ екен, – дейді М.Ержанұлы.
Ал екінші кейіпкеріміз – әріптесіміз, журналист. Атын атамауды сұраған ол журналистикада қызмет атқарған бірнеше жылда экономика, қаржы саласын жаза жүріп дәл осы есеп-қисап жағына қызыққанын айтады. Болашақта экономист болуды көздейді.
– Журналистикада жинаған тәжірибемді білікті экономист-сарапшы ретінде пайдаланғым келеді. Кез келген салада өз ойын дәл, анық жазып, айтып, түсіндіре алатын мамандар аз. Соның ішінде экономикада тіпті саусақпен санарлық. Кейбірінің білімі терең болса да ойын дәл жеткізе алмайды, сондайда өзім аузына сөз салып беремін. Сөйтіп кәнігі экономист-сарапшыға айналдым, мақалаларымды оқыған экономистер анық түсіндіргенімді айтады. Маған кейде экономист дипломы ғана жетіспей тұрғандай көрінеді. Егер осы мамандыққа оқысам, қазіргі сарапшылардан да білікті болатыныма сенемін. Журналистиканы бітірген дипломыммен экономика мамандығына магистратураға тапсыруға болады, бірақ теориялық білімім жеткіліксіз болып түсе алмадым, тағы тапсырсам деймін, – дейді кейіпкеріміз.
Екі кейіпкердің пікірінен-ақ жаңа мамандық алудың қажеттілігін аңғаруға болады. Бірқатар артықшылығы тағы бар. Мәселен, жұмыс таңдау мүмкіндігінің аясы кеңейеді, бір мамандығыңыз бойынша жұмыс табылмаса, күнкөріс үшін екіншісін істей тұрасыз. Яғни әрқашан жұмысты ауыстыруға я қажет болғанда қосымша білімді пайдалануға болады. Басқаша айтқанда, екі мамандығы бар адам жұмыссыз қалмайды. Жалпы, қосымша мамандық жеке дамуға жетелейді, бұрынғы идеялар байытылып, жаңа мақсаттар белгіленеді.
Екі жолдың қайсысы дұрыс?
Жалпы, екінші мамандық туралы мәселе қайдан, неден шығады? Қызығушылықтың тұрақсыздығы ма, әлде мемлекет грантты қажетті мамандыққа бөлмей ме? Елімізде білім алушылардың басым бөлігі бакалавриатта тегін оқиды, соған қарамастан, тағы бір мамандық алғысы келеді. Біреу екінші жоғары білім алу арқылы меңгеруді көздесе, енді біреуі магистратурада оқу арқылы игеруге ниетті. Енді осы екі жолдың қайсысы дұрыс?
Профориентолог, PhD Жадыра Тойбаева түйткілдің түйіні – әуелде мамандықты дұрыс таңдауда жатқанын айтады. Ал тиімдісін таңдау, оның ойынша, әр адамның жеке жағдайына байланысты.
– Айталық, кезінде информатика мамандығын бакалавриатта оқығандар мектепте сабақ бергісі келгенімен, педагогикалық білімі болмаса, оған магистратурада информатика пәнінің мұғалімі мамандығын бейінді емес, ғылыми-педагогикалық бағытта оқығаны дұрыс. Сонда ол әрі педагогикалық білім алып, әрі екінші мамандыққа бейімделеді. Білімін жетілдіреді. Ал егер журналист қаржы немесе экономика саласына бейімделгісі келсе, онда оны бакалавриатта, яғни екінші жоғары білім ретінде алғаны жөн. Себебі бакалавриатта мамандықтың негізі, теориясы оқытылады. Ал магистратура – ғылыми бағыт, белгілі бір саланы меңгергеннен кейін әрі қарай жаңалық ашуды, тереңдете зерттеуді көздейтін кезең. Бұл жерде де сәйкес мамандықтар, болмаса тез меңгеруге болатын салалар бар. Сонымен қатар педагогика, медицина секілді күрделі бағыттар болады, ондайда бакалавриаттан қайта оқуға тура келеді, – деді ол.
Cарапшы Ж.Тойбаеваның пікірінше, екінші жоғары білім алу оңай емес. Өз мамандығыңызға мүлдем сәйкес келмейтін саланы меңгергіңіз келсе, қайтадан ҰБТ тапсырып, тағы 4 жыл оқуыңыз керек. Бакалавриатта бір мамандықта оқып, магистратурада соған «туыс емес» мамандыққа түсуге көп жағдайда мүмкіндік жоқ. Бұл әу баста оқушылар мамандық дұрыс таңдауы қажет дегенге саяды. Сондықтан да мектептерде профориентолог мамандар жұмыс істейді. Ал мамандық таңдаудан қателесу дегеніміз – елдің мәдениетін, әлеуетін, экономикасын дамытуға тежеу деген сөз. Өйткені мемлекет өзіне қажет мамандарды 4 жыл қаражат бөліп оқытады, ал олар тиісті салада жұмыс істемесе, грант өтелмесе, қаржы дұрыс игерілмеген болады.
– Магистратура әуелде алған мамандығы бойынша өзін әрі қарай жетілдіруді көздейтін бағыт болуға тиіс. Ал тәжірибемізден байқағанымыз, жастар магистратураға түрлі мақсатпен түседі. Бакалавриатты тегін оқығандар кейін грантты жұмысы арқылы өтемеуі үшін магистратураға тапсырады. Енді бірі әскери борышын өтеуден қашып, тағы бірі стипендия алуды көздеп магистратураға түседі. Бір топ жай ата-анасы айтқандықтан, оқиды. Бұл да – еліміздегі магистратураға бөлінетін гранттың мақсатсыз жұмсалып жатқанының көрінісі, – деді профориентолог Ж.Тойбаева.
Тиімдісі қайсы?
Біз осы мақаланы әзірлеу барысында бірқатар жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына арнайы бардық. Кейбіріне, яғни Астанадан басқа қалалардағы университеттердің қабылдау комиссиясымен телефон арқылы байланыстық. Алған ақпараттарымызға сүйеніп, қос таңдаудың қайсысы тиімді екенін талдап көрелік.
Қаржы тұрғысынан алғанда грантқа түскен тиімді, себебі стипендия алып оқиды. Мұндайда магистратура қолайлы. Екінші рет басқа мамандыққа қайтадан бакалавриатты тегін оқуға мүмкіндік жоқ, болған күннің өзінде бакалавриатқа қарағанда магистратураның стипендиясы жоғары. Негізінен екінші жоғары білім алу тегін емес. Десе де қызметкерлерінің кәсіби өсуіне мүдделі, соған жағдай жасайтын компаниялар да бар. Мысалы, елімізге белгілі құрылыс компаниясы (жарнама болмас үшін атын атамауды ұйғардық) Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бірінші мамандығы келмесе де құрылыста, ұжымда жұмыс істеп жүрген қызметкерлерін бакалавриатта 4 жыл бойы өз қаражатына оқытады. Бұған түсу үшін әңгімелесуден өту жеткілікті.
Магистратурада білім алу ғылыми-зерттеу гранттарына зерттеуші ретінде қатысуға да жол ашады, бұған бейінді магистратураны бітірсе болды. Осыған қоса магистр дәрежесін алғандар жоғары оқу орындары мен колледждерде дәріс оқуға мүмкіндігі бар. Алайда бұл үшін ғылыми-педагогикалық магистратураны бітіру қажет. Екі таңдаудың уақыт үнемдеу жағынан айырмашылығы аз, мәселен, екінші жоғары білімді де 2 жылда, магистр дәрежесін де 2 жылда алуға болады, тіпті бейіндік магистратураны 1,5 жылда бітіруге болады. Бірақ көп университетте екінші рет бакалавриатты 2 жыл оқуға мүмкіндік жоқ екен. Мұндайда қайтадан ҰБТ-ға дайындалып, сәтті тапсырып, 4 жыл бойы тағы оқу қажет. Бұл жолды ешкім қайталағысы келмейтін болар. Дегенмен бірнеше университетте 2 жылда басқа мамандыққа дайындап шығатын мүмкіндік бар, сол себепті талапкер өзінің мақсатына қарай қалаған оқу орнына хабарласқаны жөн.