«Қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы таныту-ұтқыр шешім». Осылай деген Еуропа ғалымдары Хакім Абайдың бай мұрасын терең зерттеу қажеттігін айтады. Шет мемлекеттерде Ұлы ақынымыздың құрметіне көше аттары беріліп, ескерткіштері мен мүсіндері орнатылып, орталықтары ашылған. Осы орталықтар ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтауға, дәріптеуге күш салса дейді шетелдік ғалымдар.

«Абайдың идеясы тек қазақ халқының ақыл парасатының жауһары ғана емес, жаһан жұртына ортақ рухани байлық. Қара сөзден қамшы өрген ақынның әрбір өлеңі оқырман жүрегінің түбіне терең бойлайды, дейді еуропалық ғалымдар. Кемеңгердің мұрасын пір тұтатындар оның даналығы мен даралығы жайлы сағаттап айтудан жалықпайды.

Джонатан Фрайер, Британ жазушысы:

Мен Абай еңбектерінің ағылшын тіліндегі аудармасын оқыдым. Ол – шынында данышпан, ұлы тұлға. Абайды неміс ақыны Гётемен салыстырып жазылған соңғы кітап қатты ұнады. Қос алып бір дәуірде өмір сүрмесе де, адамзат жайлы ойларының ұқсастығы таңқалдырды. Абайдың еңбектерін ағылшын және басқа да тілдерге көптеп аударуымыз қажет.

Қарт құрлық зерттеушілері«ұлы философтың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр туралы ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де өз маңызын жоғалтпайтынын айтады. Ойшылдың өнегелі ойлар шоғыры-әлем халықтарының ортақ қазынасы — дейді бәрі.

Антоанета Олтяну, Абайдың қара сөздерін румын тіліне аударған аудармашы:

Абай – ұлы ақын, ұлы ойшыл, ұлы тұлға. Алғаш шығармасын оқығанда жан дүнием дүр сілкінді. Әсіресе, 21-қара сөзіндегі мақтаншақтық жайлы ойы ғажап әсер қалдырды. Оның еңбектері – мәңгілік мұра, терең зерттеуді қажет етеді.

Андраш Гал, «Барыс» Қазақ-Мажар қорының басқарма төрағасы:

Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп қалай тамаша айтқан! Қазақ ғұламасының бұл қағидалары әрдайым жадымда. Өз тілін, мәдениетін құрметтей отырып, өзге өркениеттен қалмауды бірнеше ғасыр бұрын білген дана тұлға. Қазақ халқы осындай ұлы адаммен мақтануы керек.

Чехияның ұлттық кітапханасындағы «Абай» орталығына хакімнің ішкі дүниесін терең зерттеуге мүмкіндік беретін құнды еңбектер қойылған. Мыңнан аса кітаптың ішінде ақынның 1909 жылы шыққан жинағының, басқа да көне жазбаларының көшірмелері мен суреттері бар. Ағартушының қара сөздерінің чех тіліндегі аудармасын көпшілік осы жерден оқып, құлаққап арқылы бірнеше тілде тыңдай алады. «Абай-қазақ халқының ғана рухани көсемі емес, ол-әлемдік деңгейдегі кемеңгер» — деген Еуропа ғалымдары ойшылдың ғибратты мұрасын дәріптеп, зерттеуді әрі қарай да жалғастыра бермек.

Нұрсұлу Қасым