Ардагер журналист халық әндерінде қол сұғу – үлкен қиянат екенін еске салды.
Халық әндерін жаңаша "құбылтпақ" болып, бүлдіріп айтатындар жиілеп барады. Алайда, оны өзгертемін деп қол сұғуға ешкімнің хақысы жоқ. Бұл – үлкен қиянат. Біреудің шығармасына қол сұғу деген заң жүзінде де қылмыс деуге болады, деді Қазақстан журналистер одағының мүшесі Ханзипа Кәкімжан Ana tili басылымында жарық көрген материалында.
"Соңғы жылдары Шәмші әндерінің арнайы концерттері жиі ұйымдастырылып жүр. Бұл – құптарлық та қуанарлық жайт. Дегенмен өмірден өтіп кеткен атақты сазгерлеріміз баршылық қой. Олай болса сол сазгерлерімізді де Шәмшідей неге еске алып тұрмасқа? Рас, Шәмші әндері ел аузынан түспейді. Тойда, кеште жиі айтылады. Әндері вальс ырғағымен келгендіктен, билеп те жатады. Қазіргі жас әншілер де Шәмшінің әнін жиі орындайды. Сонда бір байқағаным, әннің сөзіне көп мән беріле бермейтін. Әннің сөзіне мән берілмесе, ән әсерсіз шығатыны белгілі. Шәмші әндерінің сөзін Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиев сынды айтулы ақындарымыз жазды емес пе? Ол мәтін дегендей жадағай, мәнсіз емес. Ол өлеңдер терең оймен, үлкен сезіммен жазылған", – деді Ханзипа Кәкімжан.
Автор соңғы кездері татымсыз да талғамсыз "әндер" белгі бере бастағанын да атап өтті. Оның сөзінше, бүгінгі сазгерлердің мықтап естеріне сақтайтын бір нәрсе – ұлттық мақам, ұлттық әуен болуы тиіс.
"Бұл әрбір сазгердің жаңа әнінде сақталуға тиіс. Ұлттық мақам болмаса, ол қазақтың әні болмағаны. Әрбір ұлттың әнін естігенде оның қай ұлттың әні екенін әуеніне, мақамына қарап бірден айырамыз. Тіпті әуені бізге ұқсастау кырғыз әнін де "мынау қырғыз әні" деп бірден танимыз. Әрбір ән, музыка оның тілі сияқты белгі береді. Музыкада тіл жоқ дейді. Бірақ ұлттық белгі бар. Сазгер болсын, жазушы, ақын болсын, шығарма оңайлықпен тумайды. Терең ой, жүрек толғанысынан, жан дүниесінің тебіренісінен барып, жақсы, шынайы шығарма дүниеге келеді. Жүректен шықпаған ән жүрекке жетпейді деген тұжырым содан айтылса керек", – деді автор.
Оқи отырыңыз:
Диаз Мусалимов: "Қазақ әндері – менің негізгі репертуарымда"
Бейжіңде қазақ әндерінің қытай тіліндегі жинағы шықты