Су – тіршіліктің өзегі, ұлттың болашағы мен мемлекеттің қауіпсіздігін айқындайтын стратегиялық ресурс. Қазақ халқы ежелден судың қадірін білген, «Судың да сұрауы бар» деп ұрпағына өсиет қалдырған. Алайда ХХІ ғасырда дәл осы қасиетті байлық адамзат үшін ең өзекті проблемалардың біріне айналып отыр. Климаттың өзгеруі, халық санының өсуі, өндіріс пен ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы суға деген сұранысты арттырып, оның тапшылығын айқын сездіре бастады. Қазақстан да бұл жаһандық сын-қатерден тыс қалып отырған жоқ.

Бүгінде еліміздің су қоры шектеулі әрі теңдей бөлінбеген. Қазақстан аумағындағы өзендердің көп бөлігі трансшекаралық сипатқа ие, яғни көрші мемлекеттерден бастау алады. Іле, Ертіс, Сырдария, Жайық сияқты ірі өзендердің тағдыры көрші елдердің су саясатына тікелей байланысты. Бұл жағдай ұлттық су қауіпсіздігін күрделі геосаяси жағдай деңгейіне көтеріп отыр. Оның үстіне соңғы жылдары мұздықтардың еруі, жауын-шашынның кемуі, қуаңшылықтың жиілеуі су тапшылығын одан әрі ушықтырды.

Су проблемасының түп-тамырына үңілсек, жағдай, тек табиғи факторларда ғана емес, адамның өзі қалыптастырған жүйесіздік пен жауапсыздықта да жатыр. Ауыл шаруашылығында суды тиімсіз пайдалану, ескі суару жүйелері, ашық каналдардағы үлкен шығын, өндірістік және тұрмыстық ағын сулардың жеткілікті тазартылмауы – мұның бәрі судың ысырап болуына және ластануына әкеліп соғады. Кей өңірлерде ауыз су тапшылығы әлі күнге дейін толық шешілмей келеді. Бұл – халықтың өмір сапасына ғана емес, әлеуметтік тұрақтылыққа да әсер ететін проблема.

Ендеше, елімізде су проблемасын қалай шешуге болады? Ең алдымен, суға деген түсінікті түбегейлі өзгерту қажет. Су – таусылмайтын ресурс емес, оны үнемдеп, ақылмен пайдалану – әр азаматтың, әр мекеменің ортақ міндеті. Мемлекеттік деңгейде су ресурстарын басқарудың тұтас, ғылыми негізделген жүйесі қалыптасуы тиіс. Бұл жүйе су қорының нақты есебін жүргізіп, әр сала бойынша тұтынуды жоспарлауға мүмкіндік беруі керек.

Ауыл шаруашылығы – еліміздегі суды ең көп тұтынатын сала. Сондықтан негізгі назарды дәл осы бағытқа аудару қажет. Тамшылатып суару, жаңбырлатып суару сияқты заманауи технологияларды кеңінен енгізу – суды бірнеше есе үнемдеудің тиімді жолы. Израиль, Нидерланд сынды елдердің тәжірибесі көрсеткендей, инновациялық әдістер арқылы шағын сумен мол өнім алуға болады. Қазақстанда да бұл технологиялар біртіндеп енгізіліп жатыр, алайда оны жаппай қолдану үшін фермерлерге қаржылай қолдау, білім ұсыну және ынталандыру тетіктері қажет.

Су инфрақұрылымын жаңғырту да – күн тәртібіндегі маңызды жағдай. Көптеген су қоймалары, каналдар мен құбырлар кеңестік кезеңде салынған, бүгінде тозығы жеткен. Нәтижесінде су тасымалдау барысында оның қомақты бөлігі жерге сіңіп немесе буланып кетеді. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ аса үлкен шығын. Сондықтан су шаруашылығы нысандарын жаңарту, цифрландыру арқылы судың қозғалысын бақылау, шығынды кемейту – уақыт талабы.

Трансшекаралық су жағдайын шешу үшін көрші елдермен сындарлы әрі тең құқықты диалог қажет. Су – тек экономикалық емес, экологиялық және гуманитарлық сұрақ екенін түсіну маңызды. Ортақ өзендерді әділ пайдалану, су бөлу жағдайында халықаралық құқық нормаларын сақтау – тұрақты дамудың кепілі. Бұл ретте Қазақстанның дипломатиялық әлеуеті мен ғылыми сараптамасы шешуші рөл атқаруы тиіс.

Экология проблемасы да ұмыт қалдыруға болмайды. Ластанған су – пайдадан гөрі зиян әкеледі. Өндіріс орындарының ағын суларды тазарту талаптарын қатаң сақтауы, қалдықсыз немесе кем қалдықты технологияларға көшуі – экожүйені қорғаудың маңызды қадамы. Өзен-көлдердің табиғи ағысын сақтау, жағалауларды ретсіз игеруге жол бермеу де су сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Су тапшылығын шешуде ғылым мен инновацияның орны ерекше. Тұзды суды тұщыландыру, жер асты су қорын зерттеу, жауын суын жинау технологиялары – болашақтың мүмкіндіктері. Әсіресе су ресурсы тапшы аймақтар үшін бұл шешімдер аса өзекті. Ғалымдар мен инженерлердің жаңашыл жобаларын қолдау, оларды тәжірибеге енгізу – мемлекет үшін ұзақ мерзімді инвестиция.

Алайда ең маңыздысы – су мәдениетін қалыптастыру. Балабақша, мектеп пен жоғары оқу орындарында су үнемдеу, экологиялық жауапкершілік туралы жүйелі білім ұсыну қажет. Әр адам краннан аққан судың артында қаншама еңбек пен табиғи ресурс тұрғанын сезінуі тиіс. Тұрмыста суды үнемдеу – ұсақ-түйек емес, үлкен істің бастауы.

Су проблемасын шешу – бір күннің немесе бір саланың шаруасы емес. Бұл – мемлекет, қоғам және әрбір азамат бірігіп атқаратын ұзақ әрі күрделі жол. Су ресурстарын тиімді басқару арқылы тек бүгінгі қажеттілікті ғана демейік, келер ұрпақтың болашағын да қамтамасыз етеміз. Су – болашақтың аманаты. Сол аманатқа адал болу – тарихи жауапкершілігіміз.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі