Иран Қазақстанға Шахид Раджаи портынан жер телімін берді. Бұл отандық тауарларды Парсы Шығанағына шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Тегеранның қазба байлығын Маңғыстаудың кәсіпорындары өңдеуі мүмкін.
Бүгін екі ел президенттері Астанада келіссөз жүргізді. Ресми сапармен келген Масуд Пезешкиан бірқатар келісімге қол қойды. Иран делегациясы өз мұрағатынан қазақ тарихына қатысты ескі қолжазбалар әкелді. Тарихи мұрада не жазылған? Қазақ-Иран достығы қалай өрбиді?
Арада алып теңіз, саудада алыс-беріс бар. Тарих тамырлас, халық бауырлас. Екі ел ежелден дос. Иран президенті сол достыққа дем бергісі келеді. Астанаға алғаш рет келіп тұр. Қоңыржай климатқа үйренген мейманды Арқа аязымен қарсы алды. Қар жамылған қала суық болса да, қазақтың пейілі кең, қонақжай.
Бекзат Аманов, тілші:
- Қасым-Жомарт Тоқаев алыстан ат терлетіп келген бауырын жылы раймен қарсы алды. Бауыр деуіміз тегін емес. Масуд Пезешкианның әкесі әзербайжан екен. Ал қазақ пен әзербайжанның түбі бір туысқан екені айтпаса да белгілі. Ал бұл фактор екі елдің байланысын бекітуге, келіссөздердің сәтті аяқталуына әсер етуі мүмкін. Біз қазір делегаттармен танысу рәсімін көріп отырмыз. Байқасаңыздар, делегаттардың көлемі кең. Яғни келіссөзде талқыланатын тақырып та көп.
Мейман келіссөзге галстуксыз келген. Бұл — біз үшін таңсық болса да, парсы елі үшін қалыпты жағдай. Исламдық революциядан кейін Иран азаматтары батыс бұйымдарынан бойын аулақ ұстауға тұрысады. Сол үшін тыйым болмаса да, саясаткерлер дәстүрлі стильді құп көреді. Қош, мойынбау мәмілеге кедергі емес. Бұған біз саясаткерлердің келіссөзінде куә болдық.
Екіжақты сауда айналымы биыл 40 пайызға артқан. Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті жоғары бағалап, қарқынды түсірмеу керегін айтты. Иран президенті бұл сөзді қолдады. Сауда тақырыбы кең көлемді келіссөзде де жалғасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өзара тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Дегенмен сауда-саттықты әртараптандыру мәселесін ойластыру керек. Әсіресе ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс, медицина және озық технологиялар салаларындағы қарым-қатынасты жандандыру қажет.
Президенттер сауда айналымын ұлғайтуға келісті. Пезешкиан: «Көрсеткішті 3 миллиард долларға дейін жеткізуге күш саламыз», - деді.
Масуд Пезешкиан, Иран Ислам республикасының президенті:
- Бұдан бұрын өзара сауда-саттықты 3 миллиард долларға дейін жеткізуге уағдаласқан едік. Осы келісімді жүзеге асыруға күш сала береміз. Сонымен қатар Иран Ислам Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында жасалған еркін сауда келісімі екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге берік негіз қалайды.
Жуырда Тегеранда Қазақстанның Сауда үйі ашылады. Жыл басынан бері Иран Қазақстан экономикасына 18 миллион долларға жуық инвестиция салған. Иран кәсіпкерлері ірімшік зауыты мен мал терісін өңдеу комбинатын ашуға ниетті. Енді іскерлік кеңестің жұмысы қайта жанданады. Демек келетін қаржы еселенеді деуге толық негіз бар. Мамандардың айуынша, әлеуеті толық пайдаланылмаған салалар бар. Соның бірі ауыл шауашылығы.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Сондай саланың бірі – логистика. Биыл Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізі мен Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолы арқылы тасымалданған жүк көлемі 53 пайызға артқан. Келіссөзде тараптар олардың әлеуетін арттыруға келісті. Сондай-ақ Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын бірлесе дамытуды талқылады. Өзге жолдар да сөз болғаны анық. Мысалы, Иран – Үндістан нарығына жеткізетін ең қысқа жол.
Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Ирандағы теңізге жататын порттардың бәрін пайдалану керек. Орта Азиядағы мемлекеттер Орта коридор дейді, бір жағынан Солтүстік-Оңтүстік деген коридорларды пайдалануға жол ашылады. Кедергілер жоқ, келісу керек.
Екі елдің тарихы тамырлас екенін айттық. Бұл сапарға Иран делегациясы құр қол келмепті. Қазақстан тарихына қатысты құнды ескі қолжазбалардың көшірмесін ала келген. Барлығы 27 қолжазба бар. Оның ішінде Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық ахуалы баяндалған. Аймақтағы бәсекелестік пен Ресей патшалығының қазақтарға қатысты әрекеттері сарапталған. Сондай-ақ қазақ даласында көмір, темір, мыс, қорғасын және бирюза кеніштерінің табылып, оларды өндіру мәселесі сипатталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Иранның мұрағаттарында қазақ тарихына қатысты көптеген жәдігер сақталған. Ғалымдарымыз әл-Фараби мұрасын бірлесе зерттеуді қолға алды. Қазақ жерінде ұлы ойшылға арналған тарихи-мәдени кешен салу мәселесі қарастырылып жатыр.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар сегіз құжат алмасты. Әлгінде айтқан, мәдениет те, көлік-логистикада қамтылған. Айпақшы, қонақтардың құрамында жалғыз әйел бар. Жол және қала құрылысы министрі Фарзанде Садык көлік саласындағы келісімге жауапты болады.
Келісімдер жайлы толығырақ саясаткерлердің бірлескен мәлімдемесінде айтылды. Президент баяндамасын тарихи деректерден бастады. Қос халықты көп дүние байланыстырады. Мысалы, қазақ тіліндегі парсы сөздерінің үлесі 4 пайыз екен. Тіпті «астана» сөзі де солардан енген. Түркістандағы Тайқазан Иранда жасалған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Иран мұрағаттарында Қазақ хандығы және қазақтың жаужүрек халық екені туралы жазбалар сақталған. Тәуке хан мен шах Сұлтан Хусейн арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Екі ел өкілдері Мәскеуде кездесіп, Иран елшісі қазақ даласына сапармен келді деген тарихи мәліметтер бар екен. Әбілқайыр хан Нәдір шахқа елші жіберіп, байланысты дамытуға ниет білдірген.
Енді өткеннен бүгінге ойыссақ. Қазақстанда 700-ге жуық Иран компаниясы бар. Бұл компаниялар негізінен өнеркәсіп, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Отандық іскерлік қауымдастық та Иран экономикасына инвестиция салуда. Олар тау-кен, көлік-логистика, азық-түлік өндірісінде белсенді. Айтпақшы, Иран билігі Қазақстанға Шахид Раджаи портынан жер берді. Бұл Парсы шығанағына жол ашатын маңызды келісім болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз Иранды Оңтүстік Шығыс Азияға және Африка құрлығына шығатын «қақпа» ретінде қарастырамыз деді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Иран басшылығына Бандар-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портынан Қазақстанға жер телімін бергені үшін шынайы ризашылығымды білдірдім. Бұл қадам екі ел ықпалдастығын одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз.
Ал Иран кәсіпкерлері Маңғыстау облысында бірлескен еркін экономикалық аймақ құруды ұсынды. Мемлекет басшысы оны құптады. Бұл қадам Иран шикізатын алып, елде дайын өнім жасауға, оны аймақ елдеріне таратуға мүмкіндік береді. Тағы бір бағыт — ауыл шаруашылығы. Қазақстан парсы жұртын астықпен қамтуға қауқарлы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Иран нарығына астық және басқа да дәнді-дақыл тасымалдайды. Мысалы, былтыр 500 мыңнан астам тонна арпа жеткіздік. Оның көлемін бірнеше есе көбейтуге мүмкіндігіміз бар. Осы мәселені Масуд Пезешкиан мырзамен жан-жақты талқыладық. Қазақстан ауыл шаруашылығын цифрландыруға және өңдеу өнеркәсібін өркендетуге баса мән беріп отыр.
Ал Иран президенті Орталық Азия өңірімен тату көршілік қарым-қатынасқа айрықша мән беретінін жеткізді. Қазақстан – аймақтағы маңызды серіктес деп атап, келіссөздердің нәтижесін таяу келешекте көретініне сенім білдірді.
Авторлары: Бекзат Аманов, Жандос Битабаров