Большевиктік өкiметпен мәмiлеге келу туралы алғашқы ойын Ахмет Байтұрсынұлы 1919 жылы 3 тамызда Мәскеуде шығатын «Жизнь национальностей» газетiнде жариялапты. Тығырықтан жол іздеген ой, ұсыныс қашанда оңай емес. «Төңкерiс және қазақтар» («Революция и киргизы») атты мақаласында қайраткер Алаш пен большевизм арасындағы күрделi түйiндi тарқатпақ болады. « Ақылға салайықшы, кiмнiкi дұрыс, кiмнiкi бұрыс?» деген iзгi пікірін ортаға салады. «Большевиктер қазақ қайраткерлерiнiң қызметiн заңсыз деп тауып, әрқайсысының басын алғанға 25 мың рубльге дейiн ақша тағайындады. Алаш Орда Орталық өкiметпен тiкелей байланысқа шығып, келiссөз жүргiзбек болды. …Жобаға жауап болмады. Ол жоба кеңес өкiметi жариялаған «Ресей халықтарының құқы» Декларациясының шеңберiнде жасалған едi. …Бiз әрi қарай не iстерiмiздi бiлмедiк», дейдi Ақаң.

Аталған мақаланың айрықша жеңiсi – жаңа өкiмет бас­шы­лығына («Жизнь националь­­­нос­тей» газетi – Ұлт iстерi комис­­­сариа­­ты­ның үнi) қазақ халқының төңкерiстi қалай қабыл­дағанын дәлелдi түрде жет­­кiзуi және большевизм қағида­ларындағы қателiктердi ұғындыруы дер едiк. Осы орайда А.Байтұрсынұлы былай деп жазды: «Қазақтар ақпан өзгерiсiн зор қуанышпен, ал қазан төңкерiсiн зор қорқынышпен қарсы алды. Алғашқысының қуанышты болатын себебi: бiрiншiден, ол халықты патшалық езгi мен зорлықтан құтқарды, екiншiден, елдiң ежелден келе жатқан өзiн-өзi билеу арманын жүзеге асыруға деген үмiттi бекем еттi. Екiншiсiнiң түсiнiксiз болатынын дәлелдеу оп-оңай: қазақта капитализм де, таптық жiктелiс те, жекеменшiк те жоқ. Мұнда ел мүддесi ортақ, игiлiк ортақ. Теория жүзiндегi социализм мен коммунизм туралы бiз ойланған емеспiз, өйткенi тiптi патша өкiметi тұсында орыс тектi жұмысшылар мен крестьяндар иеленген азаматтық құқық қазақта iс жүзiнде болған емес».

Ахмет мақаласының тұжырымы төмен­дегідей.

Біріншіден, жаңа өкiметтiң ұраны – iзгi, көздегенi теңдiк болса, ол бәрiн тең дәрежеде – шындықпен орайлас құрсын.

Екіншіден, теория – тәжiрибенiң арқасында ғана теория, ол қатып-сембеуi керек, ендеше көпұлтты мемлекет құру қисыны негiзгi ұлттардың сұранымы мен мүддесiн ескеруi қажет.

Бiз Алаш зиялыларының патша өкiметi мен большевизм тұсындағы тактикалық әрекетін ұлттық мүдде қағи­даты дей аламыз. Төңкерiс пен Алаш арасындағы «Қытай қорғанын» соңғысының теңдiгiн, мүддесiн сақтай отырып қалай алып тастауға болатынын талқылаған А.Байтұрсынұлының ендiгi бiр елеулi еңбегi «Қалам қайраткерлерiнiң жайынан» деп аталады. Ол 1922 жылы 8 шілдеде «Еңбекшіл қазақ» (бүгінгі «Egemen Qazaqstan»)газетінде жарияланған. Бұл шақта Ақаң кеңестiк билiктiң мән-жайын өз көзiмен көрiп үлгерген едi.

Мақала мазмұнынан аңғарылатын жай: 1922 жылы маусым айында сол кездегi Қазақстан астанасы Орынборда жазушылар съезiн өткiзу көзделген. Бiрақ белгiленген уақытта бар болғаны «үш-ақ кiсi» келгендiктен, жиын өтпей қалған.

Әлбетте, бұл съездi жоспарлауға Алаш зиялылары мұрындық болған. Осылай деуге А.Байтұрсынұлының аталған мақаласы бұлтартпас дерек ұста­тады. Тiптi осы еңбек съезде жасалынуға тиiс бас баяндаманың қысқартылған нұсқасы да болуы мүмкiн. Өйткенi мұнда бағдар алар ой, ағымдағы мәселелер тура­лы тұжырымдамалар бар.

Алғаш «съезд не үшiн керек едi?» деген сұраққа жауап iздейiк. Мәскеу жақтан соққан пролеткульттің құбыла соққан желі шағында ақын-жазушылардың басын қосып, негiзгi бағыттарды анықтау және оны кеңес өкiметiнiң шындығына сай құру маңызды iс болатын. Съезді шақыру осы қазақ әдебиетiн қорғау мен қамқорлыққа алудың үлкен шарасы едi.

Бiрақ осы игi iске, яки маңызды жиынға неге қаламгерлер жиналмады? Ахмет мақаласында ақын-жазушы­лар­дың келмеуiнiң төрт себебiн былайша байыптайды: «…Бiр жағынан жол қаражатына қаржы жоқтығы себеп болған шығар; екiншi жағынан Жүсiпбек жолдас сияқты «керексiз сиез» деушiлiк те себеп болған шығар; үшiншi жағынан қазақ қайраткерлерiнiң Орынбор қаласынан қараңғы үйден жаман қашатындығы себеп болған шығар; төртiншi жағынан өзгерiс уақытында қайрат жолы өзгерiп, қарқын бетi қайтқаны себеп болған шығар».

Ағартушы соңғы екi себеп («шығар») – шешушi себеп деген қорытынды жасайды. Бұлардан, Әлихан Бөкейхан жазатындай, «қаламның ұшын мүжiлткен» (цензураны сездiредi) ой да аңғарылады. Қаламгердiң «Орынбор қаласынан «қараңғы үйден жаман қашатындығы» дегенi – ұғымды толықтырған нақыл ғана емес, белгiлi бiр мақсатты көздеген тұжырым. Яки Орынбордың қараңғы үй екенi де рас, большевизм дүрбiсiмен қарағанда ұлтқа жанашыр жазушының жаман екенi шындық. Ақаң тұжырымы «жаманды» кiнәлап тұрған жоқ, жағ­дайды түсiндiрiп тұр.

Ахмет Байтұрсынұлы – ағартушы күрескер. Сондықтан ол жаңа өкiметке және рухани мәселелердi саралауға қабiлетi аз саясаткерлерге қазақ қалам­гер­лерiнiң қайдан және қайтiп шыққанын қарапайым тiлмен, ретiмен тәптiштеудi артық санамайды (ол шақта айрықша қазақша материалдар билiк басындағы тiлдi бiлмейтiндерге аударылып берiл­ген). Қайраткер былай деп жазады: «1) Қазақ қалам қайраткерлерi орыстың қорлық көрген, таяқ жеген, орыстың табанында езiлген жұрттан туған; 2) Қазақ қалам қайраткерлерi қазақ басына қиын-қыстау бар заман түсiп, үстiн торлап, қайғы бұлты қаптаған шақта шыққан».

Осы тезис – жоспарланған съезде Ақаң мәселенi қай тұрғыдан қарастырмақ болғанын айқын аңғартады. Бұған қарап, ағартушыны қиялшыл (утопист) немесе кеңес шындығына мүлде қайшы ой айтушы деу қисынсыз. Қазақтың өз тағдыры һәм тарихы бар, сондықтан руха­ни мәселелерi соған сәйкес шешiлуi қажет деген пайым, түптеп келгенде, марксизм iлiмiне кереғар емес едi. Осы жайды А.Байтұрсынұлы төмендегiше түсiндiредi: «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық, зорлығын көрiп отырып, қазақ қалам қайраткерлерi қаламын ұлтының ауырын жеңiлдету, ауруын азайту жолына жұмсамасқа мүмкiн емес. Олай болмаған болса, онда табиғат заңынан тысқары, адамнан шошқа, шошқадан күшiк туған сияқты болып шығады».

Ақаңның мақаладағы ділгір пікірі – төңкерiс пен Алаш жазушысының арасы. Қаламгер «әлiмсақтан берi кәмөнест емес… қазақтың бауырмал қалам қайраткерiн» төңкерiс нелiктен дағдарғанын зерделейдi. Дағдарысқа себепшi – төтеннен басқа бағыттың басталуы екенiн дәлелдейдi. Осы ретте ол дағдарыс себебiне мән бермей, ұрандатуды қалаған шолақ белсен­дiлердiң жайын: «Қазақстанға ұлық болғандардың лағуы – төңкерiс болса, iстiң бәрi өзiнен өзi өзгерiп кететiндей көруi. Қалыпты өзгертетiн адамның iсi, яғни жұмсайтын күшi, қайраты, iсi, бiлiмi екендiгiн (олар) ойламады», деп сипаттайды. Қаламгердiң пайымынша, осындайлардың артынан ерсе, қазақ ел болудан қалады. Жаңа өкiмет қазақты құрту үшiн құрылмағаны рас болса, төңкерiстi төңкеру деп түсiнетiн ұлықтар бауырмал Алаш баласына ғана емес, кеңес билiгiнiң өзiне де жау. Ендi не iстемекке керек? …Қазақтың көрген қорлығын, зорлығын айтатын адам болса, ауызға қағып сөйлетпейтiндей болды. «Қазақ өзгерiс үшiн құрбан болса, несi құриды?» деушi болса, арқаға қағып, дұрыс пiкiр осы дейдi. Солай болып тұрғанда қазақтың жұртшыл, ұлтшыл, бауырмал қалам қайраткерлерi қалайша белсенiп, қалам қайратына кiрiспек? Қалай қаламды қолға алуға көңiлi ша­уып, ықыласы түспек?» дейдi Ақаң. Бұл – әрi сұрақ, әрi жауап.

Қоғамдағы күрделi үдерістердi тереңінен түсiнген ағартушы: «Қалам қайраткерi жолын тастап, көрiнген жолаушыға ере беретiн бұралқы ит емес. Бауырмал болып қалған қазақ қалам қайраткерлерi, я бояумен түсiн өзгертiп, я тiлеумен түгiн өзгертiп бибауырмал болмаса, нақ iшiн өзгертiп бибауырмал үкiметтiң ыңғайымен болып, қазақты басқалар пiсiрiп жесiн, шикi жесiн, үндемей қарап отыру керек, не бауырмал деген сөздi басқалар ауыр мағынада айтса да, қазақ азаматтары ауырламай, қазақтың сөзiн қаймықпай сөйлеуi керек», деп жазады.

Ағартушы билiк басындағыларға мынаны ұсынады: біріншіден, қазақтың өз iшiн теңестiру – елге «жiк салу», одан гөрi мәдениетiн өзге ұлттармен теңестiру қажет; екіншіден, үкiмет «мәдениетi жетiлгенше қазақты басқа­лардың зорлығынан қорғауы» жөн; үшіншіден, «қазақ жем болудан түбiнде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады»; төртіншіден, «үкiмет мiндетi – қазақ қаламгерлерiн өзге жұмыстан алып, өз жұмысына салу». Әрине, ағартушы бұларды билiк тұтқасындағыларға ультиматум етiп қоймайды (жағдай мәлiм). Ұсынысты жеткiзу барысында «қазақтың жақсы болмағына сен де мүдделi болсаңшы» дейдi...

Шүкір, қазір өз қолымыз өз аузымызға жетті. Уақыт қай кезеңде де тіл, діл, жалпы руханият мәселесін орайлы шешуді қоғамға, атқарушы билікке жүктейді. Өзекті жайтты халыққа талдап-таразылап көрсету, қисайғанды іспен де, сөзбен де түзеу, жалпыұлттық мәміле жолын дәйектеу – ең әуелі зиялылардың, соның ішінде қалам ұстаған ағайынның абыройлы міндеті.

Большевизмнің күрделі кезеңінде жария етілген Ақаң ойы, тұжырымдамасы осыны айқындайды.

Дихан Қамзабекұлы