Елдегі аумағы 3 млн гектардан асатын су айдынында 70-тен ас­там балық түрі мекендейді. 1 340 субъекті мен 8 өңір­ара­лық бассейндік инспекцияда 12 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалиннің айтуынша, бұл сала өкілдерінің де елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі аз емес.

Біріншіден, балық және ба­лық өнімдерімен азық-түлік қа­уіп­сіздігін қамтамасыз етеді. Екін­шіден, халықты жұмыспен қам­тиды. Үшіншіден, су және био­логиялық ресурстарды тиімді әрі ұтымды пайдаланып отыр.

«Ба­лық шаруашылығы саласына 2021–2024 жылдары аралығын­да 45 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Жыл сайын балық шаруашылықтары су айдын­дарынан 45 мың тоннадан аса­тын балық аулайды. Оның ба­сым бөлігі Атырау, Алматы, Шы­ғыс Қазақстан мен Қызылорда об­лыс­тарындағы балықшылардың үлесіне тиеді», дейді А.Бердалин.

Бұдан бес жыл бұрын қолдан өсірілетін балық көлемі 6,9 мың тонна болса, қазір бұл көрсеткіш 2,6 есе артып, 18,2 мың тоннаға жеткен. Балық шабағын өсіруді кәсіп еткен 600-ден аса шаруашылықта шамамен 2 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Балық шабағын өсіру әсіресе, Түркістан, Жамбыл, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында белсенді жүргізіледі. Аталған өңірлердегі шаруашылықтарда сазан, тұқы, ақ амур, дөңмаңдай, бекіре тұқымдас, форель, пелядь, жа­йын және тилапия секілді балық түрлері өсіріледі.

«Елімізде қуаты жылына 100 мың тоннадан асатын 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Оның ішінде 20 құрылым өнімін Еуропалық одақ елдеріне тұрақты экспорттауға бейімделді. Былтыр елімізден экспортталған 23,4 мың тонна балық өнімдерінің құны 74,7 млн долларды құрады», дейді А.Бердалин.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің мәліметінше, мұнайлы өңірде балық шаруашылығын дамытуға бет бұрған 18 құрылымға 31 учас­ке бекітіліп берілген. Резервке қойылған 27 учаскенің 18-і Каспий теңізінде, 2-еуі Жайық өзенін­де, 7-еуі Қиғаш өзенінде орналасқан.

балық

Облыста 5 құрылымда ба­лық өсіріледі. Оның 2-еуі 2023 жылы, 1-еуі былтыр іске қо­сыл­ған. Үш құрылымда 24 жұ­мыс орны ашылған. 2028 жылға дейін 8 тауарлы балық өсіру жобасы мен 1 балық өңдеу зауы­тын жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл жобаларды «Абдолов», «А-Дана», «Сәт», «Жумағалиев Н.М.», «Сағиев», «2023» шаруа қожалықтары, «Абылайхан» және «СевКаспийФиш» ЖШС жүзеге асыруды міндетіне алған.

«Каспий бекіресі лимитед» ЖШС торлы тоғандарда бекіре өсіруге маманданған. Кәсіп­орынның жобалық қуаты – жылына 20 тонна балық өнімдері мен 1 тонна қара уылдырық. Балықты аулаудан өңдеуге дейінгі толық циклмен жұмыс істейтін «Абылай хан» ЖШС зауытында 3 мың тоннаға дейін балық өнімдері шығарылады. «Амангелді атындағы» ЖШС зауытында тәулігіне 150 тонна балық өнімі өңделеді. «А-Дана» шаруа қожалығындағы жабық сумен жабдықтау жүйесі бар фермада жылына 130 тонна тауарлы балық пен бекіренің 15 млн шабағын өсіру көзделіпті. «Caspian Royal Fish» кешенінде де жыл сайын 100 тонна бекіре тұқымдас балық өсіріліп, бағалы балықтан 1 тонна уылдырық алынады.

Ең басты жоба – бекіре тұқым­дас балықтар шабағын өсіру. Былтыр «Жайық-Атырау» бекіре балық өсіру зауыты мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 1 млн-нан астам, ал «Caspian Royal Fish» ЖШС тарапынан 1,8 млн бекіре шабағын өсіріп, Жайық өзеніне жіберді. Бағалы балықтардың шабағын өсіру биыл да жалғасын табады.

Атырау облысы