Тіліміз 20-30 жыл бұрын әлемдік тілдер иерархиясында 70 орында, ал қазір 79 орынға сырғыған.
Қаскелеңде қазақ батырының есіміне берілген көшенің атауы бұрмаланып, әр жерде әр түрлі жазылып, тіпті орыс атына ауысып кеткен жағдай қоғамның ашуына тиді. Бұл туралы қоғам белседісі өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Кетіп бара жатсам, көзім көшенің атауына түсіп кетті. “Семен батыр” деп тұр.

«Бұл қай батыр болды екен? Қаскелең мен Шамалғанның атаулары да қазақпен күресіп, ерлікпен қаза тапқан жоңғар батырларының аттары емес пе еді? Қаскелеңді Шапырашты Наурызбай батыр жеңген дейді. Дана ата-бабаларымыз жау болса да, “анау жерде Қаскелең батыр қаза тапқан” деп айтып жүрген деседі. Анығы бір құдайға аян.
Енді Семен батыр кім болған екен? Жоңғар, қалмақтармен күресте қазақтың жанынан табылған батыр ма екен? Әлде бертінде қазақтың тілі үшін шыр-пыр боп, Магнуммен айқаста ерлікпен қаза тапты ма екен? Ондай батыр болса, баяғыда ел білуші еді ғой…
Google да, ChatGPT да “Семен батыр” деп жазу дұрыс емес дейді. Бірақ мұны жергілікті ономастика комиссиясы біле ме екен? Тағы бір-екі метр жүрсеңіз, “Самен батыр” деген жазу шығады. Көшенің бас жағына қарай “Сәмен батыр” деген дұрыс атауы тұр.


Аңырақай шайқасында ерекше ерлік көрсеткен Сәмен батырды Жетісу өңірінде жақсы біледі. Енді білмеймін, біреулер Тұрсынды да Турсэн деп жүр ғой, енді 100 пәтер сыйлаған адамға бәрі де жарасатын шығар, тіпті, оның атын журналистер де тым қазақы ат — Тұрсынға қимай, “Тұрсен” деп жазып жүр ғой…
Бірақ тіл заңын қайда қоямыз? Тарихи аттарды қайтеміз? Орыстар өз тіл заңына орай Англия патшасы Чарлзды Карл дейді, ал бізде Дәмеліні де Дамели қылды, Мәдина Мединаға айналды ғой… Әркім өз бетінше бір әріпті өзгертіп, қазақша аттардан қашып жатқан заман болды ғой. Әркім атын қалай жазғысы келсе, соған көніп отыра береміз бе?
Тіліміздің неліктен 20-30 жыл бұрын әлемдік тілдер иерархиясында 70 орында, ал қазір 79 орынға сырғығанын осылай да түсіне беріңіздер. Енді атам заманда соғыста қайтыс боп кеткен аталарымыз Сәменді Семен деуге көшкен соң не дейсің?