Жақында белгілі журналист, баспагер Болат Асанбаевтың «Қарасай» баспасынан жарық көрген «Жаз өтіп, күз де жетіпті-ау...» атты жаңа кітабы қолымызға тиді. Біз Болатпен кезінде Қазақ университетінің журналистика факультетінде бірер курс ілгері-кейінді қатар оқығанбыз. Ол өте ақкөңіл , кіммен болса да емін-еркін сөйлесе беретін ақжарқын жан еді. Сөзі мірдің оғындай, не айтса да әңгімесінің арасына бір-екі ауыз әзіл-қалжың қосып, барынша әдемі жеткізеді. Әрегідік өлең жазып қоятыны да бар. Біз осы Болаттан түбі бірдеңе шығады деп мақтап та қоятынбыз.
Осылай жүргенде оқуды аяқтайтын уақыт та келді. Мен 1971 жылы университетті бітірер-бітірместен «Білім және еңбек» журналына жұмысқа тұрдым. Келер жылы Болат та оқуын аяқтап республикамыздың аға газеті «Социалистік Қазақстанға» орналасты.
Бұл кезде Болаттың жазған мақалалары жиі жарияланып, журналист ретінде таныла бастаған. Мен ол мақалаларды үнемі оқып тұратынмын. Оларды оқыған сайын газеттің қарапайым мақаласы емес, әдеби тілмен жазылған көркем әңгіме сияқты әсер алатынмын. Соған орай, бір реті келгенде «Болат, осы сен неге көркем шығарма жазбайсың?» деп айтып қалғаным да бар. Ол ақырын ғана күлімсіреп: «Газеттің күнделікті тапсырмасынан қолым тимей жүр, кейін жазамын ғой», деген. Сөйтіп жүргенде, мен басқа жердегі жұмысқа ауысып кеттім. Осыдан бастап Болатпен байланысымыз азая бастады. Дегенмен ол өз уәдесін орындап, көркем шығарма жазып, жазушы болуға шындап бет бұрар деп үміттеніп те жүрдім.
Бірақ бұл үмітім ақтала қоймады. Болат он бес жылдай уақыты мен күш-жігерін журналистикаға жұмсап, аға газеттің бөлім меңгерушісіне дейін көтерілді. Одан кейін «Ғылым» атты ғылыми-баспа орталығының бас редакторы болды. Бұл жерде де он бес жылдан астам уақыт шығармашылықты да, басқаны да ұмытып, өзінің қызметтік міндетін абыроймен атқарды. 2005 жылы «Қарасай» дейтін жеке баспа ашып, соның жұмысын жүргізуге белсене кірісті. Баспа деген қанша айтқанмен жазушылыққа жақын, сондықтан Болат досымыз енді көркем дүние жазумен дұрыстап айналысар деп тағы да үміттенгенбіз. Уақыт зымырап, жылдар жылжып өтіп жатты, бірақ Болат Асанбаев көркем шығарма жазып, кітап шығарыпты деген жақсы жаңалық еш жерден естілмеді. Сосын біз де «Болат дос жазбаған жазушы болды ғой» деп бәрін жылы жауып қоя салғанбыз.
Міне, осылай жүргенде, жақында сол ескі достың енді ғана жарық көрген су жаңа кітабы қолымызға тигенде кәдімгідей таңырқап қалдық. Аты да керемет! «Жаз өтіп, күз де жетіпті-ау...» Нағыз көркем шығармаға лайықты атау. Соған орай, бұл кітаптың басынан аяғына дейін көркем туындылар жинақталған шығар, сөйтіп, Болат дос кеш болса да әдебиетке қадам басқан екен деп ойлағанбыз. Бірақ кітаптың алғашқы бетін ашқанда тағы да алдымыздан «жарқ» етіп сол баяғы деректі дүние – очерктер шыға келді. Және бір емес, он беске жуық. Бәрі «Адам сұлу еңбегімен» деген бірінші бөлімге топтастырылыпты. Кітаптың бұдан кейінгі «Өмірдің өзі новелла», «Жүректен шыққан», «Табиғат та өз үйің», «Уақытқа үн қатқан», «Өзіңе өзгенің көзімен қара» бөлімдеріндегі дүниелер де эссе, новелла, публицистика деп көрсетілгенмен тақырыбы жағынан газет, журналдарда күнделікті жарияланып тұратын мақалаларды еске түсірді.
Бұл очерктерінің бәрінде автор кейіпкерлерінің қарапайым пенде ретіндегі жан дүниесіне, бастан кешірген сан қырлы тағдырына, қуанышы мен өкінішіне терең үңілуге айрықша назар аударған екен. Соған орай, көңілге түйген ой-пікірлерін, естіп-білген оқиғаларын қазақтың қаймағы бұзылмаған әсем де көркем тілімен қағазға қаз-қалпында түсіре біліпті. Жазған очерктерінің барынша тартымды, көркем шығарма сияқты дәрежеге көтерілуі осыдан келіп туындаған.
Бұл сөзіміздің бір дәлелі ретінде «Отауыңның отын өшірме» очеркін атауға болады. 1980 жылы жарияланған бұл очерк сол кездегі Мырзашөл өңірінің ең мықты мақташыларының бірі болған Жаңылша Құлмұжықова туралы екен. Жаңылша көп балалы үйде туып-өскен, бірінен кейін бірі дүниеге келген жеті қыздың алтыншысы болған. Әрине, кез келген қазақ отбасында ұрпақтарының кілең қыз болуы оңай емес. Бұл жағдайға Жаңылшаның әкесі сыр білдірмегенмен шешесі үнемі мұңайып, уайым шегіп жүреді. Кейде «Мына қара шаңыраққа кейін кім ие болады?» деп күрсініп те қояды. Мұның бәрі үйдегі қыздардың арасынан Жаңылшаға айрықша әсер етеді. Шешесі күрсінсе, бұл да ешкімге байқатпай мұңайып отырады. Осылай жүргенде шешесі сегізінші перзентін дүниеге әкеледі. Бұл жолы алтын асықтай ұл туады. Есімін Марат деп қояды. Сөйтіп, бүкіл отбасы шексіз қуанышқа кенеледі. Әсіресе, қарашаңырақтың қамын ойлап, шешесімен бірге уайымдап жүрген Жаңылшаның қуанышы шексіз еді. Бірақ дүниеде ештеңе де мәңгілік емес. Араға біраз жылдар салып Жаңылшаның әкесі мен шешесі бірінен кейін бірі жарық дүниемен қоштасады. Бұл кезде отбасындағы қыздардың алды ұзатылып кеткен. Міне, осындай қиын жағдайда қарашаңыраққа уыздай жас Жаңылша ие болады. Тұрмысқа шықпаған апаларын ұзатады. Соңынан ерген сіңлісі Салтанат пен інісі Мараттың тәрбиешісіне де, қамқоршысына айналады. Және алаңсыз үйде отырмай, жұмысқа да шығады. Әкесі мақта өсірудің мықты маманы болған еді. Жаңылша содан үйренгенін жүзеге асырып, бүкіл өңірге танымал мақташылардың қатарына көтеріліп, жоғары марапат пен құрметке ие болады.
Бұл айтылғандардың бәрінде шынашақтай қазақ қызының ешқандай қиындыққа берілмей, көздеген мақсатына жететін қайсарлығы анық көрінеді. Егер автор жазушы болса мұның бәрін көркем шығармаға айналдырып, көлемді дүние тудыруға да болар еді. Ал Болат Асанбаев журналист ретінде осы тартымды әрі көлемді тақырыпты шағын очеркке сыйғыза білген.
Біз сөз етіп отырған жинақтағы маңызды дүниелердің бірі – «Дүйсетай ағаны еске алу». Бұл очерк өткен жылы «Egemen Qazaqstan» газетінде «Қонаевтың көмекшісі» деген атпен жарияланды.
Бүгінгі таңда Дінмұхамед Қонаевтың еңбегін тиісті дәрежеде жоғары бағалап, қайраткерлігіне құрмет көрсетіп отырмыз. Бұл өте дұрыс! Қонаевтың өз халқына адал қызмет еткені, Қазақстанның ұшан-теңіз қазына байлығын ешқандай талан-таражға түсірмей түгелімен ел игілігіне жұмсағаны даусыз. Дегенмен мұндай жетістіктің Қонаевқа оңайға түспегені де анық.
Дүйсетай Бекежанов ұзақ жыл Қонаевтың шынайы жанашыр көмекшісі болған. Басшылық қызметтен босағаннан кейін Қонаевқа түрлі жала жабылып, қылмысқа тартудың жолдары қарастырыла бастағаны да белгілі. Бірақ мемлекетке өмір бойы адал қызмет еткен Қонаевтан кінәрат табу өте қиын еді. Осындай жағдайда тексерушілер Дүйсетай Бекежановты қолға алған. Оған да жала жауып, Қонаев туралы өтірік-шыны аралас болса да ғайбаттайтын мәлімет беруді талап еткен. Егер осы талапқа көнсе тергеуден құтылатыны, көнбесе сотталатыны да ескертіледі. Бірақ Дүйсетай Бекежанов Қонаев туралы бір ауыз да теріс мәлімет айтпаған. Соның салдарынан жазықсыздан жазықсыз сотталып, үш жарым жыл түрмеге отырып шығады.
Міне, осындай жағдайда Дүйсетай Бекежановтың өзі зардап шегетінін біле тұрып бұрынғы басшысына шаң жуытпауы екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Кәсіби жазушының көзімен қарағанда, мұның бәрі көлемді шығарма жазуға болатын күрделі өмірбаян. Міне, осы шым-шытырық оқиғаларға толы күрделі өмірбаянды автор шағын очеркте кейіпкерлердің бейнесін барынша жан-жақты ашып, оқиғаларды тартымды, қызықты етіп суреттей білген.
Біз жоғарыда автордың очерктерінің бір-екеуіне ғана тоқталдық. Ал жинақтағы басқа да шығармалар көркемдік сапасы жөнінен әдеби туындылардан ешқандай де кем емес. Бұл ретте, әсіресе, «Нағашымның қызына ғашық болған курстасым», «Бір өкініш, бір үміт», «Менің анам», «Бақыт туралы баллада» туындылары оқырмандарды айрықша риза етеді.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері