Оқырман тарих саласынан академиялық басылымдардың қалай әзірленіп, жарияланатынын әрі ол білім-ғылым, мәдениет саласына не беретінін жіті байыптаса игі. Ел тарихының академиялық басылымы оқулықтармен қатар барлық тарихи энциклопедияларға да, тарихи-танымдық, ғылыми-көпшілік еңбектерге де негіз болады . Өйткені ол – кейінгі ғылыми жетістіктерге табан тіреген, шынайы көзқарас тұрғысынан жазылған ғылыми жұмыс. Осы арқылы білім саласы да, мәдениет саласы да керегін алады, бағытын анықтайды.
Биыл елімізде тарих бойынша алғашқы академиялық басылымның жарыққа шыққанына 82 жыл толады екен. Осы күнге дейін Отан тарихының академиялық басылымы 5 рет жарық көріпті. Алтыншы басылымының бұл күндері Мемлекет басшысының қолдауымен жазылып жатқанынан көзіқарақты оқырман хабардар.
1960–1970 жылдары Қазақстан әлеуметтік-экономикалық, мәдени-ғылыми даму жағынан КСРО бойынша алғашқы 3-4 орындарға берік орнықты. Бұл үдеріс тарих ғылымына да әсер етті. Ғылым академиясы құрамындағы Тарих, археология және этнография институтының кәсіби мамандардан құралған ғылыми қызметкерлері отандық тарихтың әртүрлі және күрделі теориялық-әдістемелік мәселелерін дербес шеше алатын деңгейге көтерілді. 1974 жылы осы институтта «Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихы» бөлімі құрылып, оны басқару тарих ғылымдарының жап-жас кандидаты, арабист Болат Ешмұхамедұлы Көмековке жүктелді. Академиялық дәстүрді, тарихшылар арасындағы сабақтастықты сақтап әрі жалғап отырған ғалым кейінгі жарты ғасыр ішінде бірнеше рет академиялық басылымдарға тікелей жауапты редактор болды.
Қазіргі күнде тарих ғылымының ең биік шыңына көтеріліп, барлық асу-белесті бағындырған академик Болат Көмековтің өмір жолы өнегеге толы. Көмеков отбасы оңтүстік өңірде діни білімді меңгерген, ағартушылықпен айналысқан әулет саналады. Әкесінің туған ағасы – Әбдімүтәліп Көмеков Орта Азия қалаларының бірінде діни жоғары білім алып, Сайрам медресесінде сабақ беріп, нағыз сопылық ғұмыр кешкен. Оның ықпалымен інісі Есмұхамед те (Ешмұхамед) жастай діни білімге ұмтылып, қари атанады. Академиктің айтуынша, 10 жасқа дейін оған сопы атасы – Әбдімүтәліп (әкесінің ағасын олар ата деген) өте қатты әсер етеді. Атасы жас балаларға діни тақырыптағы тәрбиелік мәні бар әңгімелер мен қиссаларды жиі айтатын. Бір әңгімесінде академик ұстазымыз «Менде атамнан жұққан бір қасиет бар, ол – материалдық дүниеге қызықпау және қарапайымдылықты өнеге тұту» деп айтқаны бар.
Орта мектепте үздік оқыған Болат Көмеков жоғары сыныпта инженер болуды армандайды. Өз бетінше ет турағыш машинаның сызбасын үш ватман қағазына түсіріп, мұғаліміне көрсетеді. Ағайы оқушысының қабілетіне таңғалып, ол сызбаны талай көрмеге қатыстырады. Жас баланы инженер болуға бейімдейді. Сөйтіп, ол 17 жасында Ташкент политехникалық институтының машина жасау мамандығына құжаттарын тапсырады. Емтихандардан ойдағыдай өткен соң, Ташкент мемлекеттік университетінде араб бөлімі ашылғалы жатқанын естіп, құжаттарын политехтан қайтарып алады да, Шығыс факультетіне тапсырады. Сөйтіп сынақтан ойдағыдай өтіп, студент атанады.
Ташкенттегі жоғары оқу орнының сирек мамандығын бітіріп, 1961 жылы Бағдат университетінен тағылымдамадан өтеді. Одан кейін 1965 жылға дейін Мысырдағы Асуан су бөгеті құрылысында аудармашы, аға аудармашы қызметін атқарады. Бұл тек құрылыс басшылары арасында ғана емес, мемлекет, үкімет басшылары арасындағы кездесулер аудармасын да қамтитын. Әрине, оған үлкен білім мен қабілет керек еді. Дарынды жас Болат Ешмұхамедұлы осы жұмысты абыроймен орындады.
Үш жылдан соң елге оралған жас жігітті Ташкентте бірге оқыған достары бірден Ғылым академиясындағы Тарих институты басшылығымен жолықтырады. Институт директоры академик Ақай Нүсіпбеков араб тілін ана тіліндей білетін жас жігітпен сөйлесе келе, бірден жұмысқа қабылдайды. Бұл – 1965 жыл болатын. Сол кезден бүгінге дейін тура 60 жыл бойы Болат Ешмұхаммедұлы академияда отандық ғылымға адал еңбек етіп келеді. Сол кездері «әлемнің екінші ұстазы» атанған Әл-Фарабиді қазақ халқы жаңадан танып-біліп жатқан кез болғандықтан, Ә.Марғұланның ғылыми жетекшілігімен оған «Фарабидің тарихи көзқарастары» атты тақырыпты кандидаттық диссертация етіп бекітеді.
Ленинград қаласы сол кезеңде тек одақта ғана емес, дүние жүзі бойынша Шығыстану ғылымы орталықтарының бірі саналатын. Тарихи шаһарда есімдерін әлем мойындаған шығыстанудың әр саласынан атақты ғалымдар қызмет атқаратын. Солардың бірі – атақты түріктанушы Сергей Кляшторный еді. Осы ғалым Көмековті шәкірт етіп қабылдайды.
КСРО Шығыстану институты Ленинград филиалының арабист ғалымдары ішіндегі араб тілінің білгірлері арасында сөз салыстырғанда қазақ жігітінің білімін бәрі мойындайды. Екінші таңғалдырған жайт, жас ғалым 17 күн ішінде институттың қолжазба қорындағы қолжазбаларды ақтарып, қажетті материалдарды жинап, кандидаттық диссертацияға қатысты реферат дайындайды. Бұған сенімсіздік білдірген басшылық арнайы жұмыс тобын құрып тексереді. Арнайы құрылған жұмыс тобының арабист мүшелері оны тексеріп шығады да, тағы да таңғалады. Өйткені рефератта көрсетілген сілтемелер мен сансыз қолжазба арасынан алынған мәтіндік аудармалар тура сәйкес келеді.
Одан кейінгі үшінші ерекшелігін ғылыми жетекшісі айтыпты. Ол қуанышын былай жеткізіпті: «Колумб Американы ашып, бүкіл әлемді таңғалдырса, Болат Көмеков Қазақстан тарихында жаңа мемлекетті тауып, әлем ғалымдарын таңғалдырды». 1970 жылы Болат Көмеков «IX-XI ғғ. араб деректері бойынша Қимақ мемлекеті» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғағанда Ленинград ғалымдары риза болған. Тіпті оның осы зерттеуінің авторефератына Батыс Еуропа мен АҚШ ғалымдары қызығушылық танытып, пікірлерін жіберген. Қазіргі кездегі ең мықты америкалық түріктанушы, шығыстанушы, исламтанушы Питер Бенджамин Голден жас ғалымға оң баға беріпті. Арада елу жыл өткенде бұл ақиқатты «Казахстанская правда» газетінен оқыдық.
Ғылыми диссертациясын қорғап, Алматыға оралған жас ғалымды қызметке шақырушылар көбейеді. Алғашқы болып Орта Азия мұсылмандар мүфтиятына қарасты Қазақстан қазиятының басшысы, дін қайраткері Сәдуақас Ғылмани шақырып, өзінің орнына ұсынады. Сондай-ақ Қазақ кеңес энциклопедиясының басшысы да осындай ірі қызметке шақырады. Ал Болат Ешмұхамедұлы академиядағы ғылыми қызметті таңдайды. Міне, сол кезден осы күнге дейін тарихшы ғалым кәсіби саласында адал еңбек етіп келеді. Академик Болат Көмеков ғылыми әлеуетін отандық тарих ғылымына, оның ішінде ортағасырлық кезеңнің зерттелуіне толық жұмсаған, осы саланың көшбасында тұрған тұлға деп айтуға толық негіз бар.
Біріншіден, ол еліміздің ерте кезеңі мен ортағасырлық тарихын жүйелі түрде зерттеу үшін институт құрылымында жеке бөлім – «Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихы» атты бөлімнің ашылуына мұрындық болып, оған араб, парсы, түрік, қытай, шағатай, еуропалық тілдерді жетік білетін тарихшы мамандарды шоғырландырды да, оны ширек ғасырдай уақыт басқарды.
Екіншіден, 1972–1978 жылдары алғаш рет қазақ тілінде жарық көрген 13 томдық «Қазақ кеңес энциклопедиясының» әр томына шамамен ортағасырлық араб-парсы авторларының тарихи-географиялық шығармалары мен олардың авторлары туралы 12-15 ғылыми мақала берді. Оның 150-дей мақаласы осы энциклопедияда жарық көрді. Б.Көмековтің арқасында қазақ оқырмандары мұсылман әлемінің ортағасырлық авторларымен, олардың туындыларымен танысты.
Үшіншіден, Б.Көмековтің жеке өзі және оның бөлімі 1978–1983 жылдары жарық көрген бес томдық «Қазақ ССР тарихы» академиялық басылымының І және ІІ томдарын шығаруға атсалысты. Бес томдықтың І томына ол оннан аса ғылыми мақала дайындап берсе, ал ІІ томға тікелей жауапты редактор болды.
Төртіншіден, 1984–1985 жылдары Б.Көмековтің бөлімі Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығына орай оның таңдамалы шығармаларының 2 томын және толық шығармаларының 5 томдығын даярлап шығарды.
Бесіншіден, Б.Көмеков 1985 жылы 4 томдық «Қазақ КСР энциклопедиясына» қазақ және орыс тілдерінде 20 мақала дайындады.
Алтыншыдан, Б.Көмековтің ғылыми кеңесшілігімен 9 адам ғылым докторы, 15 адам ғылым кандидаты және бірнеше жас ғалым PhD дәрежесін қорғады. Академик жетекшілігімен кандидаттық және докторлық диссертация қорғаған шәкірттерінің бірі – осы жолдардың авторы.
Жетіншіден, ол 1994 жылы Ресей ғылым академиясының Шығыстану институтында «VIII-XIII ғғ. қыпшақ, құман және қимақ тарихына қатысты араб деректері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. Ал 1995 жылы ҰҒА корреспондент-мүшесі болып сайланды.
Сегізіншіден, академик Болат Көмеков өз зерттеулерін замана талабына сай жүргізу үшін «Қыпшақтану» орталығын ашып, кейін оны Халықаралық «Қыпшақтану» институтына айналдырды.
Ұлтымыздың біртуар тұлғалары – М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Е.Бекмаханов «Қазақ ССР тарихының» академиялық бірнеше басылымының редколлегиясына қатысып, томның шығуына жауапты редактор болғаны белгілі. Одан кейінгі басылымдарда Болат Көмеков сынды қазақ ғылымының жаңа буын өкілдері осы дәстүрді жалғастырды. Ол 1979 жылы орыс тілінде, 1983 жылы қазақ тілінде жарық көрген «Қазақ ССР тарихы» атты бес томдықтың ІІ томына жауапты редактор болды. X-XVII ғасырлардағы тарихымыздың ең күрделі кезеңін зерделеген Болат Ешмұхамедұлы есімі бүкіл одақтан асып, әлемге танылды.
1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тарихшылар алдында жаңа көзқарас пен өркениеттік қағидатқа негізделген «Қазақстан Республикасының тарихы» атты академиялық басылымды шығару міндеті тұрды. Бұл жолы да академик Б.Көмеков пен ол басқаратын бөлімге Отан тарихының ортағасырлық кезеңін зерттеп жазу жүктелді. Академиктің білікті тобы бұл міндетті абыроймен атқарып шықты.
Әділетті Қазақстан тұсында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жеті томдық академиялық тарихты жазу қолға алынғаны белгілі. Осы кешенді жобаның 2-томын орындау тарих ғылымының бірегей тұлғасы, академик Болат Көмековке жүктеліп отыр. Біз академиялық басылымның бұл бөлімін бастаған топ жоғары деңгейде орындап шығатынына сенімдіміз.
Бірауыз сөз Болат Ешмұхамедұлының ел жоғары оқу орындарына сіңірген еңбегі туралы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰМУ, Қазақ гуманитарлық-заң университеті, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, басқа да ғылым-білім мектептері – тарихшы-академиктің тұрақты дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеген ошақтары.
Бүгінде абыз жасына көтерілген тарихшы-академиктің қоғамдық, халықтық, ұстаздық қызметі жалғыз ғылым саласымен шектелмейді. Болат Ешмұхамедұлы – өмірде де, кәсіпте де парасатты ел ағасы, қағидатшыл тұлға, адамшылығы асқақ жан. Академиктің осы қасиеті өзінен кейінгі бар буынға жұғысты болғай.
Берекет Кәрібаев,
ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры