Бұл – 2002 жылғы 20 желтоқсанда болған оқиға. Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы мұражайда шертпе күйдің сұңғыласы атанған Сүгір Әліұлының туғанына 120 жыл толуына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Міне, осы сапарға шалғайдағы Созақ ауданынан Ергентай Борсабаев шақырылады. Конференциядан соң, яғни 21 желтоқсан күні Қазақ радиосының «Күй құдіреті» бағдарламасын жүргізетін белгілі композитор, күйші Қалқаман Жүнісбекұлы теріскейден ат терлетіп келген Ергентайдан сұхбат алады. Ерекең сұхбат бере отырып, Ықыластың үш күйін, Сүгірдің сегіз күйін таспаға жаздыртады.
Ертесіне Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры, күй зерттеушісі Біләл Ысқақовтың шақыртуымен аталған оқу орнында Ерекеңмен кездесу өтеді. Ерекең сол сапарында Сүгір күйлеріне байланысты орын алған кейбір келеңсіз жағдайды таратып, талдап, айтылып жүрген әңгімелердің негізсіз екенін мамандар алдында дәлелдеп, барлығын орнына қойып кетеді.
Сол кездесуде Ерекеңді өнер саңлақтары Қаршыға Ахмедияров, Уәли Бекенов, Біләл Ысқақов, тағы басқа да мамандар мен домбыра класының студенттері ыстық ықыласпен қарсы алады. Созақтық саңлақ күйші аудиторияда Ықылас пен Сүгірдің бірнеше күйін тапжылмай отырып, буынтық-буынтықтарын, иірім-иірімдерін жаңылыспай қаз-қалпында тартып береді. Сондай-ақ әр күйді тартар алдында тарихын айтып отырады.
Осыншама құрмет көрсетілген Ергентай Борсабаев кім еді? 1927 жылы Созақ сахарасында дүниеге келген ол Сүгірдің аталас інісі болып келеді. «Қызыл ту» ұжымшарында ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет істейтін Борсабай Рахметов Жайылма деген жерде Сүкеңмен іргелес отырады. Олар жиі араласады. Сүгір келгенде Борсабай қасына домбыра әкеліп қояды екен. Сүкең домбыраны баптап, шертіп тартады. Ол сабалап тартуды ұнатпайды. Керемет тәтті ызыңдар бой-бойын аралап өтіп, буын-буынына дейін тарап, майдай ерітеді. Міне, осы кезде бала Ергентай құлағын түріп, күй тыңдап жатады. Ол күйдің таусылмағанын ұнатады. Сүкең күйді селқос тыңдап отырған жанды аңғарса, домбырасын тастай салады екен. Сондықтан үйдегілер қыбыр етпей ұйып тыңдауға тырысады. Оның үстіне Сүкең күй тартқанда дем шығару қайда? Тіптен мал екеш мал да күйсегенін қойып, күйге елтіп қалғандай тым-тырыс бола қалушы еді.
– Мына Ергентайым сенің күйлеріңді ұйып тыңдайды. Осыған күй тартуды үйретсеңші, – дейді әкесі Борсабай.
– Әлі жас қой, бұған домбыра үйрену қайда? – деп Сүкең қыңырайып қалады.
Сүгірдің кейде киіз үйде домбыраны жалғыз өзі отырып тартатыны бар екен. Домбыраның қос ішегі бебеу қағып, небір әуенді мың құбылтады. Мұндайда үйге кіріп келсеңіз атақты күйші домбыраны шанағынан қақ бөліп, үйден шыға жөнелуден тайынбайды. Сонысын білетін бала Ергентай күйді киіз үйдің сыртынан, жырақтау отырып тыңдайды. Тәтті де шымыр ызыңдар баурап алғаны соншалық, күні бойы осы маңнан кеткісі келмейтін Ерекең қолына домбыра алып, атасының күйлерін үзік-үзік тарта бастайды.
Иә, Сүгір соншалықты шікәмшіл болатын. Күйлерін бұзып тартқан адамды жаны сүймейтін. Сондықтан Ергентай атасының ыңғайын тауып жүруге талпынды. Алдынан кесе-көлденең өткен жоқ.
Ағайын әрі аралас-құралас отырғандықтан ба, бірте-бірте Сүгірдің ықыласы Ергентайға түседі. Ерекең атасының кербез күйлерін кідіртпей, жаңылмай тартуға бейімделіп келе жатты.
Бірде Сүгір атасы үйлеріне келе қалды. Борсабай құрақ ұшып күтіп алды. Сүкең біраз күй шертті. Ауыл-аймақтың амандығы, шаруа жайы сөз болды. Бір уақытта Борсабай атасы:
– Сүке! Мына жаман балаңыз күйлеріңізді едәуір үйреніп алыпты. Батаңызды беріңіз! – деді.
– Қане, қалқан құлақ бала! Тарта қойшы, – деп Сүгір атасы ықылас танытты.
Атасы рұқсат беріп отырған соң тоқтай ма, Ерекең көсіледі.
– Әй, мына жаман сары, күйлерімді үйреніп алыпты ғой, – деп сүйсінді шертпе күйдің шебері Сүгір Әліұлы.
Міне, Сүгір шеберлігінің уызына қанып, оның өзіндік өнерін мейлінше таза меңгерген Ергентай Борсабаев осындай тума талант болатын. Күй орындаудағы қағыстар алмасуының жүйелік сипаты, перне басып, қолдану амалдарының тұрақты қолданысы күйші шеберлігінің кемелденгенін көрсетсе керек. Сүгірдің өзі сүйсініп, профессорлар мен дәулескер күйшілер мойындаған Ергентай Борсабаев туралы таратып айтсақ, әңгіме көп қой, көп.
«Ергентай Борсабаев арнаулы оқу орнын бітірмесе де тартысы – әлемдік дәстүрлі классикалық үлгі. Өзіндік орындаушылық қолтаңбасы бар» дейді профессор Қаршыға Ахмедияров. Ал профессор, күй зерттеушісі Біләл Ысқақов: «Ерекең – қазақтың орындаушылық мектебіндегі ерекше құбылыс. Студенттерге дәріс бергенде, дәстүрлі орындаушылық дегенде Ергентай Борсабаевты атамай кетпейміз. Күй өнері – ешбір халықта жоқ, шежірелік өнер қазына. Консерваторияның мақсаты – ел арасындағы күйшілерді студент жастарға таныстыру. Ал Ергентай Борсабаев – дәстүрлі күйшілік өнердің соңғы могиканы» дейді. Осыдан-ақ Ерекең Сүгірдің сирек шәкірті ғана болып қоймай, күй өнерін насихаттаушы, ұстазының шеберлік мұрасын шәкірттеріне жеткізуші екенін аңғарамыз.
Ерекең сонымен қатар кезінде «Шу» кеңшарында автоклуб меңгерушісі болып, мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосты. Жалынды насихатшы еді. Барған жерінде үгіт-насихатты өлеңмен өріп, шебер жеткізетін. Оның өлең-термелерін келіні Шахизада тірнектеп жинап жүріпті. Ұрпақ тәрбиесінде осы термелердің әлі де кәдеге асары сөзсіз. Ергентай атамыздың өміріне сәуле шашып, жолын жарық ете білген Төребике анамызды да естен шығармауымыз керек.
Жуырда Созақ ауданындағы С.Қожанов атындағы тарихи-өлкетану музейінде Сүгірдің талантты шәкірті Ергентай Борсабаевқа арналған бұрыш ашылды. Музейге Ерекеңнің ұлы Сыздық әкесі шерткен домбыраны сыйлады.
Иә, Қаратаудың шертпе күй дәстүрі үзілмек емес. Ергентай атаның ендігі күй-ғұмыры ерекше өнерімен, соңына қалдырған мол мұрасымен сабақтасады.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ