Отандық ғалымдар «жасыл сутегі» өндіретін алғашқы кешенді стансаны жасап, іске қосты. Бұл олардың өз патенттері мен инженерлік әзірлемелеріне негізінде жасалған. Толық циклді сынақ қондырғы тек күн панельдері мен жел генераторларынан қуат алады.


Жүйенің өзегін Nazar­bayev University жанындағы Nati­­o­nal Laboratory Astana-ның жа­ңартылатын энергия көздері зертханасы әзірлеген инновация­лық катализаторлар мен бірегей инженерлік шешімдер құрайды. Жоба Қытайдың «Zhejiang H2-Bank Technology Co., Ltd.» өнеркәсіптік серіктестігімен бір­лесіп іске асырылды. Компания ғалымдарымыздың патенттелген электрод материалдарының бірі иридий оксидіне негізделген жоғары тиімді анод катализа­торы бойынша коммерциялық жүйені жинауға көмектесті. Мұн­дай қаптамасы бар мембрана электролиз кезінде суды тиім­ді бө­луге мүмкіндік береді және қон­дырғының өнімділігін арттырады.

Платформа «жасыл суте­гін» алудың толық тізбегін көр­сетеді: күн мен жел энергия­сы электрге айналып, ол су элек­тролизіне жұмсалады. Алынған сутегі энергия тасымалдаушы ретінде сақталып, кейін жанармай элементтерінде, көлікте, автономды генераторларда, тыңайтқыш өндірісінде, металлургияда немесе мұнай-газ секторында қолдануға болады. Әзірше өндірілген сутегі зертханалық мақсатта пайдаланылады: қон­дыр­ғы үш сағат ішінде көлемі 6 текше метр баллонды толтыра алады.

Лабораторияны басқара­тын NU профессоры Нұршат Нұражы жаңа жоба туралы: «Бұл – еліміздегі сутегі технологияларын тәжірибелік деңгейге шығаратын маңызды қадам. Фотокатализатор ұнтақтары мен зертханалық үлгілерден бастал­ған жұмыс ашық алаңда жұмыс істейтін өнеркәсіптік жүйеге айналды. Мақсатты бағдарлама ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықты қысқартуға жағ­дай жасап, ұлттық ғылыми жоба­лардың академиялық қана емес, нақты практикалық нәтиже бере алатынын көрсетті», деді.

Жұмыстың бастапқы кезеңінде ғалымдар тобы күн энергиясын тиімді пайдаланатын жүйелердің негізгі бөлігі саналатын фотокатализаторларды әзірлеуге және суды фотокаталитикалық бөлу тетіктерін зерттеуге ден қойды. Бағдарламаның соңғы кезеңінде зерттеушілер зертханалық тәжі­рибелерден нақты өндірісте қолдануға лайық жұмыс істей­тін прототиптер жасауға стра­тегиялық түрде көше алды.

Ал сутегі өндіру тобының же­текшісі, доктор Ерболат Ма­ғазов: «Индустриялық серік­теспен жұмыс істеу жүйенің ауқымын кеңейтуге және ха­лықаралық өндірістік әрі қауіп­сіздік стандарт­тарына сай болуына мүм­кіндік берді. Бұл – универ­ситет пен елдегі ғылыми орта үшін маңызды межелік: елде жаңартылатын сутегіні өндіруге арналған алғашқы ірі жүйелердің бірі, ол отандық ин­но­вациялардың мүмкіндігін нақты көрсетеді», деді.

Зерттеу тобы технологияны әзірлеумен бірге жоғары рейтингі бар ғылыми журналдарда 40-тан астам мақала жариялап, кітап шығарып, сутегі энергетикасы бойынша 7 патент алды. Ең маңыздысы, команда жаңа буын мамандарын даярлап, «жасыл сутегінің» толық құн тізбегіне маманданған сарапшылар желісін құрды.

Ғалымдар фотоактивті материалдарды, катализаторларды және жүйе архитектурасын одан әрі жетілдіруді жалғастыр­мақ. Олардың айтуынша, қазір­гі қондырғы – ел аумағында кеңі­нен қолдануға болатын жүйе­нің ша­ғын үлгісі ғана. Мұн­дай техно­логиялар елімізде таза ауа, эко­ло­гиялық тұрғы­дан қауіп­сіз ор­та және жаңа жоға­ры техно­ло­гиялы жұмыс орындарын қалып­тастыруға мүмкіндік береді.