Өтіп бара жатқан 2025‑жыл біз үшін ерекше жыл болды деп айта аламыз. Өйткені, 2024‑ж. бастап, бір жылға жуық әділет басқармасымен «хаттар алмасудан соң», біз – Қазақстанның үш азаматы құрылтайшы ретінде «Қазақ әлемі» атты республикалық қоғамдық бірлестікті тіркей алдық. Әрине, арада құзырлы органдарға өкпе де болды, наз да болды – бірақ соңы жақсылықпен аяқталды. Бірақ, біз оны «Қазақ әлемі» атты дүниенің салмағы қаншалықты ауыр, ауқымы кең болғандықтан – оны тіркеу де соншалықты жауапкершілікті болды деген оптимистік ойды сақтап қалдық.
Осылай деу үшін, алдымен, әркім өзіне «Қазақ Әлемі» дегеніміз не?» деген сұрақты қоюы керек, қоя алуы керек деп білеміз:
«Қазақ Әлемі» деген ұғым – бұл тек бір ұлттың географиялық шекарасымен шектелмейтін, осы географиялық шегарада тарихи тамыры тереңге кететін, осы жерде бай мәдениетті жасаған, тек өзіне ғана тән салт-дәстүрін, тілі мен ділін, өмір сүру салты және ұлттық санасын қалыптастырған халықтың бүтін болмысын бейнелейтін кең әрі кешенді ұғым.
Ол — қазақ халқының рухани, мәдени және тарихи кеңістігін қамтитын тұтас бір өркениеттік дүние.
Бүгінде «Қазақ әлемі» тек Қазақстанмен ғана шектелмейді. Ол – әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан миллиондаған қазақтың жүрегіндегі ұлттық сана мен рухтың көрінісі.
Қазақ мәдениеті — ғасырлар бойы көшпелі өмір салтынан бастау алып, қалыптасқан, бай мазмұнды, терең философиялық мағынаға ие рухани мұра: ол – халқымыздың дүниетанымы мен өмір сүру дағдысының, бүтін болмысының айнасы.
Әуелі ол Музыка мен Өнер түрінде санамызға сіңді.
Бізге жеткен аңыз бойынша, «Мәңгілік өмірді іздеген Қорқыт баба оны адамның өзінен емес, адамнан туған өнерден табуға болатынын айқын ұғып, ақыр соңы «мәңгілік өмір сарынын» қобызбен күйге салды» делінеді...
Яғни, бұдан: «Қазақ әлемі» өзінің пайда болуы бастауында Өнер атты құдыретпен, жалпы, Әсемдік атты гармониялық әлеммен байланысты болып еді» деген аңызға сүйенеді» дейтін қорытынды шығады.
Өте әдемі аңыз?
Содан болар, Қазақ мәдениетінде музыка ерекше орын алады: Күй мен Жыр – ел жүрегіндегі егіз ұғым, тілсіз тіл. Домбыраның сазымен төгілген Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет күйлері – ұлттың жан сазын жеткізеді. Сөз өнерінің шыңы ‑ Айтыс өнері – суырыпсалма шешендіктің шыңы, ақиқатты ту етіп ұстаған қазақ шындығы.
Ендеше, өзіндік әуенге ие болған шешендік өнер мен жыршылық дәстүр — қазақ мәдениетінің басты тіректерінің бірі.
Киіз үй мен қолөнер
Киіз үй – қазақ өмірінің символы.
Ол тек баспана емес, әлем моделі: шаңырақ – аспан, уық – күннің шапағы, кереге – жер.
Қазақ қолөнері – сол кең әлемге сән беріп тұрған салтанат: ұлттық ою-өрнек, зергерлік бұйымдар, кілем тоқу – бәрі де ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мұра.
Салт-дәстүр – ұлттың жаны
Қазақ әлемін салт-дәстүрсіз елестету мүмкін емес.
Әрбір салт – ұлттың өмірге, адамға, табиғатқа деген көзқарасының көрінісі. Ол бала тәрбиесі мен отбасылық дәстүрлерден көрініс табады: шілдехана, нәрестені қырқынан шығару, тұсаукесері – баланың дүниеге келуінен бастап, оның әрбір қадамын ұлықтайтын дәстүрлер.
Ал, көне түркілік заманнан келе жатқан «ат қылу», яғни, бүгінде «сүндет той» дәстүрі, немесе, «бесікке салу» жорасы – ұл мен қыздың тәрбиесіне тау бітті баса назар аударылуын білдіретін киелі дәстүрлер.
Одан әрі жалғасын табатын «құда түсу», «қыз ұзату», «беташар» – қазақ халқының «өмірді ұзартушы», яғни, отбасының іргесін бекітетін негізгі ғұрыптары.
Тұрмыстық және әлеуметтік дәстүрлер
Қазақта әр нәрсеге көғңл бөлетін ұлттық мәнез қалыптасқан: мына кең дүниеде әрі қысқа ғұмырда адам баласы барлық жақсылықты сезіне алуы тиіс, оның бақытты өмір сүруге толық қақысы бар. Соның бір элементтері ретінде ырымшы халық «ауыз тию» ғұрпын ұстанған. Бұл – кісіліктің белгісі, кім де болса, шаңырақтан биік емес, дастарханнан аттап өтпейді – тоқтаған үйдің дәмінен «ауыз тимей» аттану – жолыңа қатер деп білген. Бүгін де осы дәстүріміз барша қазақтың асл мінезін әлемге танытуда: елімізге қиын заманда келген өзге халықтар: шешендер, немістер, украиндер, әзербайжандер, кәрістер және т. б. Халқымызға алғыстарын әлі де айтумен келеді..
Өйткені, біздің халыққа әркімнің жүгін қауым болып көтеріп алатын «Асар» бар, шын қуаныштан туатын «Сүйінші» бар, үлкенді ғана емес, сый‑құрметі асқанға «Жол беру» бар, көшіп келгенді бауырына басатын «Ерулік» бар... Мұның бәрі де халықымыздың жан дүниесінде Бірлік пен Береке, Үлкенге құрмет, Кішіге ізет жатқанын, соны танытатын салттар.
Қазақ тектілігін сөзбен ғана айтпайды, оны өз дәстүрінде «Жеті ата» салтымен шегелеп тастаған. Ал, Ұлы Тәңірі күні мен түнін теңестіргенде ‑ Наурыз көже береді, тазаланады, кешіреді...
Біздің ұзақ тарихымызда Жылқы малының ролі ерекше болған. Сондықтан, оған қатысты дәстүрлер – қазақы қоғам құрылымының және табиғатпен үндестіктің көрінісі. Тіптен, адамның өзін «жылқы мінездес» деп, тұлпармен теңеген!
Қазақ әлемінің тірегі – ана тіліміз. Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – халықтың рухы мен жанының айнасы.
Тілдің байлығы: Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең бай, көркем тілдердің бірі. Онда: теңеулер мен метафоралар мол (мысалы, «ай десе аузы, күн десе көзі бар»). Мақал-мәтелдер, қанатты сөздер – ұлттың даналығын көрсетеді («Жеті рет өлшеп, бір рет кес», «Бірлік болмай, тірлік болмас»).
Ауыз әдебиеті мен жазба дәстүрі: ертегілер, батырлар жыры, аңыздар арқылы елдің рухын сақтады. Оны небір дүлділ би‑шешендеріміз, от ауызды‑ орақ тілді батырларымыз, ғұламаларымыз Әбунасыр Әл Фараби, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, жаны нәзік ақындарымыз Мұқағали Мақатаев сияқты алыптар – тіл арқылы қазақ әлемін сөзбен өрнектеді.
Қазақтың ұлттық ойындары мен спорт түрлері – оның ерлікке, батырлыққа, жылдамдық пен шапшаңдыққа негізделген болмысын көрсетеді.
Көшпенділер рухы – Көкпардан көрінеді, бұл – нағыз батырлар ойыны. Мұнда Тұлпар мен Жігіттің айқасқан ерлігі біртұтас боп бірігіп кетеді...
Дәстүрлі салақ ату, Аударыспақ, Теңге ілу, Жамбы ату – адамның шеберлігін, мергендік пен ептілігін паш етеді.
Бәйге – жүйрікті анықтайтын дода ғана емес, ұлт рухын оятатын жарыс.
Қазақша күрес – жауырыны жерге тимеген қазақ баласының күш-қайратын танытатын спорт.
Ұлттық ойындар
Тоғызқұмалақ – логика мен ой қабілетін дамытатын, шахматқа теңестірілетін ойын.
Алтыбақан, Асық ату, Қарагөз, Білектесу – жасөспірімдердің тәрбиесінде маңызды орын алған.
«Қазақ Әлемі» – бұл ғасырлар тереңінен жеткен ұлттық болмыстың жиынтық көрінісі. Ол тек тіл, дәстүр, өнер, спортпен шектелмейді. Ол – қазақтың рухы, намысы, болмыс-тұлғасы, дүниетанымы. Қазақ әлемін сақтау – ол тек өткенді еске алып отыру емес, оны жаңғырту, ұрпаққа жеткізу, заманға сай үйлестіре отырып дамыту. Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтап қалу – әр қазақтың қасиетті парызы. Себебі «Қазақ Әлемі» – әр қазақтың жүрегінде. Ол осылай болып келді, әрі бола береді!..
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күні құтты болсын!
«Қазақ әлемі» Республикалық қоғамдық бірлестігі құрылтайшылары:
Әбдірашит Бәкірұлы
Мұхтархан Абаған
Балнұр Кадырбекова