Қазақстанның банк жүйесі дағдарыстан кейінгі кезеңге өткен кезде проблемалық кредиттердің өсуі, активтердің сапасының төмендеуі және құрылымдық теңгерімсіздіктің күшеюі байқалды. Осындай жағдайда мемлекет қаржы жүйесін тұрақтандыру және тәуекелдердің ары қарай жиналуын тоқтату үшін арнайы тетік әзірлеуге мәжбүр болды, деп жазады Egemen.kz.
Осы себепті 2017 жылы мемлекеттік уәкілетті орган (Ұлттық банк) Банк секторінің қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама банк жүйесіндегі терең мәселелерді шешуге және қаржылық тұрақтылықты сақтауға бағытталды.
Бағдарламаның негізгі мақсаттары
- капитал тапшылығына тап болған жүйелік маңызды банктерді қолдау;
- баланстарды проблемалық кредиттерден тазарту;
- 90 күннен астам мерзімі өткен кредиттердің үлесін төмендету;
- банк жүйесіне деген сенімді қайтару;
- экономиканы кредиттеуді қалпына келтіру үшін жағдай жасау.
Мемлекеттік қолдаудың форматы
Банк секторінің қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында банктерге мемлекет тарапынан 15 жылға дейінгі мерзімге, шамамен 4% мөлшерлемемен субординирленген облигациялар берілді. Бұл банктерге активтер сапасын біртіндеп жақсартуға және капиталды қайта толықтыруға мүмкіндік берді.
Бағдарламаға қатысқан банктер және қолдау көлемі
- Евразиялық банк – 150 млрд тг
- АТФ банк – 100 млрд тг
- Цеснабанк – 100 млрд тг
- Банк ЦентрКредит – 60 млрд тг
- Bank RBK – 243,7 млрд тг
- Нурбанк – 46,8 млрд тг
Сонымен қатар, Казкоммерцбанкке 250 млрд теңгелік депозит берілді, кейін бұл активтерді «Халық банкі» мұра етті. Жалпы мемлекеттік қолдау 700 млрд теңгеден асты, ал кейбір банктердегі «улы» активтерді сатып алу арқылы нақты көмек көлемі одан да жоғары болды.
Жекелеген банктердің жағдайы
Казкоммерцбанк (ККБ)
- Негізгі проблема – БТА банкпен бірігуден кейін қалған өте үлкен көлемдегі проблемалық кредиттер.
- Бұл капиталдың еруіне және дефолт қаупіне әкелді.
- Мемлекет банк құлауын болдырмау үшін 250 млрд тг депозит бөліп, кейін бірқатар активтерді сатып алды.
Цеснабанк
- Ауыл шаруашылығына берілген субсидияланған және валюталық кредиттердің үлесі жоғары болды.
- Аграрлық сектордағы жағдай нашарлағанда портфель сапасы күрт төмендеді.
- 2018-2019 жылдары мемлекет 1 трлн теңгеден астам агрокредиттерді сатып алды.
Bank RBK
- 2017 жылы міндеттемелер бойынша дефольт болды.
- Несие берудегі шоғырлану және байланысты кредиттер капиталының құлдырауына әкелді.
- Мемлекеттік қолдау қаржы жүйесінде сенімнің толық жоғалуын тоқтату үшін берілді.
Банк ЦентрКредит
- 2014-2015 жылдары дағдарыстардан зардап шеккен корпоративтік кредиттердің үлесі жоғары болды.
- Бағдарлама банкке резервтерді толықтыруға және балансын тазартуға мүмкіндік берді.
Евразиялық банк
- Портфельдегі тәуекелі жоғары тұтынушылық кредиттер, сондай-ақ ескі NPL көлемі қайта капиталдандыруды талап етті.
АТФ банк
- Капитал құрылымы әлсіз болды, проблемалы активтер үлесі жоғары болды.
- ПФУ шеңберіндегі қолдау банкке жаңа инвестор келуі үшін қажетті шарт болды.
Нұрбанк
- 2019 жылғы активтердің сапасын тексеру (AQR) нәтижесінде резервтерді айтарлықтай ұлғайту қажет болды.
- Акционерлер де өз қаражатын енгізіп, капитал жеткіліктілігін қалпына келтірді.
Қаржы көрсеткіштері күшейгеннен кейін бірқатар банктер мемлекеттік қолдауды ерте қайтара бастады.
Мемлекеттік қолдау және кейінгі қатаң регуляторлық саясат банк секторын толық сауықтыруға мүмкіндік берді. Бүгінде банктер бағдарламадан шығып, нарықтық жағдайға қайта оралып жатыр. Бұл қаржы жүйесінің тәуелсіз, тұрақты және жауапты модельге көшкенін көрсетеді.