Орал қаласында Кеңес Одағының батыры, қазақ халқының қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейі 1982 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Музей тарихи ғимаратта, 1932–1934 жылдары Мәметовтер отбасы тұрған үйде орналасқан. Міне, осы жерде дәрігер Ахмет Мәметовтің жеке мөрі сақталған.

Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметов (Ахмедғали Мамытұлы) туралы бұрын мүлдем айтылмайтын. Оның танымал ағартушы, ақын, Алаш қайраткері және дәрігер болғаны тәуелсіздік жылдары ғана айтылып, насихаттала бастады.

Ахмет Мәметовтің өмірін екі кезеңге бөлуге болады: 1910–1915 жылдары Уфа мен Қазан қаласындағы «Ғалия», «Хусаиния» медреселерінде оқыған Ахмет 1912–1914 жылдары «Кеңес», «Ғибрат» атты өлең кітаптарын шығарған. 1911–1913 жылдары «Қазақстан» газетіне шығармалары жарияланған. 1917–1918 жылдары Ташкентте шыққан «Бірлік туы» газетінде, Күнбатыс Алашорда – Ойыл уәлаятының «Еркін қазақ» басылымында, Орал губернелік «Қызыл ту» газетінде қызмет етті. 1920 жылдардың басында Алаш қозғалысына қатысты қудалау басталғанда журналистік қызметін тастап, мүлдем жаңа кәсіпке бет бұрды.

Ахмет Мәметов 1923–1927 жылдары Саратов университетінің медицина факультетінде білім алды. Одан кейін Маңғыстау, Семей өңірінде дәрігер болып қызмет етті. 1930 жылы Алматы қаласында Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми зерт­теу инс­титутының алғашқы директо­ры болды. Оны Қазақстандағы тері-венерология саласының негізін қалаушылардың бірі десе де болады. 1931–1937 жылдар аралығында Орал, Алма­ты қала­ларында қызмет атқарды. 1937 жылы тұтқындалып, ату жазасына кесілді.

Міне, музейдегі мөр – Алаш арысының өмірінің екінші, дәрігерлік кезеңінде пайдаланған жәдігер. Оның музей құралған кезде тұлғаның жары Әмина Сүлейменова тапсырған болса керек. Мөрде шеңберді айналдыра «Ахмет Маметович МАМЕТОВ» деген, ортада «Врач» деген жазу бар.

Батыс Қазақстан облысы