Қазақстанның тау-кен металлургия кешені (ТМК) елдегі әрі өңірлердегі ірі жұмыс берушілердің бірі, сондай-ақ экономиканы қозғаушы күш болып саналады. Шахталар мен зауыттарда, фабрикалар мен қосалқы кәсіпорындарда күнделікті атқарылатын еңбек мыңдаған адамға тұрақты табыс әкеліп, отбасылардың әл-ауқатын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ол шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, өндірістік өңірлердегі әлеуметтік тұрақтылығын нығайтады. Елдегі жұмыспен қамтуға және миллиондаған қазақстандықтың болашаққа деген сеніміне саланың қалай әсер ететіні туралы толығырақ NUR.KZ материалынан оқыңыздар.
Тарихи тұрғыдан қарағанда, қазақ жұмысшы табы тау-кен металлургия саласының дамуы арқылы қалыптасты. Бұл сала елдің өнеркәсіптік прогресінің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. Тау-кен металлургия кешеніндегі алғашқы зауыттар мен кәсіпорындар сапалы адами капиталдың қалыптасуына зор ықпал етіп, отандық инженерлік мектептің негізін қалап, жаңа буын мамандарын даярлауға жол ашты. Жұмысшы мамандықтар жылында тау-кен металлургия кешеніне қосымша назар аударылады, себебі бұл сала – басты жұмыс көздерінің бірі әрі әлеуметтік дамудың маңызды тірегі.
Экономиканың қозғаушы күші: ТМК-нің жұмыспен қамтуға әсері
Бүгінде тау-кен металлургия кешеніндегі жұмыспен қамту тек тікелей емес, жанама түрде де маңызды рөл атқарады. Ол энергетика, механика, логистика және қызмет көрсету сияқты қосалқы салаларды қамтиды. Үкімет деректеріне сәйкес кешенде 224 мың адам жұмыс істейді. Қосалқы салаларды есептегенде бұл көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Мәселен, KPMG сарапшылары есептегенде, мультипликативтік эффектіні ескерсек, тау-кен металлургия саласындағы бір жұмыс орны басқа салаларды үш қосымша жұмыс орнын құруға ықпал етеді. Басқа деректер бойынша, бұл көрсеткіш жеті-сегізге дейін жетеді. Осылайша, 220 мыңнан астам ТМК қызметкерлері 600-800 мыңнан 1,5 млн дейін жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді.
Тау-кен металлургия секторының экономикаға әсерін нақты көрсететін мысал – ең ірі ERG пен "Қазақмыс" компаниялардың көрсеткіштері. Мәселен, ERG кәсіпорындарында 60 мыңнан астам адам еңбек етеді. Ал қосалқы өндірістер мен қызметтердің арқасында қосымша 116 мыңға жуық жұмыс орны өзге салаларды құрылады. Компаниядағы орташа жалақы жыл сайын тұрақты өсім көрсетуде. Мысалы, 2022 жылы ол 464 мың теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 655 мың теңгеге жеткен. Ал арнайы зиянды өндірістерде, яғни шахтерлер мен металлургтердің жалақысы одан да айтарлықтай жоғары. Компанияның халық табысына қосқан жалпы үлесі жыл сайын орта есеппен 17 пайызға артып отыр.
Ұқсас жағдай "Қазақмыс" компаниялар тобына да тән. 2018-2022 жылдар аралығында Қарағанды облысындағы мыс саласының алып кәсіпорны 140 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтты, ал қосалқы салаларда тағы 320 мыңнан аса жұмыс орны ашылып немесе қолдау тапты. Нәтижесінде кәсіпорынның қызметі жарты миллионға жуық адамның табысын қамтамасыз етті. Бес жыл ішінде қызметкерлерге жалпы 2,3 трлн теңге жалақы төленді.
Металлург қалалары: өңірлік тұрақтылықтың негізі
Тау-кен металлургия кешенінде еңбек ететіндердің басым бөлігі саланың кәсіпорындары орналасқан өңірлердің тұрғындары. Бұл – Хромтау, Рудный, Балқаш, Жезқазған, Теміртау, Екібастұз, Риддер және басқа да 16 моноқала, олардың жалпы тұрғын саны бір миллионнан асады.
Сала әсері тек өндірістік алаңдармен шектелмейді. Қызметкерлердің жалақысы тұтынушылық сұранысты арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Өндірістегі еңбекақы республикадағы орташа көрсеткіштен жоғары болғандықтан, әрбір жұмыс орны (немесе бір отбасының бірнеше мүшесі) тұрақты тұтынуды қамтамасыз етіп, отбасылық бюджеттің тұрақтылығын қолдайды. Бұл өз кезегінде ШОБ өнімдері мен қызметтеріне тұрақты сұранысты қалыптастырып, өңірлік экономиканы әрі өміршең, әрі тұрақты етеді.
Мұны 2024 жылы "Стратегия" қолданбалы әлеуметтік зерттеулер орталығының әлеуметтанушылары жүргізген зерттеу растайды. Олар Жезқазған, Теміртау, Павлодар, Рудный және Хромтау тұрғындарын сауалнама арқылы қамтып, тау-кен металлургия кешенінің (ТМК) жергілікті халықтың экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына әсерін анықтаған.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей металлургиялық кәсіпорындар орналасқан қалаларда әлеуметтік оптимизм деңгейі республика бойынша орташа көрсеткіштен едәуір жоғары екені анықталды – 52% қарсы 37%. Бұл өндірістік орталықтардың тұрғындарды болашаққа сеніммен қарайтынын көрсетеді. Әсіресе бұл көрсеткіш ТМК қызметкерлері арасында айқын байқалады. Олардың экономикалық оптимизмі 67,6%-ға жеткен.
Сауалнамаға қатысқандардың шамамен 70%-ы ТМК компанияларының жұмысы өз қалалардағы өмір сапасына оң әсер тигізеді деп есептейді. Ал кешен қызметкерлерінің 60%-дан астамы өз табысына қанағаттанғанын атап, оның тұрақтылығы мен елдегі орташа көрсеткіштермен салыстырғанда бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.
Өнеркәсіптік қалалардың тұрғындары кәсіпорындарда жұмыс жағдайларының қолайлы екеніне және персоналға қамқорлық жасалатынына назар аударған. Мысалы, Жезқазған тұрғындарының 71%-ы, Рудныйда 75%-ы, Хромтауда 61%-ы ТМК кәсіпорындарында қызметкерлерге қауіпсіздік, әлеуметтік қолдау және кәсіби өсу мүмкіндіктері қарастырылған деп санайды.
Жалпы, тұрғындардың жартысынан көбі қалалардағы жағдайдың жақсаратынына сенеді, ал әр төртінші адам отбасының әл-ауқаты ТМК кәсіпорындарына байланысты деп есептейді.
Кешен тек жұмыс орындарын ғана емес, әлеуметтік байланыстарды да қалыптастырады. Зерттеу деректері бойынша ТМК кәсіпорындары орналасқан қалалардың 10 тұрғынының 8-інде осы салада жұмыс істейтін туыстары немесе достары бар. Бұл сектордың қамту ауқымын және әлеуметтік маңыздылығын айқын көрсетеді. Әсіресе металлургия мен пайдалы қазбаларды өндіру басты еңбек пен табыс көзі болып табылатын моноқалалар үшін.
Мықты ТМК – қалалардағы тұрақты жұмыспен қамту
Тау-кен металлургия кешенінің жасайтын жұмыс орындарының ауқымы мен тұрақтылығы кездейсоқ емес. Көптеген басқа өнеркәсіп салаларынан айырмашылығы, онда жұмыс орындары өндірістік циклдің белгілі бер кезеңдерімен шектелсе, кешен үздіксіз еңбек тізбегін қамтамасыз етеді. Мысалы, мұнай саласында ірі кадрлар көбінесе кен орындарын игеру кезеңінде ғана қажет болса, металлургияда жұмыс орындары өндірістік циклдің барлық кезеңдерінде қалыптасады. Мәселен, барлау мен геологиялық-зерттеу жұмыстарынан бастап, кенді өндіру, байыту, металлургиялық қайта өңдеу және инфрақұрылымды қызмет көрсетуге дейін. Әр кезеңде білікті мамандар қажет, оның ішінде геологтар, шахтерлер, металлургтер, инженерлер мен техникалық персонал. Осылайша ТМК тек ірі жұмыс беруші ғана емес, тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмыспен қамтудың жүйелі көзі болып табылады.
Сондықтан кешенді дамыту мен қолдау – Қазақстан үшін стратегиялық қажеттілік. Өйткені ТМК-нің көрсеткіштерінің артында әлеуметтік-экономикалық тұтас экожүйе тұр: қызметкерлер мен олардың отбасылары, кәсіпкерлер, қалалардың өмірі мен инфрақұрылымы.
Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында бұл сектор кәсіпорындарының тек жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, жаңа еңбек мәдениетін қалыптастыратынын атап өту қажет. Жас мамандарды қолдау, білім беру, қайта даярлану және кәсіби өсу мүмкіндіктерін жасап, ТМК компаниялары елдің дамуы үшін берік қоғамдастықты қалыптастырады. Міне осы іргетасқа сүйеніп, тұрақты кәсіпорындары, сұранысқа ие мамандары және болашаққа сенімді адамдары бар өңірлердің келешегі құрылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз