«Таза Қазақстан» акциясы еліміздегі көптеген игілікті істің бастауына айналды. Жақында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп «Алматы 2035: таза ауа және тұрақты инфрақұрылым» форсайт-сессиясын өткізді. Бұған дейін ҰҒА еліміздің аумақтарында бірқатар форсайт-сессия өткізіп, оның барысында зерттеу нысанына ілікпеген, дамуға мұқтаж салаларды зерттеді. Бұл жолғы форсайт-сессия қала экологиясындағы түйткілді жағдайды нысанаға алып, экожүйе , қауіпсіз орта міндеттерін талқылады.
Біріншіден, ғалымдар қалалық экожүйе мен шағын және орта бизнестің жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында шаһар экономикасының ажырамас бөлігі саналатын қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының ауа ластануына әсерін қарастырды. «HoReCa» секторы (дәмхана, мейрамхана, қонақүй) – тек қызмет көрсету саласы ғана емес, сонымен қатар қала дамуының бір бөлігі. Алайда мұндай мекемелер санының артуы мен құрылыстың қарқынды дамуы, әсіресе шаһардың орталық аудандарында ауа сапасына кері әсерін тигізіп отыр.
Сессияда ғалымдар қоғамдық тамақтану орындарынан ауаға тарайтын зиянды қалдықты азайтуға бірқатар бастама ұсынды. Нақты айтқанда: сүзгілеу және желдету технологияларын көздейтін жаңа буын «Таза HoReCa» қалалық стандартын енгізу, ғылым, әкімдік және бизнес деректерін біріктіретін қалалық ауа зертханасын құру, шығарындылар мен ауа сапасын нақты уақытта бақылайтын «IoT» сенсорлар желісін енгізу, азаматтарға ашық қолжетімді ластану деңгейін көрсететін цифрлық карта әзірлеу, ESG сәйкестік қағидаттарына негізделген дәмханалар мен мейрамханаларды «жасыл сертификаттау» бағдарламасы.
Сессияға қатысушылар «ауа – қызмет ретінде» (Air-as-a-Service) тұжырымдамасына назар аударды. Оның барысында компаниялар жабдықтарды орнатуға емес, тазартуға да ақы төлейді. Нәтижесінде, Алматы Орталық Азиядағы ауа сапасын «ақылды» шешімдер арқылы қадағалайтын қалаға айналуы мүмкін.
Форсайт-сессияда ғалымдар сейсмотұрақтылықтың цифрлық негізіне назар аударды. Ол инженерлік, кадастрлық және геологиялық деректерді бірыңғай платформада біріктіруді көздейді. ҰҒА Пәнаралық ғылымдар орталығының директоры Қуантар Әлихановтың айтуынша, BIM, IoT және жасанды интеллект технологияларының көмегімен қауіпсіз қала мақсаттарын іске асыруға болады. Осы технологиялар бірігетін болса, университеттер мен стартаптарға жаңа бағыттар ашылады.
Алматы жоғары сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Тұрғын үй қорының 50 пайыздан астамы қазіргі қалыптасқан нормаға дейін салынған. Ескі ғимараттар көп. Құрылыс қарқынды дамып келеді. Халық санының артуы қала қауіпсіздігін күшейтуді талап етеді. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, дәл цифрлық технологиялар реактивті әрекет етуден тәуекелдерді болжап басқаруға көшуге мүмкіндік береді. BIM, IoT және жасанды интеллект технологияларының көмегімен қос цифрлы тәуекелдер модельдеуге, ғимараттардың деформациясын болжауға, нығайту шараларын ұсынуға қабілетті.
«Urban Digital Twin» жобасын жүзеге асырған Сингапур, Хельсинки, Дубай қалаларының даму барысы әлемге аян. Сол сияқты заманауи басқару жүйелері сейсмикалық аймақтағы Алматыға енетін болса, онда қала «ақылды» жүйелермен басқарылатын Орталық Азиядағы алғашқы шаһар болуы мүмкін. Ғалымдар пікірінше, шаһардың қауіпсіздігін арттыру үшін орталық бөлігінде қос цифрлы қанатқақты жобасын іске асырып, негізгі нысандарға деформация мен діріл сенсорларын орнату қажет. Мұнымен қоса цифрлық инженерия бойынша мамандарды даярлау бағдарламасын әзірлеу, сондай-ақ сәулетшілер мен құтқару қызметтеріне қолжетімді «сейсмотұрақтылықтың цифрлық картасын» жасау да өзекті.
Сарапшылар мұндай технологиялар қауіпсіздікпен қатар, ғимараттарды жөндеу мен қайта жаңарту шығындарын азайтып, деректерге негізделген жаңа қала басқару мәдениетін қалыптастыратынын айтады. Бұл бағыттар 2035 жылға дейін цифрлы шешімдер мен технологияларды пайдаланудың маңызды екенін көрсетіп отыр. Алматы – таза әрі өмір сүруге қауіпсіз қала ретінде дамуға тиіс. Оған ғылым, бизнес, әкімдік пен азаматтардың белсенділігі қажет.
Форсайтқа мектеп оқушылары мен студенттер де қатысты. Олар экологиялық мониторингке арналған мобильді қосымшалардан бастап, шығарындыларды автоматты түрде бақылайтын «жасыл кварталдар» тұжырымдамасына дейінгі өз идеяларын айтты. Жас буын тұрақты даму қағидаттарымен ойлап, болашақтың қаласын жақсартудың жолдарын ұсынды.
АЛМАТЫ