Қазақстан Президентінің Ресейге сапары қарсаңында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызы қайтадан күн тәртібіне шықты. Сарапшылардың пікірінше, бұл сапар тек протоколдық сипаттағы іс-шара емес, соңғы жылдары аймақтық және жаһандық деңгейде қалыптасқан жаңа геосаяси шындық аясында Қазақстан мен Ресейдің өзара байланысын тереңдетуге бағытталған маңызды кезең болмақ .
Ресей халықаралық ынтымақтастық қауымдастығының және Ресей–Қазақстан достық қоғамының президенті Сергей Вячеславович Калашников бізге берген сұхбатында екі елдің тарихи, мәдени және әлеуметтік жақындығына тоқталып, болашақтағы ынтымақтастықтың бағыттарын атап өтті. Сарапшының пікірінше, Қазақстан бүгінде Орталық Азиядағы негізгі ойыншы ретінде өз орнын айқындап, аймақтық тұрақтылық пен дамудың кепіліне айналып отыр.
Сергей Вячеславович, қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастарды қалай бағалайсыз? Бұл сапардың ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
Расында да, соңғы жылдары екі елдің басшылары түрлі халықаралық алаңдарда жиі кездесіп жүр. Бірақ бір нәрсені нақты түсіну керек: ресми сапарлар мен екіжақты кездесулер – бұл мүлде басқа деңгей. Мемлекет басшыларының тікелей қатысуымен өтетін жоғары деңгейдегі кездесулердің саяси, экономикалық және символдық мәні әлдеқайда жоғары.
Сондықтан Қазақстан Президентінің Ресейге ресми сапары – ерекше мәнге ие. Бұл сапар Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың қазіргі жағдайын бағамдауға, жаңа бағыттарды айқындауға мүмкіндік береді. Екі ел арасында 250-ден астам келісімге қол қойылған, яғни құқықтық және институционалды база бар.
Маңызды жайт – Қазақстанның жаңа Сыртқы істер министрі өз қызметіндегі алғашқы ресми сапарын Ресейге жасады. Бұл, сөзсіз, екі мемлекеттің арасындағы өзара сенім мен жоғары деңгейдегі байланыстардың дәлелі. Бұл қадам алдағы сапардың нақты мазмұнмен толығатынын көрсетеді.
Осы сапардың нәтижесінде қандай өзгерістер болуы мүмкін? Жалпы, оның маңызы қандай деп есептейсіз?
Мен бұл сапарды өте маңызды деп санаймын. «Тарихи» деп те айтуға болар еді, бірақ бұл сөзді абайлап қолданғым келеді. Себебі қазіргі әлемдік жағдайда Қазақстан халықаралық қатынастар жүйесінде маңызды рөлге ие болып отыр. Елдің ұстанымы айқын, саясаты салмақты, ал Ресеймен байланыс – бұл стратегиялық тұрақтылықтың өзегі.
Менің ойымша, бұл кездесу екі ел арасындағы қарым-қатынастарды жаңа серпінмен дамытады. Әрбір мемлекетте шешуді қажет ететін мәселелер бар. Қазақстан мен Ресей арасында да кейбір техникалық немесе экономикалық сипаттағы қиындықтар кездеседі, мысалы, көлік және энергетика салаларында. Дегенмен, дәл осындай жоғары деңгейдегі сапарлар осы түйткілдерді шешудің ең тиімді алаңы бола алады.
Нәтижесінде Ресей сенімді серіктеске ие болмақ, ал Қазақстан өзінің транзиттік және хабтық рөлін нығайтады.
Қазір Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азияны, Араб елдерін, Парсы шығанағы мен Еуропаны байланыстыратын стратегиялық көпір рөлін атқарып отыр. Бұл сапар осы рөлді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп сенемін.
Сіздің пікіріңізше, екі елдің арасындағы байланыстардың беріктігі неден бастау алады?
Менің ойымша, мұнда екі басты фактор бар. Біріншісі – тарихи және мәдени жақындық. Қазақстан мен Ресей халықтарын ғасырлар бойы қалыптасқан әлеуметтік және мәдени байланыстар біріктіреді. Қазіргі заманғы саяси процестерді қанша өзгерткенмен, бұл терең тамырлы байланыстарды жоққа шығару мүмкін емес.
Иә, бүгінде жиі айтылатын «түркі бағыты», «орталықазиялық жол» сияқты ұғымдар бар, бірақ шындығында, қазақстандықтар мен ресейліктердің өмір салты мен менталитеті өте ұқсас. Бұл ұқсастық өткен ондаған жылдар бойы бірге қалыптасқан дүниетанымнан туындайды. Сондықтан да адамдар арасындағы өзара түсіністік пен рухани жақындық екі елдің ресми байланыстарынан да берік.
Екіншіден, Қазақстан соңғы 35 жылда Орталық Азиядағы ең тұрақты, прагматикалық және салмақты саясат жүргізіп келеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр шешімі аймақтың тұрақтылығына және көршілес елдермен өзара тиімді байланыс орнатуға бағытталған.
Сіз мәдениет пен туризм саласын да атап өттіңіз. Осы бағыттағы ынтымақтастықты қалай бағалайсыз?
Соңғы уақытта Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи әлеуеті жайлы әлеуметтік желілерде, TikTok-та және жалпы медиа кеңістікте көптеген оң материалдар шығып жатыр. Мен өзім де Қазақстанда туып, 18 жыл өмір сүріп, мектепті сонда бітірген адам ретінде көптеген жаңа жерлер туралы ақпаратты енді ғана біліп, оларды көргің келетінін сезінесің.
Мысалы, мен бұрын көрмеген, бірақ қазір әлеуметтік желілер арқылы танылып жатқан аймақтар бар – табиғаты ғажайып, тарихы терең жерлер. Мен өзімнің өмірімде солардың кейбірін көрмей қалғаныма таңғаламын. Қазір сол жерлерге баруға шынайы қызығушылық бар.