Өткен жылы елімізде вейп секілді темекі өнімдерін, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға , таратуға, сондай-ақ жарнамалауға тыйым салынды. Десе де, сарапшылардың айтуынша электронды шылым шегушілердің қатары азайған жоқ, есесіне көлеңкелі сауда артқан, деп жазады Egemen.kz.

Тыйым салу – мәселені шешпейді

Астанада өткен «Қазақстандағы темекі саясаты: деректер, қоғамның сұранысы және халықаралық тәжірибе» баспасөз конференциясында мамандар осы мәселені талқылап, «Стратегия» қоғамдық қорының сарапшылары 2023-2025 жылдарға арналған мониторингтік зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Зерттеуде электронды темекі және темекіні қыздыру құрылғыларын қолданушылардың пікірі, реттеу шараларына көзқарасы, жаңа технологиялар мен өнімдердің денсаулыққа, мінез-құлыққа және экономикаға әсері қарастырылған.

«Тыйым салу – шешім емес, проблеманы көлеңкеге жасыру. 2024 жылдың маусымында елімізде электронды сигареттерді әкелуге және сатуға тыйым салынды. Алайда нарық жоғалып кеткен жоқ – ол жай ғана сауда орнын өзгертті. Сауда Telegram интернет арнасы мен базарларға ауысты, ал бұл жерлерде бақылау жүргізу мүмкін емес», деді «Стратегия» қоғамдық қорының президенті Гүлмира Елеуова.

Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметіне сәйкес заң күшіне енген соң, 2024 жылдың екінші жартысында 200 мыңнан астам тыйым салынған құрылғы, ал осы жылдың алғашқы алты айында – 440 мың вейп темекі тәркіленген.

«Оларды өндіруге арналған алты бірлік техника тәркіленді. Тәркіленген өнімнің құны 1,8 миллиард теңгеден асты. 14 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық әрекет Telegram және WhatsApp хабар алмасу қосымшалары, сондай-ақ курьерлік қызметтерді қолдану арқылы жүзеге асырылған», делінген Агенттік хабарламасында.

Сарапшылардың айтуынша, көлеңкелі нарық 120 пайызға өсіп, ересек пайдаланушылардың жартысы әлі де вейп шегуді жалғастырып отыр. Электронды құрылғылардың үлесі темекі өнімдерінің апта сайынғы көлемінде 2022 жылғы 0,8 пайыздан 2025 жылы 10,1 пайызға өсті. Яғни тыйым сұранысты жойған жоқ, оны тек «көлеңкеге» ауыстырды. Сондай-ақ қоғамдық орындарда кальян шегуге 2020 жылдан бері тыйым салынғанымен, олар әлі заңсыз жұмыс істеп келеді.

«Нәтижесінде сұраныс төмендеген жоқ, темекі шегушілер саны азаймады, халық денсаулығы да жақсармады, тек мемлекет салықтан, ал азаматтар таңдау құқығынан айырылды. Мемлекет шынайы жағдайды елемесе, шындық өз бетінше өмір сүріп, мемлекетке бағынбайды. Тыйымдар тек көрініс жасайды, бірақ мәселені шешпейді», деп атап өтті «Стратегия» қорының жоба үйлестірушісі Азат Мұхамедиев.

Әлем зиянды азайту жолын таңдап отыр

Жалпы, электронды темекі қазір әлем елдерінің басты мәселесіне айналды. Әсіресе бұған тәуелді жасөспірімдер саны артып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, жасөспірімдердің АҚШ-та 20 пайызы, Ұлыбританияда 17 пайызы, Францияда шамамен 15 пайызы вейпті тұрақты пайдаланады.

Алайда бұл елдерде мұндай темекі түріне түбегейлі тыйым салынбаған. Мәселен, Ұлыбритания мен Жаңа Зеландия шектеуге емес, зиянды азайтуға басымдық береді, олар тыйым салудың орнына оны реттеуді жөн санайды.

«Бұл елдер ересек шылымқорларға дәстүрлі темекіден гөрі зияны аз баламаларға қолжетімділікті арттырып, нәтижесінде темекі шегу деңгейі мен оған байланысты аурулар айтарлықтай төмендеген», деп атап өтті А.Мұхамедиев.

Швецияда да бұл стратегия тиімді нәтиже көрсеткен. Никотин өнімдерін қатаң бақылаумен реттеудің нәтижесінде темекі тұтыну 5 пайызға төмендеп, ел іс жүзінде «темекісіз» мәртебесіне жетіп отыр.

«Дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қоғамды ақпараттандыру қажет, бұл толықтай тыйым салғаннан әлдеқайда нәтижелі. Швеция, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия саналы таңдау жасауға жағдай жасады. Сол себепті, азаматтары темекіні азайтты. Ал еліміздегі реттеу көбіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) қатаң ұстанымына сүйеніп, зияны аз өнімдерді кәдімгі темекімен теңестіріп, зиянды азайтуға қатысты деректерді елемейді. Салдарынан шылымның классикалық түрі – ең көп таралған өнім болып қала береді. Сондықтан еліміз тыйым салғаннан гөрі, ақпарат беріп, адамға саналы таңдау жасауға көмектескендердің тәжірибесіне назар аударғаны тиімді болар еді», дейді Г.Елеуова.

Еліміз 2006 жылдан бері темекіге қарсы күрес жөніндегі ДДСҰ-ның Рамалық конвенциясына қатысып келеді. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Статистикаға зер салсақ, ересектер арасындағы шылым шегу деңгейі 2014 жылы 22,4 пайыз болса, 2021 жылы 20,8 пайызға, ал 2024 жылы шамамен 20 пайызға ғана төмендеген. Алайда халық саны артқандықтан, шылымқорлардың жалпы саны 2,8 млн-нан 3 млн-ға дейін көбейген.

«Қазір елімізде шамамен 1 млн ересек адам түтінсіз өнімдерге ауысқан. «Стратегия» қорының 2023-2025 жылдардағы мониторингі көрсеткендей, біздің елдің азаматтары тыйым салуға қарсы, олар саналы таңдау құқығын талап етеді. Түтінсіз өнімдерге тыйым салуды халықтың 31,6 пайызы қолдайды. Ал 44,1 пайызы керісінше, қатаң тыйымдарға қарсы. Тыйым емес, реттеу керек деген көзқарас басым: 76 пайыздан астам респондент міндетті сертификаттау, таңбалау және сатуды 21+ жасқа дейін шектеуді қолдайды», деп мәлімдеді зерттеу қорытындысын Г.Елеуова.

Сарапшы А. Мұхамедиевтің айтуынша, тұтынушылар өзгеруге дайын, бірақ оларға ашық ақпарат пен қолдау жетіспейді. Қоғамда түтінсіз баламаларға және олар туралы сенімді ақпаратқа тұрақты әрі жоғары сұраныс бар. Ал бұл сұранысты елемеу – дәстүрлі темекінің позициясын күшейтіп, зиянды азайту мүмкіндігіне кедергі келтіреді.