Абайтану – ұлттанудың темірқазығы. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, С.Садуақасұлы сынды Алаш тұлғаларынан бастау алған, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Қ.Мұхамедханұлы, Ы.Дүйсенбаев, т.б. еңбектерімен жалғасып, Т.Әлімқұлов, А.Нұрқатов, М.Мырзахметұлы, Р.Сыздық, З.Ахметов, З.Қабдолов, Ж.Ысмағұлов, т.б ғалымдар зерттеуімен байыптала түскен абайтану жаңа белес­ке көтерілді. Аға буынның абыройлы жолын дамытып жүрген кейінгі ізбасар ғалымдар ішінде ҚазҰПУ-дың Абай ғылыми зерттеу институты директоры Жабал Шойынбет те бар.

Академик Серік Қирабаев осы ғалым туралы: «Жабал Абайдың 150 жыл­дығы ке­зінде дайындық тобының жұ­мысы­на белсене қатысып, ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуде тәжірибе жинақтап ысылды. Абай мұрасы жөнінде кейінгі буын ғалымдар арасында қай жағынан да оның пікір айтуға құқы бар», деп ой түюі бекер емес.

1976 жылы Абай атындағы ҚазПИ филология факультетінің тіл-әдебиет мамандығын бітіріп, еңбек жолын тарихи Созақ жерінде мұғалімдіктен бас­таған Жәкең ұлт болмысын тануға, қадір-қасиетін білу­ге ұмтылды. Осы соқ­пақ оны абайтану ғылымына алып келді. Жабал Алшынбекұлы 2004 жылы Абай қара­сөздерінен кан­­­дидаттық диссертациясын сәтті қор­ғады.

Бұл жөнінде ғалым: «Кеңестік идеология кезінде Абайды ислам дінімен байланыстыра зерттеуге рұқсат берілмейтін. Соның салдарынан Абайдың дінімізге деген шынайы көзқарасы жабық күйінде қалып қойды. Содан келіп қазақтың да, Абайдың да мұсылмандығы, исламға қатынасы мардымсыз деген жалған пікір қалыптасты. Бұл – ұлтымызға жа­ғылған күйе. Шын мәнінде қазақтың да, Абайдың да мұсылманшылығы өте терең. Мұны жай сөзбен емес, іспен дәлелдеп шығуға серт беріп, алдыма үлкен мақсат қойдым», дейді.

Еңбекқор зерттеуші Ж.Шо­йынбет 10 жылдан астам уақытын осы салаға сарп етіп, Абай қарасөздерінің ішкі мә­ніне үңіліп, ақынның хақ жо­лын­дағы кіршіксіз болмысы мен саф тұлға­сын ашып көрсетуге күш-жігерін, білі­мін, тәжірибесін жұмсады. Осылай­ша бұрынғы қасаң түсінікті сылып алып тастады. Ғылымның жаңа талапта­рын қолдана отырып, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген тұжырымдамасын айқындап берді.

Ж.Шойынбеттің жанкешті ең­бегінен оның ғылымға деген, хакім Абайға деген, түптеп келген­де, ұлтына деген адал да таза пейілі анық байқалады. Сонымен бірге та­бандылығын, қай­сар мінезін аңға­рамыз. Ғалым ұлы ақын мұрасын ғы­лыми-теориялық тұр­ғыда жаңаша зерттей отырып, діни ұғым­дарды ұғынықты тілмен түсіндірді, абайтануды бұрмаламақ болған жат пиғыл, ­зиянды көзқарасқа лайықты соққы берді. Егер оның бар тілегені ғылы­ми атақ алу ғана болса, диссертация қорғай сала, аяғын алшаң басып қам­сыз жүрер еді. Бірақ ол өйтпеді. Ол арды ойлап, «Ауырдың үстімен, же­ңіл­дің астымен жүрмей», Абайды өз идео­логиясына пайдаланбақ бол­ған небір миссионерлермен ғы­лым жөнінен айтысты. БАҚ-ты халық мүддесіне бұра алды.

Абайтанушы Жабал Алшын­бек­ұлы хакімнің 150 жылдығы аясында әзірленген академиялық екі том­ды­ғының жауапты шығарушылары қатарында болды. Ол бұл кезде Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титуты абайтану бөлімінің ғылыми қызметкері еді.

Ғылыми жетекшісі, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметұлымен бір­лесіп, мектепке «Абайтану» пәнін енгі­зуге күш-жігерін жұмсады. Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті факультеттерінде оқы­тылатын «Абайтану» курсына бастамашы болды.

Жабал Шойынбетті қазіргі рухани абайтану қорғанының сардары дей аламыз. Ол Абай мұхитына тереңдей түсті. «Абай – ұлт әдебиетіндегі, жалпы қазақ руханиятындағы болмысы бөлек дара тұлға. Ол – ақын ғана емес, хакім. Ол – өмірдің болмысы мен шындығын көркем бейнелеумен шектелмеген, шығармашылығы арқылы танымын, адамгершілік ілімін биікке көтерген ойшыл тұлға», деп тұжырымдады.

Өмірдің соқтықпалы жолында талай қиындық көрсе де, мойымай алға ұмтылған, 200-ден аса мақала жа­зып, мұнда халқымыздың рухани құн­дылықтарына Абай парасатымен қа­ра­ған, қиянатқа қасқайып қарсы тұ­ра білген күрескер азаматты рухани ке­ңіс­тігіміздің қырағы күзетшісі деуге болады. Ол өзінен кейінгі жас­тарды прак­тикалық абайтануға тарта білді. Жыл он екі ай бойы ақын мұрасын, ол туралы зерттеулерді на­си­хаттады. Тәуелсіздік құндылығы – Абай мұрасын терістегендермен аяу­сыз айқасты.

Бұған дәлел – Жабал Алшынбек­ұлының республиканың басты басы­лымдарында жарық көрген «Ұлт­­тық философияны ұйықтан кім шы­ға­рады?», «Қазақты, Абайды қорлап, док­торлық қорғамақ», «Жүке­шевтің бұл қай «далбасасы?», «Абайтану ма, веда­тану ма, әлде ұрпақ санасын у­лау ма?», «Ұлы­лар үндестігін кім қа­лай түсінеді?», «Ұлт рухына қауіп төн­­діретін кітап», «Қазаққа төре­лік айтатын сен кімсің?», т.б. мақа­ла­­ларын айтсақ жете­ді. Әрбі­­рінің мазмұнында Тәуелсіз­дік рухы аңғарылды. Кезінде оның ­бұл ма­қа­­лалары бүкіл қоғамға қоз­ғау сал­ған-ды. Ж.Шойынбеттің дәлелді фак­ті­лермен жазылған жанай­қайға толы жаз­балары ұлтымыздың бетке ұ­стар азаматтары­ның намысын жа­нып, «Оу, бұ қалай?» дегізіп, Абай әле­мін әлдекімдердің шабуылы­­нан сақтандыруға ықпал етті. Нәти­же­сінде, әділдік орнап, рухани құн­ды­лық­тарымыздың ең маңызды бө­лігіне қисын­сыз да теріс көзқарасын таңған, аяр­лықпен шабуылдаған топ су бетіне шығып қалды. Талмау тұстан сұғуға ың­ғайлаған сүңгісінің күл-пар­шасы шықты.

Жалпы, Абайды жат дінге, дұрысы бөтен пиғылды, қайдағы бір сектаға теліп, сондай-ақ оның болмыс-бітімін, тұлғалық қасиетін, ұстанымын мазақ еткісі келіп, білгенін істе­гендер Жабал Шойынбеттің ымырасыз күресінен соң, маскаларын шешті немесе келген жағына жылыстады.

Бұдан бөлек ғалымның табанды күресі рухани құндылықтарға сақ болуды, Абай мұрасын рухани «қызыл кітапқа» енгізуді дәйектеп, мем­ле­кетіміздің, тиісті орындардың бел­сенділігін, әлеуетін жарқырай көрсетті. Өйт­кені мемлекеттік органдар шы­рылдаған Жабал Шойынбет­тің үніне құлақ түріп, жедел әрекет еткен атал­ған мәселеде халықтың тіле­гімен үнде­сетін сауатты шешім шы­ғарып, ақ пен қараны айқын­да­ды. Бұл жолда Жабал Шойынбетті Тұрсынбек Кәкіш­ұлы, Қадыр Мырза Әлі, Мекемтас Мырзах­метұлы, Айгүл Ісімақова сынды арды ой­лаған жандардың қолдағанын айт­пай кету орынсыз. Сондай-ақ ға­лымның жанай­қайына үн қосып, Абай мұра­ларын арсыздықтан арашалауға ұм­­тылған қарапайым адамдардың бас­­­пасөз арқылы жеткізген шынайы ниет­­­тері де көңіл төрінде сақтаулы тұр.

Осы дау-дамайдың сарсаңы ғалым­ның жеке басына, жан жүйесіне оңай тиген жоқ. Талай таңды ұйқысыз атырды, талай күнді күрсініспен батырды. Түйсіксіздерге мәселенің мәнісін түсіндіремін деп жүйкесі жұқарды, санасына салмақ түсті, жүрегі ауырды. Бәрінен де оған тамыр-танысты арттырып, ықпалды азаматтардан қолдау көріп, орынсыз іс-әрекеттерінің жымын білдірмей іске асыруға бел шеше кіріскен қарсы топтағылар ішінде өз отандастарының болғаны қатты батты. Сондай-ақ сыңаржақтардың сөзіне білместікпен еріп, жағдайға үстірт қараудың салдарынан шатасқан ағайынның да бетін бері бұру оңайға соқпады. Өйткені «Айтылған сөз – атылған оқ» дейтін қазақ баласын теріс сөзінен бас тартқызу, алған бетінен қайтару қиын-ақ.

Қалай десек те, Жабал Шойынбет сан салалы еңбегі арқылы әрбір қазақ­ты Абай әлеміне ұқыппен қарауды үйретті. Сын сағатта қорғауға да бау­лыды. Мұны ұғатындар жыл санап көбейіп келеді. Де­мек, ғалымның төккен тері зая кетпеген.

Бүгінде Абайдан алғаны көп, тоқы­ғаны мол Жабал Шойынбет кәсіби қызметін орайымен жалғастырып келеді. Жалығатын түрі жоқ, қайта өр­­ше­лене алға басты. Адаспай ке­ле­ді. Өйткені ол Абайдың ізінен көз жаз­бауға бел байлаған. Кешегі алма­ғайып заманда алысқанмен алысып, тар­тысқанмен тартысып, елдің сөзін сөйлеп, азды-көп­ті ғұмырын ат үстінде өткізген, оң­түстік өңіріне белгілі тұлға болған, со­ңында өнегелі ісі, ұлағатты сөзі қалған, 1937 жылы тіршілікте дәмі таусылған Шойынбет бидің немересі Жабал Алшын­бекұлы – осындай жан. «Те­гіне тарт­қан» деген осы шығар. Ғалымның мұратану мұраты – асыл, бағдары да айқын.