15 желтоқсан «Дүниежүзі Түркі тілдері күні» (World Turkic Language Family Day) деп жарияланды. Мұндай шешім Өзбекстанда өткен Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының (ЮНЕСКО) ХХХХІІІ Бас конференциясында қабылданды.
Самарқанда өткен конференцияға 194 елден 5 мыңнан аса делегат қатысқан.
ЮНЕСКО жанындағы Түркияның тұрақты өкілі, елші Гюльнур Айбет 15 желтоқсанды Дүниежүзі Түркі тілдері күні деп белгілеудің маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, дәл осы күні VIII ғасырға жататын түркі тіліндегі ең көне жазба деректер – Орхон жазбалары алғаш рет оқылған. Сол себепті бұл түркі өркениеттерінің ортақ мәдени және рухани байлығын бейнелейтін тарихи сәт, бұған қоса халықтар арасындағы мәдени байланыс пен диалог орнатуға ықпал етеді.
– ЮНЕСКО түркі тілдерінің әлемдік күнін атап өту арқылы көптілділікке, мәдени алуандыққа және халықтар арасындағы диалогке деген өзгермес ұстанымын тағы да растайды, – деді Г.Айбет.
Негізі «Дүниежүзі Түркі тілдері күні» деп жариялау – Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның бастамасы. Самарқандағы жиында осы бастаманың жобасы қаралып, мақұлданды. ЮНЕСКО жанындағы Түркияның тұрақты өкілінің мәліметіне сүйенсек, қазір әлемде түркі тілдерінде 200 миллионнан аса адам сөйлейді, оларды ғасырлар бойы ортақ тарих пен құндылықтардан тұратын бай мәдени мұра байланыстырады.
Сенатор Дархан Қыдырәлінің айтуынша, елімізде алғаш Халықаралық Түркі академиясы 2014 жылы 18 мамырды «Түркі жазуы мерекесі» деп жариялады. Парламентте ресми шешім қабылданып, Астанада 2014–2020 жылдары тұрақты түрде осы күні арнайы жиындар, бас қосулар өткізіліп отырған. Сондай-ақ осы мерекенің аясын кеңейту мақсатында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде арнайы халықаралық іс-шаралар да ұйымдастырылған. Атап айтқанда, 2015 жылы «Қорқыт мұрасы және түркі тілдері», 2016 жылы «Жібек жолы бойындағы жаңа синергия», 2017 жылы «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты ауқымды жиындар өткен.
– Ал 2018 жылы өткен «Мәдени мұра: қадымнан болашаққа түркі тілдері» симпозиуымына алтай, қашқай, қарайым, құмық, ноғай, шор, тыва, хакас, саха, сары ұйғыр, хотон, гагауыз, башқұрт секілді тілдері жойылып бара жатқан тамырлас ұлт өкілдері қатысып, Парижде өз ана тілдерінде баяндама жасады. 16 мемлекеттің өкілдері мен танымал түрколог ғалымдар қатысқан жиын қорытындысында «Түркі тілдері мерекесін» атап өту туралы ұсыныс айтылып, оны Түркия ЮНЕСКО Ұлттық комиссиясының төрағасы, профессор Ожал Оғыз жүргізе бастады. Атаулы күнге Астанада аталып жүрген 18 мамырдан басқа дат ғалымы В.Томсен Орхон жазбаларын алғаш оқыған 25 қарашаны яки әлемге алғаш әйгілеген, жариялаған 15 желтоқсан күндерін белгілеу туралы ұсыныс түсті, – деді Д.Қыдырәлі.
Сенатордың айтуынша, бұған қоса ЮНЕСКО-да 2019 жылы «Ұлық ұлыс – Алтын Орда мұралары», 2020 жылы әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар, 2021 жылы «Білге Тоныкөк жазбаларының 1300 жылдығы», 2022 жылы да жаңа табылған Елтеріс Құтлық қағанның мұрасына арналған алқалы жиындар өткен.
– Құтлық қаған жиынын да дәл осы 15 желтоқсанға сәйкес ұйымдастырдық. Анкарада Білге Тоныкөк паркін аштық. Осы жиындардың барлығы да түркі тілдерінде өтті. Осы істі Öcal Oğuz басқаратын Түркия ұлттық комиссиясы аяғына дейін жеткізді. Енді біздің жазу тарихымыздың көнелігін айғақтайтын, 200 миллионнан аса халық сөйлейтін тілдерімізді жақындастыра түсетін, ырысты ынтымақтастыққа алтын арқау болатын, ЮНЕСКО ресми түрде мойындаған ортақ мерекеміз бар, – дейді сенатор.