Бас прокуратура қазақстандықтарды бос жұмыс орындары түріндегі тұзақтардан абай болуға шақырды. Ведомство алаяқтар құрбанына айналмаудың жолдарын атады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бас прокуратура жұмыспен қамту саласында қылмыскерлер белсенді әрекет етіп жатқанын ескертті.

Шетелдік дереккөздердің мәліметтеріне сәйкес, интернет-алаяқтар танымал платформаларда және әлеуметтік желілерде минималды талаптармен жоғары табыс ұсына отырып, жұмысқа орналасу туралы хабарландырулар жариялайды.

Жауап бергеннен кейін, іздеушілерге жалған сайттарға сілтемелер, жеке деректерді жинауға арналған сауалнамалар жіберіледі немесе зиянды бағдарламалық қамтылымы бар "жұмыс істеуге арналған мобильді қосымшаны" орнатуды ұсынады, бұл зиянкестерге банктік деректерге, мессенджерлерге және құрылғыны басқаруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар шетелде, оның ішінде Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде (Таиланд, Мьянма және т.б.) жұмыс істеу туралы жалған ұсыныстар да өзекті болып отыр.

Азаматтарды IT, модельдік, қонақ үй бизнесі саласында немесе call-орталықтарға жұмысқа орналасу түрімен шетелге әкету үшін жалдайды, онда олар еңбек және сексуалдық құлдықта болуы, қанауға және зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін. Кейбір жағдайларда зардап шеккендерді басқа азаматтарды мәжбүрлеп алдау немесе дене мүшелерін трансплантациялау схемаларында пайдаланады.

Қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін мыналар ұсынылады:

  • құжаттарды жібермес немесе қосымшаларды жүктемес бұрын жұмыс берушінің заңдылығын және сайттың мекен-жайын тексеру;
  • жұмысқа, оқуға немесе визаға ресімдеу үшін қаражат аудармау;
  • қосымшаларды тек Google Play, App Store ресми дүкендерінен орнату;
  • ресми шарт жасасқанға дейін жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері мен деректерін және банк карталарын ұсынбау;
  • қызметкерлерді іріктеу бойынша қызмет көрсететін делдалдың немесе агенттіктің заңдылығына көз жеткізу және агенттіктің тіркеу деректерімен шетелдік жұмыс беруші арасында жасалған шартты сұрату;
  • кез келген күмән туындаған кезде полицияға хабарлау.

Туысыңыз немесе досыңыз адам саудасының құрбаны болған жоқ па тексеріңіз:

  • әдеттегідей қоңырау шалған кезде бейне қоңырауға ауысуды ұсыныңыз. Егер ол бас тартып, "мүмкін емес" – деп байланысын үзсе, бұл дабыл сигналы, полицияға хабарласуды ұсынамыз;
  • бейне қоңырау кезінде мына сұрақтарды қойыңыз: "Қайда тұрғаныңды көрсет – сенің қаншалықты жайлы жайғасқаныңды көргім келеді"; "Жаныңда кім бар, оларды көруге бола ма?"; "Қазір қайдасын, бұл пәтер ме, жатақхана ма, үй ме?"; "Бүгін таңғы асқа/түскі асқа/кешкі асқа не берілді?"; "Телефонды қай жерде қуаттайсың?"; "Қасыңда розетка бар ма?"; "Терезеден қандай ғимараттар көрінеді, көшеге шыға аласың ба?"; "Бүгін демалдың ба?"; "Қай күндері демаласың?"; "Жалақы алдың ба?"; "Құжаттарыңды қайда сақтайсын?".

Бейнеқоңырау кезінде туысыңыздың не жақыныңыздың айналасындағы дүниелерге, қоршаған ортаға (бөлме, қойма, жатақхана), қасында әңгімені бақылап тұрған бөтен адамдардың болуына, жақыныңыздың дауыс екпініне, бет әлпетіне (қорқып тұрғандай көрінсе, камераға қараудан бас тартса) назар аударыңыз.

Егер жақыныңыз айналасын көрсетуден бас тартып, сөйлесуден қорқып, қысқа жауаптар қайырса – бәлкім оны бөтен адамдар бақылап тұр, мұндай жағдайларда полицияға хабарлауды ұсынамыз.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз