2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Мақсат еңбек адамын қоғамдағы орнын биіктету әрі жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруды көздейді .

Соңғы жылдары бүкіл әлемде жастар банк, бизнес, IT саласын алдыңы орынға қойса да, қоғамда жұмысшы мамандықтардың маңыздылығы бір сәтте де кеміген емес. Қазақстанда бұл мәселе өзекті болып тұр. Кәсіптік-техникалық маман тапшы. Қол еңбегімен айналысатын адамдар жетіспейді.

Осындай түйткілдерді шешу үшін Жұмысшы жылында мемлекет нақты реформаларды атқарып, еңбек адамдарын насихаттауды қолға алуы тиіс дейді, 45 жыл өмірін мұнай саласына арнаған зейнеткер Зорбай Бердиев Caravan.kz медиа порталының тілшісіне берген сұхбатта.

Кез келген халықтың экономикалық әлеуеті, әлеуметтік тұрақтылығы қарапайым еңбек адамдарынан басталады, дейді кейіпкеріміз.

Ол мұнай саласында электрші болып қызметкер болып, 63 жасында зейнетке шықты. Қазір оның екі ұлы да әкесінің ізін жалғап, осы қызметті жалғастырып келе жатыр.

Мұнай саласына қалай келдіңіз? Ең алғаш қызмет еткен сәтіңіз есіңізде ме?

— Мен 1981 жылы Маңғыстау облысының Ақжігіт деген елді мекенінен Жаңаөзен қаласына көшіп келдім. Ол кезде мен 25 жасар жігіт едім. Ол уақытта үйленгенмін, бірақ балаларымыз жоқ еді. Ол кезде дайын тұрған үй жоқ, сондықтан отбасымсыз өзім келгенмін. «Өзенмұнайгаз»-ға қарасты «Өзенэнергомұнай» деген мекемеге жұмысқа тұрдым. Электрмонтер, яғни электр жабдықтарының маманы болып жұмысқа тұрдым. Ол кезде қиындау болды. Жас маман болдым, тәжірбием де болған жоқ. Ол кезде үйден алып келген ескі-құсқы киімдермен жұмыс жасайтынбыз. Ол кезде қазіргідей арнайы форма, құрал-саймандар деген жоқ. Басында әрине өте қиын болды. Дегенмен көптеген жақсы ағаларымыз болып, солардың айтқанымен жүріп көп нәрсені үйрендім.

Сол кездегі жұмыс жағдайы қазіргімен салыстырғанда қандай еді?

— Ол кезді қазіргімен салыстыруға мүлдем келмейді. Қазір жұмыс жасайтындарға қызыға қараймын. Қазіргі қызметкерлерде арнайы киім, қыста болса қысқы, жаз болса жазғы киім дегендей. Біздің кездерімізде ондай болған жоқ. Қазіргі жағдай өте жақсы. Біз 1960 жылдардағы ескі құрылғылармен жұмыс жасадық. Сымдарды ауыстырғанның өзінде де ескілерді бір-бірімен жалғап қосып қоятынбыз. Үзілместей етіп қойғанмен ескінің аты ескі. Қазіргі таңда жөндеумен айналысқанда жұмысқа барып киіміңді киіп, операторға хабарласасың. Ал ол кезде жағдай мүлдем басқа еді. Одан кейін түскі кезде арнайы асханада тамақтанамыз. Ол кезде 1 рубль төлеп тамақтанатын едік. Ол кезде кезекке тұрасың, саған кезек жетемін дегенше тамақ суып қалады, ешкім саған ысытып бермейді. Ал қазіргі жағдай мүлдем басқа. Қазіргі қызметкерлер тіпті таңдап жеп жатады. Сондықтан да біз бастап жұмыс жасаған кез бен қазіргі жұмысты салыстыруға келмейді.

Егер уақытты кері қайтарсаңыз осы мамандықты қайта таңдар ма едіңіз?

— Әрине қайтадан таңдайтын едім. Осы қалаға келіп, мен өз орнымды таптым. Үйлі болдым, 3 ұлым мен 1 қызым осында өмірге келді. Осы қызметім арқылы үйлі болдым. Сондықтан да уақытта кері қайтарса да қайтадан осы мамандықты таңдайтын едім. Екінші ұлымның қолындамын. 11 немере, 2 жиенім бар. Сондықтан да уақытты қанша қайтарса да бәрібір осы мамандықты таңдар едім. Өйткені осы мамандығым арқылы өз бақытымды таптым. Енді арманым кемпіріммен бірге немерелерімнің қызығына тоймай, солардың үйлену тойларын көру ғана. Сұхбаттың соңында қосқым келетіні, егер адам еңбектенсе бақытқа да, шаттыққа да барлығына да жетеді. «Еңбек бәрін жеңбек» деп бекер айтылмаған.

— Сұхбатыңызға рақмет!