Бүгінде заңсыз платформаларды қоса алғанда, ойындарға қолжетімділік өте оңай.
Жарты миллион қазақстандық құмар ойынға тәуелді екені анықталды. Мамандар құмар ойынның жаңа толқынына алаңдаулы. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Қорқынышты статистиканы Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесі анықтады. Бұл өте алаңдатарлық көрсеткіш, себебі бүгінде заңсыз платформаларды қоса алғанда, ойындарға қолжетімділік өте оңай.
28 жастағы Амантай құмар ойынға салынып 10 миллионнан аса ақшасын жоғалтқан. Оның айтуынша, бастапқыда достарымен қызық үшін бастаған. Кейін дер кезінде өзін тоқтата алмайтын жағдайға жетіпті.
«Бастапқыда мың, бес мың теңгеден қоятынмын. Кейін достарымнан қарыз алып, бірнеше банктен несие, микронесиелер рәсімдедім. “Ұтылып жүрген жоқпын, бір күні бәрін қайтарып аламын” деп ойладым. Қазір қарызым 10 миллион теңге. Дәрігерге жүгіндім, қазір оңалту курсынан өтіп жатырмын», — дейді ол.
Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесінде елімізде жарты миллионға жуық адам түрлі құмар ойындарын тұрақты түрде ойнайтыны белгілі болды. Дерттің лотереядан бастап заңсыз онлайн-платформаларға дейінгі түрлері бар. Сарапшылардың айтуынша, құмар ойынға кіру үшін бүгінде смартфон немесе компьютердің өзі жеткілікті. Сондықтан тыйым салу шаралары мәселені шешпейді. Тәуелділікті азайтудың жалғыз жолы —профилактика, оны ерте жастан бастаған дұрыс.
«Әлі қалыптаспаған ми жеңіл жолмен табыс іздеуге бейім келеді. Сондықтан алдын алу жүйесін құру маңызды, бірақ ол формалды, көзбояушылық сипатта болмауы тиіс. Нағыз мамандар балалармен жұмыс істеп, дұрыс түсіндіру жүргізгені жөн, себебі маман ғана қажетті бағытты көрсетіп, нақты мәселелерге назар аудара алады», — дейді тәуелділіктен арылу бағдарламасының жетекшісі Артур Котенко.
Психологтардың пікірінше, құмар ойынға тәуелділік — мидың биохимиялық өзгерісімен байланысты ауру. Азарт ойындары кезінде дофамин тек ұтыс сәтінде емес, жеңіске деген үміт кезінде де бөлінеді. Уақыт өте келе бұрын қуаныш сыйлайтын нәрселер әсер етпей қалады, ал адам сол сезімді қайта табу үшін ойынға қайта оралады.
«Адам ұтылған сәтте күйзеліске түсіп, ағзада кортизол бөлінеді. Ал адам дофаминді қалай алуға болатынын біледі6 ол ойынға қайта барады, себебі ұтысты күту үмітінің өзі ләззат береді. Осылайша адам тұйық шеңберге түседі», — дейді психолог Анастасия Утинанс.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қатысушылардың басым бөлігі құмар ойындар туралы алғаш рет достарынан, әлеуметтік желілерден немесе тіпті өз отбасынан естіп білген. Сондықтан адам тәуелділіктің қауіпті екенін неғұрлым ерте білсе, құмар ойын дертіне шалдығу ықтималдығы соғұрлым азаяды.
Бұл ретте адамның құмарлығын одан әрі қоздыратын жарнамалар да тыйылар емес. Енді онлайн құмар ойындарды жарнамалаған қазақстандық блогерлер жазаланатын болады. Атап айтқанда, қазақстандық блогерлердің жарнамадан тапқан табысының 400%-ына дейін айыппұл салу және қомақты пайда тапқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылып отыр.
“Жыл басынан бері 37 блогердің онлайн құмар ойындарды жарнамалаған. Олардың кейбірі заң талаптарын «жүйелі түрде» елемейді. 18 блогерге қатысты материалдар уәкілетті органдарға жолданып, 4,4 миллион теңге айыппұл салынған. Үш блогерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді ведомство.
Қолданыстағы заңнама бойынша заңмен тыйым салынған қызметті жарнамалау тек әкімшілік жауапкершілікке жатады. Қолданыстағы заңда айыппұл мөлшері – 60 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін, яғни биылмен санағанда шамамен 235 мың – 1,5 миллион теңгеге тең.
“Мұндай айыппұл заңсыз казино жарнамасынан түсетін пайдамен салыстырғанда өте төмен деп есептейді және ол құқықбұзушылықтың алдын алуға жеткіліксіз”, – дейді Қаржы мониторингі агенттігі.
Агенттіктің негізгі ұсыныстары:
1.Әкімшілік кодекске жаңа бап енгізіп, заңсыз жарнама табысынан 200%-дан 400%-ға дейін айыппұл салу және табысқа тәркілеу шарасын қолдану;
2.Егер жарнама 1000 АЕК-тен (шамамен 3,9 миллион теңге) жоғары табыс әкелсе немесе азаматтарға, ұйымдарға не мемлекетке зиян келтірсе, қылмыстық жауапкершілік енгізу;
3.Егер табыс 5000 АЕК-тен (шамамен 19,6 миллион теңге) асса немесе ауыр зардаптар (өлім, суицид) болса, қатаң жаза қолдану.
Сондай-ақ жобаға қылмыстық топ болып, қайталап не қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып жасаған жағдайларды ауырлататын белгілер ретінде қосу ұсынылып отыр.