Астанада «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы: қазақстандық бизнес үшін мүмкіндіктер» атты конференция өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, табиғи монополиялар субъектілерінің, отандық тауар өндірушілердің, мердігер ұйымдардың және ЭКСЖ жеткізушілерінің 250 өкілі қатысты, деп жазады Egemen.kz.
Конференцияның пленарлық отырысын ашқан Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев инфрақұрылым сапалы болмай, экономикалық және индустриялық өсім, қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру мүмкін еместігін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында қордаланған инфрақұрылымдық мәселелерді кешенді түрде шешудің маңызын айтқан болатын. Осыған сәйкес былтыр желтоқсанда Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын бекітті.
Алдын ала есеп бойынша, жобаны жүзеге асыру үшін 5 жыл және одан да ұзақ мерзім қажет. Бұл кезеңде 86 мың шақырым коммуналдық желіні салу мен жөндеу және жалпы қуаты 7,3 гигаватт болатын қосымша генерация көздерін іске қосуға 13 триллион теңгеден астам инвестиция тартылмақ.
«Бүгінгі таңда қаржы институттары тарапынан ұзақ мерзімді және қолжетімді несиелеуді кедергісіз тартуды қамтамасыз ететін барлық қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды. Қазір біз Ұлттық жобаны іс жүзінде жүзеге асыру кезеңіне өттік. Биыл пилоттық режимде табиғи монополиялардың 48 субъектісі бойынша жалпы сомасы шамамен 144 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылуда», деді Қанат Бозымбаев.
Ұлттық жобаны іске асыру мақсатында «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің облигацияларын 22,5 миллиард теңгеге сатып алды. Сонымен қатар Қазақстанның Даму Банкімен де бірлескен жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда пилоттық жобалар бойынша сараптамалардың аяқталуына аз қалды.
Халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер белсенді жүріп жатыр. Мәселен, Еуропалық қайта құру және даму банкі Ақтөбе облысында кәріз-тазарту құрылыстарын салу жобаларын іске асыруда. 2025 жылдың соңына дейін келесі жылға қажетті қаржыландыру көздері айқындалып, сатып алу және жобалау рәсімдері басталады.
«Қаржыландыру бюджет, нарықтық көздер, оның ішінде халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаттары мен тариф есебінен іске асырылады, тарифтің жоспарлы әрі біртіндеп өзгеруі де қарастырылады. Ұлттық жоба аясында халықаралық тәжірибеге сәйкес келетін жаңа сатып алу рәсімдерінің тетіктері енгізіледі. Жобаларды EPC-мердігерлері жүзеге асырады немесе жобалау мен құрылыс барысында консорциум құрылады», деді Қанат Бозымбаев.
Жиында отандық тауар өндірушілерді дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бюджет кірісін арттыруға жол ашады.
Түсіндіру жұмыстары аясында екі панельдік отырыс және пікірталас сессиясы өтті. Бірінші отырыста техникалық оператордың рөлі мен қаржыландыру құралдары талқыланса, екіншісінде жаңартылатын энергетика саласындағы жобалар таныстырылып, отандық жеткізушілерге ашылатын мүмкіндіктер айтылды. Пікірталас сессиясында ұлттық жобаны нарық тұрғысынан жүзеге асыру кезіндегі өзекті мәселелер қаралды.
Конференцияның басты тақырыптарының бірі бизнес-процестердің ашықтығы болды. Жұмыстардың мерзімі мен сапасын қадағалау ұлттық жобаның электрондық платформасында цифрландыруды қолдану арқылы, сонымен қатар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қамтамасыз етіледі.