Халықаралық рейтингтерде Қазақстан жол сапасы бойынша әлі де төмен орында. Мысалы, кей деректер бойынша 93-ші орын, ал кейбірінде 106-шы орынға дейін түседі.
15 қыркүйектен бастап ел жүргізушілері үшін маңызды жаңалық күшіне енді. Бұл ереже расымен де өзгерістер алып келеді ме? Сапасыз және нашар жолдар үшін жүргізуші ақы төлеуге құқылы ма? Caravan.kz медиа порталы тақырыпты жалғастырады.
Қазір республикадағы республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 25 мың шақырым, соның ішінде шамамен 4 760 шақырымы ақылы болып саналады. Барлығы 25 учаске қамтылған. Биыл жүргізушілер ақылы жолдармен 32 миллионнан астам рет жүрген. Жеңіл көліктер үшін жылдық абонементтің құны 1 АЕК немесе шамамен 3 932 теңге.
«Жолдың жағдайы сұмдық. Мұндай жолға төлеудің қажеті жоқ», – дейді жүк көлігінің жүргізушілері.
«Жол сапасы нашар. Шұңқырларды айналып өтесің, апатты жағдайлар өте көп», – деп толықтырады олар.
Жаңа норманың арқасында енді осындай бүлінген учаскелер үшін төлем жасалмайды. Бұл ереже жаз бойы талқыланып, енді күшіне енді.
«Мысалы, 100 шақырым жол бар делік, оның 5 шақырымына ақау тіркелсе, автожол пайдаланушысы тек 95 шақырым үшін ғана төлейді. Барлық жұмыс автоматтандырылды, ешкімге ештеңе дәлелдеудің қажеті жоқ», – деп түсіндірді жол қызметінің ресми өкілі Ляззат Стамғазиева.
Ақауларға қауіпсіз қозғалысқа кедергі келтіретін барлық нәрсе жатады, атап айтқанда: шұңқырлар, жарықшақтар, жабындының бүлінуі. Жолдардың жай-күйін жол қызметтері күніне кем дегенде екі рет тексереді. Проблемалы учаске туралы кез келген жүргізуші хабарлай алады. Ол үшін қысқа 1403 нөмірін теру жеткілікті.
Алайда көп жүргізуші қауіпсіздік тек шұңқырлардың жоқтығымен шектелмейді, трассадағы малдан қорғау да маңызды деп есептейді.
«Сол Көкшетау трассасында автобанда кетіп бара жатқанымда, бұзауды қағып кеттім. Ал бұл жағдайға жол қызметі, жануарлар жүреді, иә. Бізде жүреді. Олар қоршаулардан секіріп өтеді, оған біз әсер ете алмаймыз деп жауап берді. Неге ҚазАвтоЖол трассадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді? Біз ақысын не үшін төлейміз», – дейді блогер Валентина Велика.
Айта кету керек, жол жөнделген соң, ол үшін қайтадан толық төлемақы алынатын болады. Жиналған қаражат жолдарды күтіп ұстауға – жөндеу, тазалау, техника мен жол қызметкерлерінің жалақысына жұмсалады.
2024 жылы ғана ақылы жолдардан мемлекетке шамамен 48 миллиард теңге түскен. Бұл бюджетке түсетін салмақты азайтып, жолдардың өзін-өзі ақтауына мүмкіндік береді, деп сендіреді министрлік.
Сонымен қатар, жол сапасын бақылау жүйесі де жетілдірілуде. Республикалық автомобиль жолдары желісінде 100% сараптама жасалған, жергілікті жолдар желісінде бұл көрсеткіш 99%-ға жеткен. Дегенмен, халықаралық рейтингтерде Қазақстан жол сапасы бойынша әлі де төмен орында. Мысалы, кей деректер бойынша 93-ші орын, ал кейбірінде 106-шы орынға дейін түседі.
Биыл жаңа ақылы жолдар ашылмайды. Шенеуніктер суық түскенге дейін ел бойынша 13 мың шақырымнан астам жолды пайдалануға беріп үлгеруді көздеп отыр.