Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Сорбұлақ мәселесін көтеріп, оны үкіметтік деңгейде қолға алу керек екенін жеткізді. Депутат кәріз сулары жиналатын көл мәселесін шешу жолдарын ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Данияр Қасқарауов 37 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Сорбұлақ мәселесі халық денсаулығына, экологияға және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіріп отырғанын айтты.
"Жылдар бойы айтылып жауыр болған, бірақ әлі күнге дейін шешімін таппаған Сорбұлақ мәселесін бүгін тағы көтеруге мәжбүр болып отырмын. Кәріз сулары жиналатын бұл көл Алматы облысы Іле ауданында орналасқан. Алматы қаласының қалдықтары төгілетін шұңқыр 37 жылдан бері жергілікті тұрғындардың тынысын тарылтып отыр. Халық шулап, экологтар қанша дабыл қақса да, жергілікті биліктің бұл мәселені шешуге құлқы жоқ. Әсіресе жаз мезгілінде Сорбұлақтан шыққан жағымсыз иіс жан-жаққа таралып, жақын маңдағы ауыл-аймақты түгел тұншықтырып жатыр. Бұл бірінші мәселе.
Екіншіден, Сорбұлақ көліндегі су құрамында зиянды химиялық заттар, ауыр металдар мен органикалық қалдықтар бар. Мұны шілде айында жүргізілген зерттеу нәтижесінен көруге болады. Мендегі мәлімет бойынша судың құрамында 31 түрлі химиялық заттар мен ауыр металдар бар екен. Сорбұлақ маңында тұратын халықтың денсаулығына зиян келіп жатыр деп айтуға толық негіз бар", — деді депутат.
Оған қоса Қасқарауов Сорбұлақ мәселесі уақытылы қолға алынбаса, соңы үлкен экологиялық апатпен аяқталуы мүмкін екенін жеткізді.
"Үшіншіден, Сорбұлақтың сыйымдылығы шамамен 1 млрд текше метр. Алматының конгломерациясы өскен сайын, кәріз суы көбейіп жатыр. Тиісінше, Сорбұлақ та тола бастады. Қазір 750 млн текше метр су жиналған. Нөсерлі жауын-шашын, көктемгі су тасқыны немесе зілзала болса, Сорбұлақ арнасынан асып кетуі мүмкін. Бұл үлкен экологиялық апатқа әкеп соқтырмақ", — деді ол.
Мәжіліс депутаты осы тұрғыда өз сауалында Сорбұлақ проблемасын шешу жолдарын да айтты:
- "Бірінші. Сорбұлақ суын, құрамын, деңгейін, қауіптілігін тексеретін мемлекеттік комиссия құру қажет. Оның құрамына экологтарды, осы саланың мамандарын, сарапшыларды және тәуелсіз зертхана өкілдерін қосу керек. Себебі су құрамы мен қауіптілігін анықтаумен "Алматы су" мекемесінің өзі айналысып жүр. Бұл көл осы мекеменің балансында болған соң , оларды обьективті қорытынды шығармайды, өз қолдарын өздері шаппайды.
- Екінші. Республикалық бюджеттен қаражат бөліп, кәріз суларын тазартатын заманауи станциялар салу керек. Лас қалдықтарды сүзгіден өткізіп барып, Сорбұлаққа құю қажет. Сол кезде сасық иіс жоғалып, тұрғындардың тынысы ашылады.
- Үшінші. Сорбұлаққа жұмсалған қаражаттың жұмсалуын тексеріп, мемлекеттік аудит жүргізу керек. Өйткені Сорбұлақты тазартамыз деп талай жоба басталып, бәрі аяқсыз қалды. Бөлінген қаржы көлемі мен қалай игерілгені туралы мүлдем ақпарат жоқ.
- Төртінші. Сорбұлақ суын ортайтып, тиімді пайдалану үшін Су шаруашылығы және иррегация министрлігі бірлесіп, жоба дайындау керек. Қажет болса, канал салып, суды ауыл шаруашылық мақсатында пайдалануға болады. Осылайша Алматы облысындағы суармалы жердің көлемін арттырып, шаруаларға жағдай жасаймыз", — деді Қасқарауов.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз