Елдегі өңдеу өнеркәсібі қарқынды түрде цифрландырылып жатыр. Өндірістік процестерді автоматтандыруға, деректерді талдауға және модельдеуге арналған шешімдерді пайдалану ауқымы кеңейіп келеді
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Цифрлық құралдарды (өндірісті автоматтандыруға арналған CRM, MES, ERP, CAD және т. б.) қолданатын кәсіпорындардың үлесі 2022 жылы 12,9%-дан 2024 жылы 19,2%-ға дейін өсті. Биылғы жылғы жоспар — 23%.
Өнеркәсіптік заттар интернетін (IIoT) 2023 жылы 21 кәсіпорын қолданса, 2024 жылы бұл сан 72-ге жетті. Бұл — өндірісте сенсорлар, RFID белгілері мен деректерді автоматты түрде жинайтын жүйелер әлдеқайда жиі қолданыла бастағанының дәлелі.
Бұған мысал ретінде Жезқазғандағы мыс кенішін айтуға болады. «Жомарт» шахтасы 80 пайыз цифрландырылған, яғни әр шахтерге арнайы чип беріледі. Бұл олардың жер астындағы қимыл-қозғалысын анықтау үшін қажет.
— Сала мамандары осы жылдың сәуір айынын бері өз саламыздағы технологияларды трансформациялауды бастадық. Әрине бірінші кезекте цифрландыру бағытына көп көңіл бөлеміз, себебі бұл — заман талабы. Жүйені толыққанды цифрландыру бізге көп мүмкіндікке жол ашады. Бұл біріншіден уақыт үнемдеу үшін қажет. Екіншіден әр жерді қаза бермей, сандық форматта қай жерде мыс бар екенін анықтап, одан кейін іске кірісеміз. Осылайша қазатын жердің 3D моделін жасап шығарамыз. Ал, кейін осы сызба бойынша шахтерлер іске кіріседі, — дейді компания өкілі.
Бүгінде ірі деректерді талдау технологияларын қолданатын кәсіпорындар саны 10-нан 18-ге дейін өсті. Өнеркәсіптік роботтарды қолданатын кәсіпорындар саны үш есе өсіп, 17-ден 48-ге жетті.
— Министрлік тарапынан өңдеу өнеркәсібінің цифрландыруды қолдау үшін бірқатар шара жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі — технологиялық аудит. Оның нәтижесінде кәсіпорындар жағдайдың талдауын, ұсынымдар мен цифрландыру жөніндегі жол картасын алады. 2021 жылдан бастап 80-нен астам орта өнеркәсіптік кәсіпорынға цифрлық трансформация бойынша ұсынымдар әзірленді, — дейді жауапты ведомстводан.