Темекі мен арақ-шарап тұтынатын адамдар да абай болғаны жөн.

Биылғы 18 шілдеде ресми жарияланған жаңа Салық кодексі тек 2026 жылғы 1 қаңтарда күшіне енетіні белгілі. Оған сәйкес, Қазақстан тарихында алғаш рет "салтанат салығы" қолданысқа енгізіледі.

Әрине, бұл – бейресми атауы. Кодекстің өзінде "салтанат салығы" деген жеке ұғым жоқ. Бірақ келесі жылдан бастап, ауқатты адамдар ғана сатып алатын, құны тым жоғары өнімдерге қатысты акциз қолданылады.

Тиісінше, жаңа құжатта жеке тұлғалардың мүлкінің жекелеген санаттарына салық салуға қатысты жаңа ережелер бекітіліп отыр.

Салық кодексінің 537-ші бабына сәйкес, 2026 жылдан бастап, салтанат салығына іліккен заттар:

• Қымбат жеңіл автомобильдер – сатып алу бағасы 18 000 АЕК-ті (2026 жылы 1 АЕК 4 325 теңге болады деп күтілуде, демек – 77 850 000 теңгені) құраса және одан асса, қожайыны оның сатып алынған құнының 10%-ы көлемінде акциз төлеуге тиіс болады;

• Кеме-яхталар (елімізде және шетелде орналасқан) сатып алу бағасы 24 000 АЕК (2026 жылы – 103 800 000 теңге) болса және одан асса, оның сатып алынған құнының 10%-ы көлемінде акциз төлеуге тиіс;

• Ұшақтар (жеке меншіктегі) сатып алу бағасы 24 000 АЕК (103 800 000 теңге) және одан жоғары болса, оның сатып алынған құнының 10%-ы көлемінде акциз төлеуге тиіс;

• Жылжымайтын мүлік (Қазақстандағы және шетелдегі 1 меншік иесінің иелігіндегі тұрғын үй, коттедж, пәтер, вилла, ғимарат және басқасының) жиынтықты құны 450 миллион теңге және одан жоғары болса, жалпы құнның 2%-ы көлемінде салық төлеуге тиіс;

• Алкоголь өнімдері – құны литрі үшін 500 мың теңгеге асатын алкоголь өнімін импорттаса, құнының 10%-ы көлемінде акциз төлеуге тиіс;

• Темекі өнімдері (сигара) – 1 талының бағасы 10 000 теңге және одан көп болса, оның құнының 10%-ы көлемінде акциз төленуге тиіс.

Жылжымайтын мүліктің құны қалай анықталады?

Жеке тұлғаларға салық салу мақсатында жылжымайтын мүлік объектілерінің құнын "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясы есептейді. Бұл ретте "Учет.kz" сарапшыларының түсіндіруінше, әдетте мемкорпорация анықтаған құн нарықтағыдан айтарлықтай төмен болып келеді.

Тұрғын үйлерді және саяжайлық объектілерді бағалау кезінде салтанат коэффициенті (коэффициент роскоши) пайдаланылады. Ол бірге тең.

Жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар жергілікті елді мекен үшін салтанат коэффициентін бекіткенде, оны тұрғын үй санатына қарай 50%-дан аспайтын көлемге тағы арттыруға құқылы.

Жылжымайтын мүлікке салық салу тәртібі келесідей: салықшылар (Мемлекеттік кірістер комитеті) мемкорпорация бағалауына жүгіне отырып, Қазақстанның әрбір азаматының, әрбір резиденттің меншігіндегі барлық жылжымайтын мүлік объектілерін анықтап, олардың жалпы құнын шығарады.

Егер 1 тұлғаға тиесілі барлық нысанның жалпы құны 450 миллион теңгеге жетсе немесе одан асса, оның жалпы сомасының 2%-ы мөлшерінде салық есептеледі.

Мұнда салықтың ең төменгі сомасы 2 946 600 теңгені құрайды. Бұған 450 миллион теңге межесінен асқан әрбір соманың 2%-ы көлемінде қосымша ақы қосылады. Бұл тараптағы салтанат салығы осындай.

Егер бір азаматтың меншігіндегі барлық нысанның жалпы құны 450 миллионға жетпей қалса, онда мүлік салығы әрбір объектіге жеке-жеке салынады. Мұнда барлық азаматтар үшін бекітілген ортақ ставкалар мен коэффициенттер қолданылады.

Алайда мұндай сән-салтанат заттарын ала алатын тұрғындар саны өте аз: ресми мәлімет бойынша небары 3,3%.

Ranking мониторинг агенттігінің сарапшылары Қазақстанда кедейлер мен байлардың табыс айырмашылығы барған сайын алшақтап, "жер мен көктей" болып бара жатқанына назар аудартты.

"Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда экономикалық теңсіздік жағдайы оңала қойған жоқ. Бұған халықтың ең кедей 10%-ы мен ең ауқатты 10%-ының табысы бойынша жасалған статистикалық деректер дәлел. 2019 жалдан 2023 жылды қоса алғанға дейін бұл екі топтың табыс алшақтығы 5,9–6 есе болса, өткен жылы рекордтық 6,2 есеге жетті", – деді агенттік сарапшылары.

Бір қызығы, ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) мамандары барынша қамтамасыз етілген "ауқатты" адамдар қатарына ай сайын 181,3 мың теңгеден 1,6 миллион теңгеге дейін табыс табатын қазақстандықтарды да қосып қойыпты. Кірісі одан көптері – байлар.

Қалай алғанда, Қазақстанда табыстың көп бөлігі аз шоғыр топқа ғана тиесілі. Мысалы, статорган дерегінше, елдегі ауқатты санаттағы 10% қазақстандық елдегі жалпы табыстың төрттен бірін – 24,1%-ын басыбайлы иеленіп отыр.

Бірақ бұл жерде "шынымен де 181,3 мың теңге айлық алатын адамды ауқатты деуге бола ма?" деген сұрақ туады. Егер оларды ауқаттылар қатарынан шығарып тастаса, онда осы 10%-дың ішінде нағыз дәулеттілердің үлесі қатты азайып қалады.

Ұлттық статбюро дерегінше, 2025 жылғы бірінші тоқсанда Қазақстан халқының орташа айлық табысы келесідей болды:

• Орташа айлық жалақысы 0–51,9 мың теңге аралығындағылар, үлесі – 4,1%,

• Орташа айлық жалақысы 51,9–60,5 мың теңге аралығындағылар, үлесі – 5,3%,

• Орташа айлық жалақысы 60,5–68,4 мың теңге аралығындағылар, үлесі – 6,1%,

• Орташа айлық жалақысы 68,4–77,7 мың теңге аралығындағылар, үлесі – 6,9%,

• Орташа айлық жалақысы 77,7–87,2 мың теңге аралығындағылар, үлесі – 7,8%,

• Орташа айлық жалақысы 87,2–99,9 мың теңге аралығындағылар, үлесі – 8,8%,

• Орташа айлық жалақысы 99,9–116,7 мың теңге аралығындағылар, үлесі – 10,1%,

• Орташа айлық жалақысы 116,7–138,2 мың теңге аралығындағылар, үлесі – 12%,

• Орташа айлық жалақысы 138,2–181,3 мың теңге аралығындағылар, үлесі – 14,9%,

• Орташа айлық жалақысы 181,3 мың теңгеден жоғарылар, үлесі – 24,1%,

Қазақстандағы ауқатты азаматтардың саны шамамен қанша екенін анықтаудың тағы бір тәсілі – барлық жалдамалы жұмысшыларды айлық көлеміне қарай бөлу.

Сонымен, ҰСБ деректеріне сәйкес 2024 жылдың қорытындысында 1 миллион теңгеден көп жалақы алатын қазақстандықтардың үлесі 3,3%-ды немесе 112,1 мың адамды құрады.

Айлығы 100 мың теңгеге де жетпейтін кедей қазақстандықтардың саны бұдан бес есе көп: 210,6 мың адам, яғни, жалдамалы жұмыскерлердің жалпы санының 6,1%-ы.

Елде ең көп үлесті 100 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейінгі аралықта айлық алатындар (23,9%) және 200 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін табысы барлар (23,2%) құрады.

1 млн теңгеден көп айлық алатындар қайда істейді?

Мысалы, қаржы және сақтандыру қызметі саласында осындай жалақыны жалдамалы қызметкерлердің 13,9%-ы, ал, ақпарат және байланыс секторында – барлық қызметкерінің 12,6%-ы алады.

Сондай-ақ кәсіби, ғылыми және техникалық қызметпен айналысатын компанияларда да мұндай еңбекақы алатындардың үлесі жоғары – 10,1%. Шенеуніктер арасында айлығы 1 млн теңгеден асатындар аз: бар болғаны 0,7%, негізінен басшылар.

Айлығы 100 мың теңгеге де жетпейтін ең төмен жалақы алатын қызметкерлердің көп саны әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында (18,4%) және ауыл шаруашылығы секторында (12,2%) істейді.

Экономиканың көп саласында ең жиі кездесетін жалақы мөлшері 200 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейінгі аралықта ғана. Яғни, кейінгі онжылдықта, сарапшылардың байламынша, Қазақстан халқы негізінен сол бойы байымады.