Дастарқан басы. Ортақ әңгіме туындай қойған жоқ. Сол сәтте төрде қатар отырған екі кісінің өзара әңгімесін бәріміз еркін естіп отырдық.
– Балаңыз оқуын тастап кетіпті деп естідім ғой... – деді бірі екіншісіне.
– Иә, сөйтті. Он бір жылдықты бітірген соң «өлем, Алла» деп, түскен оқуы еді...
– Біздікі де жарытпады, екінші курстан кейін оқуына қайыр-қошын айтты. Сіздің бала біздікіне қарағанда оқу-білімге алымды еді ғой. Содан бірдеңе шығады, талабы таудай деп үміт ететін едік...
– Қайтемін енді... Балам ҰБТ-ға талмай дайындалып, жоғары ұпай жинап, грант ұтып алып, бәріміз ерекше қуанып едік, соңы осылай болды. Таңдап-ақ түскен оқуы-тұғын. Қалаған мамандығы да жақсы еді...
– Біздің бала ҰБТ-ны жарытпады да, жинаған балы жеткен, бәсі төмен университеттің біріне қайдағы бір мамандық бойынша оқуға түсе салды ғой. Оның бар мақсаты – үйден, ауылдан кету, қала көру.
– Бұрын оқудан шығып қалу шыңнан құлағандай-тын, трагедия саналатын. Ал қазір оқуды тастап кету сәнге айналды.
– Айтпаңыз... Талайлар мемлекеттік грантты тегін майшелпек көреді...
– Иә, қалаған кезінде қоқысқа лақтырып кете салатын сұраусыз бұйым сияқты болып тұр ғой мемлекеттік грант дегенің... Балаңыздың уәжі не?
– Оқуды бітіріп, диплом алғанмен жұмыс табу қиын, табылғанның өзінде айлығы шайлыққа жетпейтін мардымсыз болады дегенді айтады. Құр босқа әуреленіп диплом алып, оны сандыққа салып қойғаннан пайда жоқ көрінеді. Одан да қазірден оны-мұны жұмыс істеп, ақша тапқанды жөн санап отыр.
– Сіздің бала не дейді?
– Оның уәжі де сіздің балаңыздікіне ұқсас... Бүгінде басқасын айтпағанда, талапты жасты мамандық алу, білім қуу жолынан «ақша табу» деген ашкөз, жылмақай пиғыл тайдырып тұр. Негізі, оқимын деп шын талаптанған балаға ата-анасы барын сатса да, жағдай жасайды.
– Баламды қаржыдан тарықтырғаным жоқ. Бәрібір оқуын тастап, ақша қуып кетті. Оқуыңнан қол үзбе деп қанша зарласам да, қаржы таба бастаған неме дегеніме көнбеді. Зіңгіттей жігітті қалай сабайсың?.. Үйге азын-аулақ ақша жіберіп мені де, шешесін де жібітіп алды ақыры.
– Бүгінде көп жастың араны ашылып кеткен. Әке-шешесінің беретін пұлын місе тұтпайды. Тұтыну қабілеттері сұмдық. Ақша үшін бірі таксиші, бірі құрылысшы, бірі даяшы, бірі «доставщик», тағы басқадай жұмыс істеп безілдеп жүр, түскен оқуын ысырып тастап.
– Олар басында оқу мен жұмысты қатар алып жүремін деп ойлайды, кейін оның қиындығына төзбейді. Ақырында нәпақа табу жолын таңдап кете барады. Шіркіндердің көбісі арзымайтын жылтыраққа, бостекі, өздеріне маңызды көрінетін қызмет түрлерін тұтыну үшін төлейтін ақшаға бола білім қуатын, мықты мамандық иеленуге таптырмайтын дер шағын өткізіп алатынын білмейді ғой.
– Қалай дегенде де мемлекеттің қаржысына обал-ақ. Жастарымыз оқысын, білім алсын деп бөлген қаржыны желге шашқандай...
– Мемлекетке артылар кінә – оқу бітіріп, мамандық алған жастарға айлығы жоғары жұмыс тауып беру ісіндегі осалдығы. Осы үшін мемлекетті жазықты етіп, білгенімізді істеп жүргеніміз қалай?
Ел ішінде, ағайын арасында осы мазмұндас әңгіме жиі қозғалады. Мемлекеттің ақшасы – халықтың қаржысы. Оған өзіміз тапқан ақшадай жанашырлықпен қарамасақ, адамдығымыз қайсы?
Кезінде білім қуу, бір мамандық иесі атану үшін ізденуді қаламаған жас ертең жаны сүймейтін, көңілі шаппайтын істі күнкөріс көзі етуден басқа жол таппайды. Бүгін білім жолын тәрк етіп, жас өмірін, жігерін сарқып тапқаны ертеңге азық болар-болмасы белгісіз. Бір белгілісі – белі бүгіліп, қуаты әлсірей бастағанда Абай атамыз айтқандай, «...Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы, Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?..» деп өкінеді.
Ең бастысы, ұлтымыз білім-ғылымның жолында ұтылып, шаң қауып қалмауы керек. Бұл қателік кешірілмейді. Жастарымыз жол-жөнекей кезігіп, көзді арбаған арзанқол жылтыраққа үйірсек болмай, келешекте қызығын елі де, өзі де көретін білім-ғылымды іздеуде төзімділік танытса, қанеки.